Бұқара жыршысы Бұқар жырау

Қазақ поэзиясындағы  ең көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі Бұқар жырау шамамен 1668 жылдары дүниеге келген. Әкесі Қалқаман белгілі батыр. Жыраудың қайда оқығаны, қандай өмір мектебінен өткені туралы нақты деректер жоқ. Біз тек оның тым ерте көтеріліп, Тәуке тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің бірі болғанын білеміз. Алайда, Бұқардың Тәукеден соңғы әміршілермен тіл табыса алмағаны аңғарылады. Жырау кедейшілікке ұрынады. Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда, және өз шығармаларынан да көрінетіндей, Бұқардың тіпті, сауып ішер малы, мініп-түсер аты да болмайды. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күй кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, 1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда, Далба тауының етегінде. Бұқардың өлеңдері өзі тұстас ақындармен салыстырғанда, кейінге молырақ жеткен. Оның Абылай туралы өлеңін жазып алып, алғаш пікір айтқан Шоқан еді. Одан кейін жырау өлеңдерін жинап, ол туралы мәлімет берген – белгілі фольклоршы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқар өлеңдері 1923-1925 жылдары «Таң» журналының, 1, 2, 3, 4-сандарында үздіксіз басылды. Оның біразын М.Әуезов бастырды. Оның бізге жеткен арнау, терме, толғаулары негізінен әлеуметтік, қоғамдық мәселерді көтереді. Көп жайтты ол өз заманының санасы тұрғысынан шешеді. Хандық құрылысты нығайту мақсатын көздейді. Соған қоса жыраудың кейбір толғаулары адамгершілікке, бейбітшілікке, әділеттікке үндейді. Абылайдың сыртқы саясатына араласып, ақыл береді. Оның кейбір ісіне наразылық та білдіреді. Бұқар өмір сүрген дәуірдің ұлы оқиғасы – жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жеріне баса көктеп енуі еді. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауыртпалықты Бұқар елімен бірге кешкен. Ол әсіресе өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшылармен бірге, ақылшы, үгітші боп белсенділік көрсеткен.  Абылай Бұқармен осы тұста қатты санасқан. Қалмақ қолына қарсы тұрған қазақ қолын Абылай хан басқарып, оны Олжабай, Наурызбай, Қабанбай батырлар қолдаған. Қалмақтар қаупінен арылғаннан кейін Абылай көрші Қырғыз, Ташкент бектерімен егесіп, оларға қыр көрсетеді. Күш жинап, көрші елдерге ауыз сала бастаған кезде, Бұқар Абылайға реніш те білдіреді. Әсіресе, ол Ресей шекара бекіністеріне қарсы шабуыл жасамақ боп, қантөгіс жорығын жабдықтаған кезде, «Орыспенен соғыспа!» деген әмірлі өктем сөзін айтады. Халық атынан сөйлеп, жөнсіз жорықты бөгейді.  Бұқар – халық поэзиясы үлгісін меңгерген нөсер тілді шебер ақын. Оның шешендігі, әсіресе жыраудың толғауларынан анық байқалады.    Бұқар шығармаларында ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалық толғаулар көптеп кездеседі. Солардың ішіндегі қанатты сөздерге айналған жыр үзінділерін назарларыңа ұсынамыз.

Екі жақсы қас болмас
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан 
         қиынды көргем жоқ.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде тұтқыр кірі бар.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айырылмасқа серт етер.
Қыз он беске келгенде,
Шашынан көп жаласы.
Бұл жалғанда бір жаман,
Ағайынның аласы.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз.
Құм жиылып тас болмас,
Құл жиылып бас болмас.
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас,
Дос болғанмен хош болмас.
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса түбі бос болмас.

ПІКІР ЖАЗУ