Ерлік рəмізі — балбал тас
Демалыста облыс орталығы Ақтөбеден 230 шақырым жердегі Жиренқопаға барған болатынмын. Онда Қобыланды батыр кесенесіне тағзым еттім. Көрген-білгенімді достарыммен бөліссем деймін.
Қобыланды батырдың кесенесі ғажайып құрылыс екен. Сызбасын сызған сəулетші Бек Ибраевтың айтуына қарағанда, Қазақстанда бұдан биік кесене жоқ. Жерден жоғарыдағы айшығына дейінгі биіктігі – 17,5 метр. Сыртқы қышына дейінгі диаметрі де осындай өлшемге тең.
Қобыланды батыр кесенесі.
Кесененің кіре берісінде 20 балбал тас орнатылған. Аңыз бойынша батыр жекпе-жекте қанша адам өлтірсе, сонша балбал тас қойылатын дəстүр болған. Батырдың қанша қарсыластарын жеңгені білгісіз. Балбал тас рəміздік өлшем. Əр тастың биіктігі 2 метрге жетеді екен. Кесененің есігінде құран аяттары жазылған. Ішкі бөлігінде бабаның сүйегі жатқан жерге Қордайдың гранитінен қойтас қойылған. Салмағы 2 тоннадай. Биіктігі 2 метрге жуықтайды. Əдемі гравюралық өрнектері бар.
Қазба жұмыстары жүргізілген кезде мазардың арнайы сақталып қалған екі бұрышы əйнекпен жабылған. Сонымен қатар бір-біріне қосақталып байланған үш найза, ортасында қалқан. Үш найза үш жүздің бірлігін білдіреді. Қойтастың сол жағында Қордай гранитінен қашалған, биіктігі – 1,5 метр тұғырға қойылған шырақ. Ортадағы жерді бейнелейтін шар жəне тас мүсінді самұрық құсын сегіз барыс қоршап тұр. Батырдың бейітінің жанынан табылған екі адамның қабірінің орнына мрамордан белгі қойылған. Зерттеушілердің айтуынша, бірі 15-16 жас шамасындағы қыз бала. Қобыланды бабамыздың туысы деп болжайды.
Кесененің едені де өрнектелген граниттен төселген. Жоғарғы жағы шеңберленген. Қазақтың киіз үйінің шаңырағын еске түсіреді. Зират басына «Бұл жерде қазақ халқының мəңгілік ерлік өнегесіне айналған, ортағасырлық Алтын Орда, Ноғай Ордасы дəуірінің аса көрнекті тұлғасы Қарақыпшақ Қобыланды батырдың асыл сүйегі жатыр » деген жазуы бар тас белгі қойылған.
Кесененің сол жақ бетінде садақ бейнесіндегі ғимарат тұр. Даңқ бөлмесі, құран оқитын орын жəне жуынатын бөлмелер бар. Алматы қаласынан арнайы əкелінген ұзындығы 2 метр, ені 1 метр 11 əйнек бар. Бұл əйнекте батырдың өмірбаяны жазылған. Жарық беретін электр шамдарын қосқан кезде əйнектегі жазуларды оқуға болады. Даңқ бөлмесі мұражайлық жəдігерлермен жабдықталған. Жиренқопа ауылының солтүстік шетінде батырдың дулығасы іспеттес кесененің оң жағында – «Қобы-ландының қайрақ тасы». Беті əйнекпен жабылған. 1996 жылы Иманғали Тасмағанбетов келіп, бейіт басына қойған «белгі тас» еліміздегі мəдени мұралардың бірі. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ кесене. Ата жұртты асқақтату жолындағы атқарылып жатқан басты істердің бірі деп білемін.
Ракайыл ЖҰМАҒАЗИНА.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы,
Қотыртас ауылы.