Киелі мекен — Шиелі екен

Ежелгі Сыр – сонау Бегапаттан бастап Фараб пен Яссы, Сығанақ пен Бестам, Ташкент пен Жент, бір кездегі көк теңіз Хазар немесе қазіргі Арал теңізіне дейінгі ұлы алқаптың бүкіләлемдік жылнамада өзіндік орны, өзіндік тарихы бар екені даусыз.
Бүкіл Қыпшақ даласының түстігіндегі Сейхун мен Жейхунның (Әму мен Сыр) жағасында небір ғұламалар мен батырлар, данагөй әулиелер өткен. Сонау бір мыңыншы ғасырда-ақ тарихта қыпшақ даласының Гаваны аталған Сығанақ қорғанының, Х-ғасырда Оғыз хан мен Оқшы батырлар өмір сүрген әйгілі Бестам қаласының, Түркістандағы Яссауи кесенесіне дейін ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі қыпшақтарының бегзат азаматтарын жерлейтін паньтеон болған. «Оқшы ата» әулиелер мазарының, Афрасиаб заманынан келе жатқан мортықтар мен обалардың, біздің дәуірімізден бұрын Сейхун дарияның арнасы болған Нәнсайдың осы Шиелі жерінде болуының өзі бізге көп жайды аңғартса керек. Шиелі аумағында бұдан басқа қаншама қасиетті жерлер мен белгілер бар. Жүніс әулие, Бақты ата, Қабыл ата кесенелері мен Ақбикеш, Ақ сүмбі белгілері, кейін келе бой көтерген Қызыл там, Жөлек қорғаны, ата-бабамыздың қолымен тұрғызылған.
Бестамның тұсынан дарияның үстіне кілем төсеп, қобызын сарнатып, қазіргі Қорқыт бекетіне жеткенде дүние салады деген-де аңыз бар. Сонау Жәнібек пен Керейге ренжіп, Желмаясымен жерұйық іздеп, ең соңы Шиелі жеріне жетіп дүние салған Асан ата (Асан қайғы) кесенесі Шиеліден 18 км жерде, темір жол бойында тұрса, Қыш күйдіретін завод соғып, Сығанақ пен Бестамның құрылысына қыш дайындаған. Қыш ата мен Ғайып-тағыны болжайтын, көріпкел әулие болған Ғайып аталар мүрдесі осы Шиелі жерінде жатыр. ХҮІ ғасырдан бері қазақтың, қазақ өмірінің Гимні атанған «Елім-ай» әні осы Шиеліден, Шиелінің Қаратауынан, соның етегіндегі Бестамда өмірге келген. Қазіргі Шиелі қаласының негізі 1900-1905 жылдары темір жолдың келуінен бастау алады. Сол жылдары Шиелі, Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе бекеттері соғылып, халық жиналып, қоныстана бастайды. Бұрын ата-атаға бөлініп, шағын ауыл болып отырған елдер топтаса бастайды.

Нәзира ӘЛИАСҚАР.
Қызылорда облысы,  Шиелі ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ