Әкең қапа болады
Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, сөзі кезегінде:
— Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, — деп, өзінің сөзге қатысқысы жоқ екенін самарқау білдіреді. Содан ары жұрттың әңгімесі жараспайды. Бай бала-сының аузы шынында да аздап қисық екен. Әлгі сөзге намыстанып, бай баласы ашу шақырады. Жиынның шырқы бұзылады.
Болған жай Бөлтірікке жетеді. Баласының бір ауыз сөзі біреудің жиынының шырқын бұзуға себепші болғанына қатты қапа болады. Баласын оңаша шақырып алып Бөлтірік:
— Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ.
Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсыз-ға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлей-тініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады, — деп ақыл беріпті.
(Ел аузынан).