Айсбергтер

15bet_f24«Айсберг» сөзі «мұзды тау» деген мағына береді. Мұнда ешқандай асыра айту жоқ, шынында да айсбергтердің көлемі өте ауқымды болып келеді. Олар Антарктида, Гренландия мұздықтарынан қақ жарылып бөлінгенде, зеңбіректер атқылағандай қорқынышты гүрсілдер шығып, айнала астаң-кестең болып, үрейлі көріністер жүз береді. Бұл кезде теңіз қатты  буырқанысқа түсіп, пайда болған алып толқындар қайықтарды аударып, кішігірім кемелерді қалпақтай шыр үйіріп ала жөнеледі.
 Мұхит айдынында жүзіп жүрген айсберг «аралдарының» көлемі, ұзындығы кейде ондаған, жүздеген шақырымға жетіп, биіктігі жүздеген метрді құрайды. Мәселен, ұзындығы 120 шақырым, биіктігі 90 метр сондай бір айсберг-алыптың қозғалысын ғалымдар 10 жыл бойы бақылаған. Ең алып айсбергті 1956 жылы Антарктида суларынан көрген. Оның ұзындығы – 385, ал ені – 111 шақырымды құраған. Көлемі жағынан ол Словения сияқты мемлекеттің жартысындай, немесе үш Люксембург сыйып  кетердей аумақты алып жатқан.
 Суға қарағанда мұз жеңіл келеді, сондай-ақ мұз кристалдарының арасында ауа көпіршіктері болғандықтан, айсбергтер суға батпай, қалқып жүзіп жүреді. Солай бола тұра, су бетінен оның сегізден бір бөлігі ғана көрініп, қалған үлкен массасы су астында жатады. Сондықтан айсбергтер ауа, жел бағытына  ырық бермей, теңіз ағысының күшімен ғана қозғалады. Олар жолында кездескен қалыңдығы екі метрлік мұз айдындарын да бұзып-жарып өтіп кете береді.
Кейбір беті жайпақ айсберг аралдарының үстінде диаметрі 20 шақырымдық ірі көлдер, әдемі сарқырама түрінде теңізге құятын ірілі-ұсақты өзендер де кездеседі. Сондай бір өзеннің ұзындығы төрт шақырымға, тереңдігі 12 метрге жеткен. Кейде айсбергтердің су бетіндегі сұлбасы ортағасырлық қамалдар мен қарауыл мұнараларын елестетеді. Оларды пирамидалы айсберг деп атайды. Бірақ беті жайпақ айсбергтер жиірек кездеседі. Кейде қара, сары, жасыл, түрлі түсті аралдар да жүзіп жүреді. Олардың осылай құбылуына  жанартау күлдері әсер ететін болса керек.
Айсбергтер теңіз кемелеріне үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе жел мен теңіз ағысы оңтүстікке айдайтын гренландиялық айсбергтердің қаупі күшті. Олардың жолы Еуропа мен АҚШ-тың арасында қатынайтын кемелердің трассасын қиып өтеді. Әрине, 1912 жылы әлемдегі  ең үлкен жолаушылар лайнері «Титаниктің» сондай бір айсбергке соқтығысып, апатқа ұшырағаны естеріңде болар.15bet_ff1
Кейбір алып айсбергтер теңізде бірнеше жылдар бойы жүзіп жүреді. Антарктида жағалауындағы айсбергтерде пингвиндер тобы мен ұя салып жайлаған құстар да кездеседі. Осындай ұзақ жасайтын айсбергтерге қарап адамдар оларды пайдаға асырудың жолын іздестіруде. Мәселен, оларды арнайы кемемен сүйреп апарудың әдісін тапса, Африка мен Арабияның құрғақ, шөлейтті аймақтарын суландырып, тұщы сумен  қамтамасыз етуге болатын көрінеді. Орташа көлемдегі бір айсбергтің еріген суы үлкен өзеннің жылдық ағысымен пара-пар екені де есептеліп, шығарылған. Бұл жобаның өмірде жүзеге асуына енді уақыт төреші.
Дайындаған:
К.КӨКТЕМҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ