“Айттым сəлем, Қаламқас”

13bet_f23əніқалайтуған
Бұл күнде Ұлы Абайдың «Айттым сəлем, Қаламқас» өлеңі мен əнін білмейтіндер бірен-саран. Əн ойын-тойларда махаббат гимніне айналған.
Осы əн мен өлеңнің Қаламқас есімді қызға ар-налғаны даусыз. Осындағы Қаламқастың кім екені, қай елдің адамы екені «Абай жолы» эпопеясында да айтылмайды. Сонда Қаламқас кім?
Жалпақ жатқан найман елінде Абай мен Қаламқас туралы аңыз ертеден келе жатыр. Бертін Тана мырзаның бел ұрпағы, қазір Аякөзде тұратын молда Уақап Торайғыров, Семей мешітіне Қытайдан келіп имамдық құрған Əбдусағит, Шығыстың Самар ауданына қарасты Көкжота ауылында тұрушы татар азаматы Фарух, молда Жұматай Əубəкіров қариялармен əңгімелесе келе, көп жəйтке көзіміз жеткендей болды. Бəрінің пікірі бір жерге тоғысты.
Олардың айтуынша, Қаламқас – Тана мырзаның інісі Жəнібектің қызы. Тана мырза бауырына салып өсірген. Ұлы адамдардың тағдыры да кейде ұқсас. Шоқан Уəлиханов сайлауда көпшілік дауысқа ие бола тұрып, аға сұлтандыққа Сандыбаев Ерден сайланып кеткен ғой. Дəл сол сықылды 1860-1963 жылы Көкпекті оқругінің сайлауында Тана мырзаны қазақ бұқарасы қолдай тұра, аға сұлтандық лауазым дуан кеңесінде тілмəш қызметін атқарып жүрген Өскемен жақтың қазағы, руы Сарыжомарт Əлхан Тілеубердинге бұйырыпты. Соған қатты назаланған Тана мырза үйіне келіп қайғырып жатып қалған. Содан бəйбішесі Бостан ерінің қайғысын серпілту үшін əкесіне барып, Ертіске құятын үш өзеннің тоғысқан жеріндегі түбекті сұрап алып, сол түбекке 1863 жылы Тана мырза мешіт салғанын, сөйтіп, ол жер «Тана мешіті » ауылы атанған.
Сол мешіттің салынып бітуіне құтты болсын айта, əрі Тананың көңілін жұбата Құнанбай келіпті. Он сегіз жастағы Абай əкесімен бірге ере келген. Келе жартылай қала үлгісімен киінген əрі сұлу, əрі инабатты Тұржанға (жеңгелері «Қаламқас» атандырған) Абайдың көңілі құлап түседі. Инабатты, өңді қыз Құнекеңе де ұнапты. Тіпті құда түсуге ниеті ауады. Бірақ Тұржан бала кезінде Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітіне атастырылыпты. Ол да бір аталықты жер. Тана мырза осыны ескерткенде, Құнекең ойланып қалған. Оған да қарамай бір есебін табар ма еді, қайтер еді, егер сол мезетте ақ орданың маңынан нойыс мінезді біреудің ащы айқайы мен дөкір сөздері естілмесе. Əлгі нойыс бір көзіне ақ шорланған түйені бақыртып ұрып жатыр. Ара-тұра: «Көзіңді… қу соқыр» деп боқтап жібереді.
Мұны естіген Құнанбай қатты ашуланып, əлгі оңбағанға ат-шапан айып кестіреді. Қоналқаға қарамай аттанып кетеді. Жігітке айып кесіп, жік-жаппар болған Танаға аттанарда Құнекең айтқаны:
— Істетіп отырған өзіңсің.
Содан бері «Түйені соқыр десе, Құнанбайға тиеді», деген мəтел қалыпты.
Екі жастың болашақ махаббатына осы болмашы көрініс бөгет жасапты. Алыстан бір-бірін бірер мəрте хат жолдасып, келген-кеткен кісіден сəлем айтысумен тынған. Қатынасуға жер шалғай.
Мұнан кейін Қаламқастың жастай атастырылған күйеуі аурудан өледі де, қыз оң жақта отырыңқырап қалады. Ақыры Сыбан еліндегі Быжы-Тоқтар деген саудагер сарттың ауылына келін болып түскен. Міне, содан бастап Абай атамыздың Қаламқасқа деген шексіз махаббаты сөзбен зерделеніп, өлең болып өріледі.
«Ақсуат» кітабынан үзінді келтірген: Берікжан БАЗАРБАЕВ.
Авторлары: Қалихан АЛТЫНБАЕВ, Ерғали ЖҰМАХАН.

ПІКІР ЖАЗУ