«Өлең — сөздің патшасы»
(Жас талапкер ақындарға ақыл-кеңес)
«Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы», — деп ұлы ақын Абай бекерге айтпаған. Өлең жазушыға қатал талап қойып айтылған. Бүлдіршінсің бе, жігітсің бе, қариясың ба, кім болсаң да Абай ақын талабынан шыға алмасаң, өлең жазамын деп әуре болудың қажеті жоқ.
М. РӘШ, ақын, Жазушылар одағының мүшесі.
Туған жер, арнау тақырыптары
Қолына қалам алып, өзі туып-өскен жерінің табиғатын жырлау – заңды құбылыс. Бұл тақырыпты жазғанда, автор өзінің жан сырын білдіруге талпынады: Ақын қандай тақырыпқа жазбасын, өзінің жан сезімін білдіру – лирика жанрына жатады. Абай, Пушкин, Мұқағали, Тұманбай лирикасы дегенде біз осы ақындардың тебірене, жан сезімімен жазған шығармаларын сөз етеміз. Лирика әртүрлі тақырыптарда кездеседі: анаға, еліне, туған жеріне, табиғат көріністерін жырлағанда…
Мәселен Абайдың:
«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп» деген шумағында ұлы ақынның туған жерді нәзік сезіммен жырлағаны көрініп тұр. Бұл – табиғат лирикасы.
Редакцияға кеп түскен хаттардың ішінде туған жерге арнаған өлеңдер баршылық. Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданы, Топқайың орта мектебінің 5-сынып оқушысы Баян Қадесова «Туған жер» өлеңінде Топқайың ауылын жырлайды.
«Тамған жер, Топқайыңым, кіндік қаным,
Бақыт қой сенде атқан әрбір таңым.
Тілім бар, дәстүрім бар — бар байлығым,
Қазақ боп туғаныма мақтанамын».
Баян жүрек сезімімен жазуға талпынған. Ал «Асыл әжем» деген арнау өлеңінде айтпақ ойы дұрыс болғанымен, көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады дегендей болып кетіпті.
«Өзіңсің менің жүрегім
Ақыл айтасыз әрдайым.
Талап пенен білімім
Арқаңызда әрдайым».
Осы шумақта «әрдайым» сөзі ұйқас ретінде екі рет қайталанады. Бұлай етуге болмайды. Өзге сөз тауып ұйқастыру жөн еді. Баян бұл пікірді ескере жатар. Сөз қайталау «Алтай тауы – Алтай маңы» деп келетін осы облыстың осы ауданындағы Айғаным жазған «Туған жер», Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының Мың ата кентінде тұратын Жайна Бердіқұлова («Ертеңі де сен өзің – мақтан тұтады өзіңді»). Қызылорда облысының Шиелі ауданы №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің 10 «Б» сынып оқушысы Дана Көлбаева «Сыр елі – Сыр бұлағы, Сырдың суы» өлеңінде жиі кездесіп отырады. Бір сөзді қайталай беру өлеңнің қасиетін кетіретінін ұмытпаған ләзім.
Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданының Бозтал ауылы, Березовка орта мектебінен жазған 7-сынып оқушысы Әлішер Тайпенов «Ана» өлеңінде анаға деген сезімін:
«Анашым, бізді өсіріп, мәпелейтін,
Асылып мойынына еркелейтін» деген жолдармен сәтті жазғанымен, «Ата» өлеңі талапқа сай шықпай қалған.
«Өмірдің жүгін көтердің,
Мәпелеп өзің өсірдің» деген жолдарда ұйқастары ақсап жатыр.
Арнау өлеңдер Қызылорда облысының Қазалы ауданы Қожабақы ауылы мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Раушанбек Шарапаттың, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласынан Арғынбаев Медеттің де қаламына арқау болған екен.
Алғашқысы ақиық ақын М.Мақатаевқа арнапты, тәп-тәуір жазып келе жатып, Раушанбек:
«Өмірлік ұран мен үшін сенің сөздерің,
Естімес құлақ жазған жырын басқаның», —
дейді. Бір ақынды жан жүрегімен құлай қастер-лей отырып, өзге ақындарды мүлде ескермеу, керекке алғысыз ету дұрыс емес демекпіз. Бұл – автор ойының қателігі деп ұққан ләзім.
Арнау өлеңдерді Алматы облысының, Ақсу ауданы Сырттанов орта мектебінің 8–сынып оқушысы Назым Құдиярова, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласынан Арғынбаев Медет («Абайға»), осы облыстың Үржар ауданынан Крупская орта мектебі 5 «А» сынып оқушысы Айдана Мұратбек («Алтын адам») тағы басқа көптеген оқушылар жазыпты. Олардың көбісі өлеңнің техникалық жағына (буын, ырғақ, ұйқас т.б.) мән бере бермейді. Сөз қайталау, сүреңсіз ұйқастар көп кездеседі.
Өлеңді қалай болса солай сүйкей сал-май, үлкен жауапкершілікпен жазған абзал.