КЕМЕЛ ТОҚАЕВ – ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ

Әдеби мұраға тағзым – ұрпаққа өнеге

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ұлттық детектив жанрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев – детектив жанрының дарабозы» атты әдеби-танымдық сахналық кеш өтті. Тағылымы мол шараның негізгі мақсаты – оқушыларға жазушының өнегелі өмір жолын таныту, әдеби мұрасын насихаттау, жас ұрпақты кітап оқуға, ел тарихын құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу.

Әдеби кешке руханият саласының өкілдері, қаламгер мұрасын зерттеушілер, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Олардың қатарында қоғам қайраткері, Кемелтанушы Бақтығали Айжігітов, Сәуле Нағманова, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстембек Мыңбаев, Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тіл жанашыры Бақыт Сыдықова және өзге де қадірлі қонақтар болды.

Кеш шымылдығы әдебиетсүйер қауымға арналған жүрекжарды лебіздермен ашылды. Жүргізушілер қазақ детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі Кемел Тоқаевтың шығармашылық жолына тоқталып, оның өмірі тұтас бір дәуірдің шежіресі екенін атап өтті. Қаламгердің балалық шағынан бастап, майдандағы жылдары мен журналистік қызметіне дейінгі тағдырлы кезеңдері көрермендерге кеңінен таныстырылды.

Кемел Тоқаевтың балалық шағы ел басынан өткен күрделі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Жазушының өмір жолын тереңірек таныту мақсатында 8 «А» сынып оқушылары «Тоқай тағдыры» атты көрініс ұсынды. Сахналық қойылым арқылы жас көрермендер өткен дәуірдің ауыртпалығын сезініп, тарихи кезеңнің адам тағдырына әсері туралы ой түйді.

Кеш барысында қазақ халқының ұлттық өнеріне де ерекше орын берілді. Күй – халықтың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын жеткізетін асыл мұра. Осы орайда 8 «В» сынып оқушысы Дастан Бақтығали мен 8 «Ә» сынып оқушысы Сұлу Момбек Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқыл» күйін орындап, көрерменге әсем музыкалық тарту жасады.

Шараның келесі бөлімі Ұлы Отан соғысы жылдарына арналды. 1941 жылы басталған сұрапыл соғыс талай жастың өміріне өзгеріс әкелді. Солардың қатарында Кемел Тоқаев та майданға аттанып, Отан қорғау жолында ерлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Соғыс жылдарында көргендері мен көңіліне түйгендері кейін оның шығармашылық әлеміне арқау болды.

Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп оқушылары дайындаған «Кемел мен Қасымның қоштасуы» атты көрініс көрермендерді майдан кезеңінің тарихи шындығына жетеледі. Сахнада достық, елге деген сүйіспеншілік және азаматтық борыш тақырыптары көрініс тапты. Бұл қойылым жас ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіріп, тарихты ұмытпау керектігін ұғындырды.

Соғыс аяқталған соң Кемел Тоқаев бейбіт өмірге оралып, қолына қару орнына қалам алды. Ол майданда көрген шындықты, адам тағдырын, қоғам өміріндегі күрделі құбылыстарды әдебиет арқылы жеткізуге ұмтылды. Кешегі жауынгердің қаламгерге айналуы оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.

Осы бағытта 5 «Ә» сынып оқушылары «Кемел мұрасы – қаламында» атты таныстырылым ұсынып, жазушының шығармашылық жолы мен әдеби мұрасын таныстырды. Оқушылар қаламгер еңбектерінің маңызын ашып, оның қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталды.

Кемел Тоқаевтың шығармашылық қызметінде журналистиканың да орны ерекше. Ол баспасөз саласында еңбек етіп, қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді көтеруге атсалысты. Әсіресе балалар басылымының жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін жақсы түсінді. Бала оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, білімге, еңбекке және отансүйгіштікке баулитын басылымдардың дамуына үлес қосты.

Осы кезеңді бейнелеген Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп оқушыларының «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы – Кемел аға» атты көрінісі көрермен назарына ұсынылды. Сахналық қойылым арқылы оқушылар журналист мамандығының жауапкершілігін, баспасөздің қоғамдағы орнын және жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудегі маңызын көрсетті.

Әдеби кештің өн бойында Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет пен ел болашағына жауапкершілік тақырыптары өзара сабақтастық тапты. Туған елді сүю – оның тарихын білу, тілін құрметтеу және қоғамға адал қызмет етуден басталады. Осы ойды жалғаған 5 «Ә» сынып оқушылары «Отаным – Қазақстан» әнін орындап, көпшілікке патриоттық рух сыйлады.

Кемел Тоқаевтың есімі мен шығармашылық мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де құнды. Оның өмір жолы қиындыққа мойымаудың, елге қызмет етудің және әдебиетке адалдықтың үлгісі ретінде бағаланады. Қаламгерге арналған арнау өлеңдер мен жүрекжарды жырлар кештің мазмұнын байыта түсті. Тұрсынхан Данияр, Жұман Аружан және Ахметова Әсел жазушыға арналған шығармаларын оқып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Музыкалық бағдарлама да кештің мазмұнымен үйлесім тапты. Сәрсенбай Жанарыс Жанботаев Дәулетбек Құрманәлінің әніне жазылған «Кемел аға» әнін орындап, қаламгердің рухына тағзым етті. Ал 5 «Г» сынып оқушылары мектебінің гимні саналатын «Қазағымның Тұрары» әнін хормен шырқап, шараның тәрбиелік мәнін арттырды.

Кештің маңызды сәттерінің бірі – Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген мамандармен кездесу болды. Қаламгер мұрасын зерделеу, оның шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық әдебиет алдындағы ортақ міндет. Осы орайда Кемелтанушы Бақтығали Айжігітовке сөз беріліп, жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасының маңызы жөнінде ой бөлісуге мүмкіндік жасалды.

Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстембек Мыңбаев пен тіл жанашыры Бақыт Сыдықоваға сөз кезегі берілді. Қонақтармен кездесу оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, қаламгер мұрасын тереңірек тануына жол ашты.

Шара соңында мектеп директоры Әлия Талғатқызы Дүйсенова қорытынды сөз сөйлеп, әдеби-танымдық кештің маңызын атап өтті. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық әдебиетке деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.

 

«Кемел Тоқаев – детектив жанрының дарабозы» атты әдеби-сазды кеш көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Оқушылар сахналық қойылымдар, әдеби оқулар мен музыкалық нөмірлер арқылы көрнекті жазушының өмірі мен шығармашылығына үңіліп, оның өнегелі жолынан тағылым алды.

Кемел Тоқаевтың әдеби мұрасын ұлықтау – өткенге құрмет көрсетумен ғана шектелмейді. Бұл – кітап оқитын, тарихын білетін, елін сүйетін және азаматтық жауапкершілікті сезінетін ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Өйткені ұлт руханиятының шынайы байлығы – кейінгі буынға аманат болып жеткен асыл мұра.

Қазақ әдебиетінің дара тұлғаларының есімі ұрпақ жадында жаңғырып, олардың шығармалары оқырман жүрегінен орын ала берсін!

Бахыт Ботпаева, Т.Рысқұлов атындағы №16 жалпы беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ