Абай жолын мұрат тұтқан

abon3Абайдың ерекше туған інісінің аты – Шәкәрім. Қазақ поэзиясында Абайдан соңғы танымал есім, ең көрнекті тұлға.
Шәкәрім Құдайбердиев 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келеді. Болашақ ұлы ақын Абайдың жеті ағайынды болғаны белгілі. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді сол жетеудің ең үлкені еді. Құдайберді Шәкәрімнің алты жасында қайтыс болады. Бұдан соңғы жерде жетімдік, жоқшылық көрмесе де, әке бауырынан айырылған, қаршадайынан-ақ ерекше зеректігін аңғартқан Шәкәрімді Абай өз қамқорлығына алады.Туған әулет дәстүрі, өскен орта ыңғайы, ақын аға тағылымы Шәкәрімнің азамат ретінде қалыптасуына ғана емес, ақын ретінде қанаттануына да ерекше әсер етті.
Арнайы оқу орындарын бітірмесе де, Абайдың басшылығымен және өз бетінше іздену нәтижесінде Шәкәрім сол замандағы қазақ қана емес, бүкіл Түркістан өлкесіндегі ең ғұлама адамдардың бірі болып шығады. Түрік, араб, парсы тілдерімен қатар орыс тілін де жетік біледі. Классикалық шығыс поэзиясын, орыс және еуропа әдебиетінің озық үлгілерін терең түсіне оқумен шектелмей, философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді де қадағалап отырады. Құнанбай әулетінің дәстүрі бойынша ел ішінде де билік құрып көреді, бұл кезде өнер жолына біржола бет бұрған, дұшпаны көбейіп, тынысы тарылған Абайға сүйеніш, демеу болады.
1904 жылғы Абай өлімі, өнерлі екі іні – Ақылбай мен Мағауиядан тағы айырылу Шәкәрім санасына, оның өмірге, қоғамдық көзқарасына ерекше әсер етеді. Шәкәрім тіршілік , тағдыр туралы сауалдарына жауап іздейді. Оқу, іздену аймағын кеңейте түседі. Дін тану емес, ел тану, жер тану мақсатында қажыға барып қайтады. Бұл сапар оның ой өрісін кеңейтеді, қазақ халқы да білім-ғылым қуған еуропа елдерінің жолын таңдауы керек деген ойға беки түседі. Абай ағасы сияқты Шәкәрім де сүйектен өтер ащы сөзін, ақиқат сырын айта отырып, туған халқын бақытқа жеткізуге амал іздейді. «Қазағым, қам ойлан, сен де адам едің!»- деп, зар шеккенде, ұсынар жолы – ағартушылық. Күнбатыс халықтарын қуат-құдіретке жеткізген ғылым-білімді игерсе, қазақ та тарих көшіне ілеспек, басқалармен басы теңеспек. Ал ғылым-білімді игеру үшін жас балаларды жаңаша оқыту қажет.
Ақын туған халқын жарық сәулеге үндеумен ғана шектелмейді. Өлеңдерімен, поэзия тілімен ел тірлігіндегі кеселді құбылыстарды ашады, алға жылжуға бөгесін, кертартпа сананы әшкерелейді, рухани соқырлықтың мән-мағынасын ашуға тырысады. Адамның өзгеше болмыс-бітімін, оның ақыл-ойын ғана емес, түйсік-сезімін, тіпті физиологиялық ерекшеліктерін де өлеңге арқау етеді. Шәкәрім еңбегі тек лирикалық поэзиямен ғана шектелмейді. Білімдар Шәкәрім эпикалық жанрларға да қалам тартады. Ақынның атын бүкіл қазақ даласына танымал еткен «Қалқаман – Мамыр» және «Жолсыз жаза» («Еңлік – Кебек») поэмалары. Өмірде шын болған бақытсыз ғашықтар Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр хикаялары ескі күндердің өзінде ел арасына кеңінен тараса керек. Жанрлық тұрғыдан алғанда, «Қалқаман – Мамыр» лиро-эпикалық жырға жақын, «Еңлік- Кебек» — әлеуметтік дастан. Екеуі де 1912 жылы кітап болып жарыққа шығады. Шәкәрімнің шығыс тақырыбындағы ең көлемді мұрасы – «Ләйлі – Мәжнүн» (1922 жылы «Шолпан» журналында жарияланған). Түп негізі Физулиге барып тірелгенімен, бұл еңбекті қазіргі ұғымдағы аударма деп айту қиын. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық хикаясы Низамиге де, Науаиға да шабыт берген. Шәкәрім қалдырған «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны мың жылдық тарихы бар ежелгі сюжеттің ең соңғы көрінісі, шын мәніндегі төлтума болып табылады.
Шәкәрімнің халық бірден қабылдаған, жыр етіп айтып, көшіріп оқыған, бірақ кешеуілдеп, кітап бетін 1924 жылы ғана көрген, оның есесіне ақын өлімінен соң, 1935 жылы қайта жарияланған (баспаға шығарған Бейсенбай Кенжебаев) ең елеулі еңбектерінің бірі – «Дубровскийдің» өлеңмен жасалған аудармасы.Шәкәрім «адамның түзелмегі», «ғибрат» үшін жазылған Пушкин хикаятын нақпа-нақ аударуды мұрат тұтпаған, оның себебі — өз тұсындағы оқушы, тыңдаушы қауымның таным дәрежесіне лайықтап жазған. Шәкәрімнің «Дубровскийі» Қазан көтерілісі қарсаңындағы қазақ әдебиетінің ең үлкен табыстарының бірі болды. Жұртшылықтың Пушкин атына біржола қанығуы өз алдына, жаңа заманға аяқ басқан, жаңа тақырыптар игеріп, жаңа үлгіге көшкен қазақ әдебиетінің даму жолындағы елеулі белестердің бірі болды.
Шәкәрім 1931 жылы қайғылы жағдайда қазаға ұшырады.
Дайындаған: Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ