Табиғат, адам — егіз гүл

13bet_f15Табиғат күнтізбесі
Құрметті балалар! Жылдың төрт мезгілі бар. Айталық, кең байтақ қазақ жеріне қылышын сүйреп қыс келді. Қарлы боран, үскірік аяз, сықырлаған қар мезгілі, көреген халқымыз табиғат күнтізбесіндегі 21 желтоқсан – 20 қаңтар аралығын «қар үстіне із түскен ай» — деп атайды. Ал 21 қаңтар – 20 ақпан аралығы —  «түз малының аштыққан айы», 21 ақпан – 20 наурыз аралығын «көктемге дейін шыдау айы» — деп атаған. 
Данышпан халқымыз табиғат құбылыстарының болмыс, түр-сипатына қарап, ауа райының қандай болатынын жорамалдап отырған. Қаңтар айында даладағы ауа мұзды сықырлаған елес дыбыс шығарса – суық аязды күн жалғасады, күн батарында қызыл түске боянса – келесі күн ашық, әрі суық болады. Қатты аяз болар алдында күн көзінде қосымша бірнеше шеңбер пайда болады, қатты аязды түні өте алыстағы дыбыс естіледі, қатты аяз алдында аспандағы ай мен жұлдыз өте жарық болып көрінеді. Ақпан айында терезе әйнегі буланып, су ақса – аяз  босаңсып, күн жылыйды. Таң ата үй мұржасынан шыққан түтін тік көтерілсе, ал түс уақытында түтін бойымен жылжыса, келесі күні ауа райы бұзылып қар жауады. Түн мезгілінде аспандағы ай қызарып, оның шеңберінің жанында қызараңдаған шеңбер пайда болса – келесі күн жылы болып, жел соғып, қар жауады. Аспандағы жұлдыздар күңгірттеніп, кішірейсе, жел көтеріліп, қар жауады.

Көреген көз қыс айында
не байқайды
Қазіргі кезде адамдар радио-теледидардан айтылған ауа райын тыңдап, үйден далаға шыққанда, табиғат құбылыстарына көңіл бөлмейді. Көреген көзге қоршаған ортада болып жатқан тіршілік көп нәрсенің құпиясын ашады. Мысалы: ағын судың жағасында кездесетін бұлақтарда көп майда балықтар жиналады, себебі, бұлақ суының температурасы ағын судан жылылау. Үлкен өзендер мен көл бетіне мұз қатса, түз үйректері, көкқұтан, майда батпақ шымшықтары қыста қатпайтын өзендерге жиналып, азығын іздейді. Далалы аймақты мекен ететін шіл балтікені қалың жерден қоректенеді, қырғауыл қамыс-тоғай ішінен шықпайды.

Бақша, бағбан күнделігі
Еліміздің солтүстік аймақтарында боранды қыс болса, ал оңтүстік өңірде күн жылынып ағаш бұтағы ерте бөртеді. Ағаш өсірудің өзіндік күтімі болады. Күн жылынса қураған бұтақтарды кесіп, өзегіне ауа кірмеу  үшін кесінді орнына бояу жағу керек. Қураған өлі қабықты алып тастап, орнын бояп қояды. Ағаш түбін тұнбамен (2 бөлік  әк, 1 бөлік сары топырақ) ақтап қойса, өте жақсы болады. Ағаш көшеттерін, көкөніс отырғызатын жерді 25-30 см. тереңдікте қазып, оған малдың қиын, немесе 1 текше метр жерге 80-100 грамм суперфосфат қосу керек. Ал жүзім бағушылар жазы құрғақ аймақтарда, күн жылысымен, жүзім түбін жақсылап суғарады. Қысқы суғару – жердегі  зиянкестерді өлтіріп, көктемде жүзімге керек ылғалды молайтады.

Үй тапсырмасы:
Тұрған жерлеріңнің төңірегін, ауыл ішін аралап, жануарлардың ізіне қарап, болмыс тіршілігін байқаңдар. Майда құстарға дастарқаннан қалған қалдықтарды бір ыдысқа салып, ит-мысық жетпейтін жерге байлап қойыңдар. Ойтүрткі: қарға-сауысқанның пайдасы мен зиянын бізге жазып жіберіңдер. Балалар, қыс кезінде аңдар мен құстар азық  қиыншылығына зар болады, сол себепті олардың іздері көп кездесетін жерлерге тамақ қалдықтарын немесе қалың ағаш арасына күріш, сұлы, бидай, шала қалдықтарын (жарты шелек) салса болады. Тамақ қалдықтарымен тышқан, түлкі, күзен т.б. қоректенеді, ал дәнді қалдықтармен қырғауыл, шіл, кептер, майда құстар азықтанады. Ақпан айының аяғынан құстарға ұя жасап орнату керек. Ол мәселені журналымыздың келесі санында әңгімелейміз.
Балалар, табиғатта болып жатқан болмыс-тіршілікке байланысты және аңдар мен құстарға қыс айларында қандай көмек көрсетуге байланысты сұрақтарың болса, редакцияға хат жолдаңдар.
 Асылхан  АРТЫҚБАЕВ,  өлкетанушы, биолог-аңшы, тарихшы-этнограф.

ПІКІР ЖАЗУ