Шәкірт жетістігі — баршамыздың мақтанышымыз
«КАТЕV» қоғамдық қоры құрамындағы қазақ-түрік лицейлері шәкірттерінің білімдегі жетістігі жылдан-жылға жағымды жаңалықтармен мәшһүр болуда. Соның бір айғағы жылда лицейлер арасында өткізілетін «Жарқын болашақ» қазақ тілі олим-пиадасы. Бұл шара сәуір айында ұйымдастырылады. Биылғы сәуірдің 8-жұлдызында Астана қаласында өтеді. Олимпиада қарсаңында «КАТЕV» қоғамдық білім беру қоры оқу бөлімінің бастығы СЕЛЬ Абдуррахман мырзаға жолығып, әңгімелескен едік.
— Еліміздегі қазақ-түрік лицейлері оқушыларының жетістігі жайлы жиі естіп, тамсанып қаламыз. Десек те, білім беру әдісінде өзгерістердің болып тұратыны заңдылық. Лицейлердің жалпы білім беретін мектептерден айырмашылығы неде?
— Ең алдымен, біздің шәкірттеріміздің жетістіктерін байқап, бағамдап жоғары баға беріп отырған жұртшылықтан айналайын! Бауыр еті — балаларының болашағынан зор үміт күтіп, бізге сенім артқан ата-аналарға рақмет. Мектеппен салыстырғанда, ұл-қыздарымыз жетінші сыныптан бастап өз бетінше үйден тысқары өмір сүреді. Яғни, оқу жылы барысында жатақханаларда тұрады. Аптасына бес күн оқып, демалыс күндері үйлеріне жіберіледі.
Бұл — үлкен жауапкершілік пен сенім! Ата-аналар көзінің қарашығындай мәпелеген балаларының болашағын қазақ-түрік лицейлерінде білім алумен байланыстырса, біз қуана қарсы аламыз. Ол үшін баланың ынта- жігері, ниеті болса, білімін шыңдауға бар мүмкіндіктер бар. Лицейдің жалпы білім беретін мектептен ең басты айырмашылығы, шәкірттер қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері тереңдетіліп оқытылуында. Яғни, төрт тілде білім алады. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Бір тілді білген — бір елдің баласы, екі тіл білген — екі елдің баласы» деген ғой. Біздің лицейлерде білім алған әрбір шәкірт төрт тілді еркін меңгеріп, өздерін сол елдің перзентіндей сезінетін деңгейге жетсе, еңбегіміздің жанғаны деп білеміз.
— Лицейге түсемін деген ұландарға қандай талап қойылады?
— Лицейге түсу емтиханына 6-сыныпты бітіріп, 7-сыныпқа көшкен ұлдар мен қыздарымыз қабылданады. Қабылдау емтиханы 2 кезеңнен тұрады. Екі кезеңнен де жоғары ұпай жинаған ұландар ғана қабылданады.
— Білім алып жүрген балалар оқу үлгерімі мен тәртібі жағынан қаншалықты ерекшеленеді?
— Біздің шәкірттеріміз ата -аналары мен ұстаздарының сенімдерін ақтап келеді. Олардың әрбір жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш. Ең бастысы, халықаралық ірі жарыстарда жүлделі орындарды қолдан бермей келеді. Шетелдерде өткен жарыстарда Қазақстанның Көкбайрағын желбіретіп, өздерінің білім тереңдігін байқатуда. Айталық, күні кеше ғана физика пәнінен Хорватияда өткен халықаралық (IPhO) білім сайысынан үш бірдей оқушымыз күмістен алқа тақты. Бакуде химия пәнінен өткен 44- халықаралық Менделеев олимпиадасында биыл алғаш рет Қазақстан қоржынына үш бірдей алтын түсті. Алтын медаль иелерінің үшеуі де ҚТЛ-нің шәкірттері. Бұған қоса, математика, информатика, биология пәндерінен өткізілген олимпиадаларда ҚТЛ оқушылары құр алақан қайтқан емес.
— Тұңғыш рет ашылған кезімен салыстырғанда қазіргі лицейге түсушілердің қатары жылдан-жылға артып отырғаны рас. Соған байланысты білім орнының қатарын алдағы уақытта көбейту мәселесі қарастырылуда ма?
— Иә, талап білдірушілер көп. Бүгін таңда 28 лицей білім берумен айналысуда. Барлығы да жергілікті білім беру мекемелерінің қолдауымен жұмыс істейді. Лицейде білім алудың озық үлгілері көптеген ата-ананы бей-жай қалдырмай отыр. Сондықтан, олардың тарапынан ұсыныстар жиі түсуде. Көпшіліктің сұранысына орай, Қарағанды облыстық білім басқармасының қолдауымен қалада қыздар лицейі ашылды. Ата-аналардан сұраныс түссе, әрине келісе отырып, лицей ашуға әбден болады. Біздің білім беруге деген ниетімізді қолдап, мүмкіндік беріп келе жатқан Қазақстан Республикасы Президентіне шексіз алғыс айтамыз.
— Лицейді тәмамадаған түлектердің болашақта мамандық таңдау мүмкіндіктері мен жоғары оқу орындарына түсу қарымдары қай дәрежеде?
— Түлектер жайлы айтқанда, ҰБТ сынағына тоқталмай өте алмаймыз. Оқу жылының аяғында ата-аналар мен ұстаздарды қатты қобалжытатын сын—ҰБТ. Лицей бітіруші түлектердің барлығы да сенімімізден шығуда деп айта аламын. Күні кеше ғана өткен ҰБТ сынағында ҚТЛ-нің орташа көрсеткіші — 108,9 балл болып, 150 түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанды. Бұған қоса, 136 лицей бітіруші Елордадағы 2010-2011 оқу жылы ашылған «Назарбаев» Университетінің грантын иеленді.
— Биыл республика бойынша лицейге түсуге үміткер ұл-қыздарымызға деген тілек-ниетіңізді арнасаңыз.
— Сыннан сүрінбей өтіп, ата-анасының үмітін ақтағай деймін. Өйткені, біздің болашағымыз — балалар!
— Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбатты жүргізген:
Ж.Кучукова.