Жаркент мешіті

4bet_f24«Мәдени мұра және Мөлдір бұлақ»  бәйгесі аясында жүргізіліп келе жатқан іссапарымыз  Алматы облысының Панфилов ауданына  қарай жалғасты. Аудан – жер жаннаты Жетісу өлкесіндегі тарихи деректерге толы өңір.  Бұл өлке мәдеи мұраға да бай. Жаркент мешіті және Әулиеағашымен еліміз түгілі шет мемлекеттерге танымал десек артық айтқандық емес.  Олай дейтініміз, жоғарыда аталған  мұраларды тамашалау үшін алыс, жақын шетелдерден  Қазақстанға келген туристер, Алматы арқылы  Жаркентке жол тартады. Тарихи деректерден  мұндағы мешіт туралы  білеміз. Сонда да өз көзімізбен көріп, оқырмандарымызға қысқаша әңгімелеп бермек ниетпен, Алланың үйі – мешітке келдік. Жаркенттің  қақ ортасында орналасқан мешітті табу қиынға соқпады. Сыртынан қарағаннан- ақ, ауқымды аумақты алып жатқаны байқалады. Жақындай бергенде, оның шығыс үлгісінде салын-ғанын көреміз. Бас қақпасынан кіре бергенде, аулада алып шыршалар күнге қарай бой түзеп биіктей түскен екен.
— Жазда  келсеңіз-дер, жан- жағы  гүлге оранып, иранбаққа айналады, -дейді мешітке келушілер бізбен танысу барысында.
Кіре берісте  алдымызда медресе бар. Одан кейін мешітке кіруге болады. Мешіт көркем -сәулеттік мұражай деп те аталады. Мешіт қызметкерлерімен таныстықтан соң:
— Бисмилләһир рахмәнир рахим, — деп  мешіт табалдырығынан өтіп, мұражайдағы деректермен таныса бастадық. Мешіт негізін салған  Уәлібай есімді азамат болғандықтан, соның есімімен аталады екен.  Жобасын қытай сәулетшісі  Хон Пик сызған.    Мешіт  құрылысы 1887  жылы басталып, 1892 жылы аяқталған.  Оны  салып бітуге  1500- ге жуық адам қатысқан. Ішіне кіріп, жан -жағына барлай қарасаңыз, шатырын биік  бағаналар тіреп тұр. Барлығы 122 бағана. 
  4bet_f19ХІХ  ғасырдың аяғында салынған мешітке  130 жыл, яғни  1,5  ғасырға  жуық сақталып тұр. Діни  ғимарат кірпіштен немесе лай балшықтан емес, шырша бөренелерінен салынған.  Бөренелер  Ақсу және Кетпен  тауларындағы  Тянь -шань  шыршаларынан дайындалған. Құрылыс  барысында бірде- бір шеге қағылмаған.  Жаркент қаласының  негізі 1882  жылы қаланған. Ол кезде   Панфилов ауданы  Жетісу  облысының құрамына кірген. 1942- 1991жылы Панфилов қаласы  деп аталса, 1991 жылы «Жаркент»   деп атау туралы  шешім қабылданды.  Бүгінде қала үлкен сауда орталығына айналған. 37 ұлт пен ұлысты достық шаңырағының астына алған қалада  43 мыңнан астам халық тату-тәтті өмір сүруде.  «Хоргос» кедендік-бақылау аймағы да осы аудан аймағында орналасқан.  Мешіттің  ауданы  28х54 метрді құрайды. Биіктігі- 14,5  метр.  52  бағанамен қоршалған минареттің  биіктігі- 19 метр.  1975- 1978  жылдары  ғимарат құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.   Мәдени ескерткіш  мемлекет қорғауына алынған.
Мешіт  мұражайында Жетісу губерниясының  тарихына байланысты  көптеген  деректермен танысуға болады.  Өйткені, оңтүстік шығысында  күн асты мемлекеті Қытаймен шекаралас жатыр.    
Біз мешітке саяхат жасай отырып, деректерге қысқаша тоқталып өттік. Ал, кімде- кім тарихи -мәдени ескерткішпен толық  танысқысы келсе, Жаркентке  баруына болады.  Алматыдағы  «Сайран»  автобекетінен  көлік  сағат сайын қатынайды. Алыстан келетін оқырманымыз   ата-анасымен бірге   тұрақтайтын  қонақ үйлер  көп. Орайы келгенде айта кетейік,  «Жаркент арасан»  сауықтыру кешені де  аталған ауданда орналасқан.  
Жанастан ТҰРСЫНҚЫЗЫ.

ПІКІР ЖАЗУ