Пластик ыдыстар ешуақытта жойылмайды
Экологиялық проблемаларды айтқан кезімізде, қазір полиэтилен қалталар мен пластик ыдыстардан көз аша алмайтын болдық. Өйткені, бұларсыз азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидектерді алып жүру мүмкін емес. Дәмі алуан түрлі сусындар, сұйық майлар мен минералды сулардың ыдыстары түгел пластиктен жасалған. Үй тұрмысында пайдаланылған қалдықтармен тасталған полиэтилендер желмен ұшып даланы жауып қалуға аз-ақ қалғандай. Мұны теміржол мен асфальт жол бойынан анық көреміз. Арнайы мәліметтерге жүгінсек, жалпы қоқыстардың жойылу мерзімі өте ұзақ уақытты қажет етеді екен. Айталық:
— тропик жемістер (банан, апельсин), мақтадан жасалған маталар, қағаз – 6 ай;
— зығыр талшығынан жасалған арқандар – 1,5 жыл;
— сүт, шырын құйылған пакеттер, жүн маталар –
5 жыл;
— фильтрлі сигарет тұқылдары – 12 жыл;
— полихлорвинил пакеттері – 20 жыл;
— синтетикалық киімдер, аяқ киімдер – 40 жыл;
— металл өнімдері – 100 жыл ішінде толық жойылып бітеді екен.
Әйнек пен шыны ыдыстар сынықтарының жойылып кетуі үшін 1 миллион жыл керек екен. Ал, сұйық май, минералды су мен сусындардың пластик ыдыстары ешуақытта жойылмайды екен.
Міне, балалар, мұндай қалдықтар топырақ бетін жауып қалады. Яғни, ауа құрамындағы азоттың, оттегінің, ылғалдың топыраққа сіңуіне кедергі жасайды. Олай болса, өздерің пайдаланған полиэтилен мен пластик ыдыстарды жинап, ата-аналарыңмен бірге өртеп жібергендерің жөн. Зиянды нәрселерді далаға төкпеуге, шашпауға тырысыңдар.
Осы жайтты өздерің оқып қана қоймай, құрбыларыңа да айтудан жалықпаңдар. Өйткені, табиғат – баршамыздың ортақ үйіміз.
Өз тілшіміз.