Ұлы Жеңіске — 65 жыл

5bet_f31 1. Зобалаң жылдар сұрапыл
Қиялыммен бала кезді ойға алсам,
Шақша басқа ширатылар ойлар сан.
«Балам» деген сөзді ер жеттім естімей,
Күңгірт көңіл. Болған емес жайнар шам.
Алақанын көрмей өстім ананың,
Жетімдіктен айдар таққан баламын.
Туғанымнан ашаршылық басталған,
5bet_f14Жылысып бір өтіп жатты нала күн.
Көз алдымда арық малдың күйісі,
Сұр даланың сумаңдаған бүйісі.
Кеңсірікті қытықтайды қабарып
Жаңа ғана піскен нанның иісі.
Таба нанды талапайлап, бөлгіштеп,
Көп ауызға үлестірген бергіштеп.
Рақила деген әжем болатын,
Бір тәңірге сиынатын сенгіштеп.
Қайтқан атам отыз екінің қысында,
Жүдеу тартқан жер тамдардың тұсында.
Аштық қысып қатып қалған қаңқалар,
Қайсыбірі сырқаттанып ұшына.
Ал көктемде жиегінде соқпақтың,
Далаларда шілдедегі аптаптың.
Қасқыр жеген қабырғалар қалдығы,
Іштерінен кездеседі батпақтың.
Солай болған «Сары терек» бойында…
Деп қойған-ды атам алып ойына.
Қарны аштар құзғын сынды қаптайтын,
Әлде кімнің қалса малы сойыла.
Аштық деген керемет жұт болды ғой,
Сай-салалар зираттарға толды ғой.
Адам саны кеткен содан азайып,
Үміт өліп, көңіл гүлдей солды ғой.
Иә, немерем, несіне сен күлесің?
Екі-ақ жаста еміс-еміс білесің.
Анаң Жамилә берген жырып аузынан,
Бәрі сенің болатұғын үлесің.
«О, жаратқан, сақтай көр! —  деп – Міңкемді!»
Қалт-құлт етіп жүрген құртып діңкемді.
Таң бозынан шөп шабуға кететін
Шағын ауыл әйелі мен еркегі.
       * * *
Суық мектеп отыны жоқ жағатын,
Шаруалардың шағын малы бағатын.
Сары аязда жолға шыққан жолаушы,
Аяқтары сықыр-сықыр қағатын.
Болатұғын «Джип» орнына — өгізі,
Мөрдей басып жыпырлаған көп ізі.
Жегіп арба, мойынағаш кигізіп,
«Өк! Шу!» дескен болатұғын «лебізі».
Жүдеу мектеп жанып тұрған шамы жоқ,
Спортпенен айналысар залы жоқ.
Бір пәніміз болатұғын әскери,
Оның-дағы оңып тұрған мәні жоқ.
Қолымызға ағаш мылтық ұстатып,
«Смирно!» десе, қалатынбыз біз қатып.
Қыс кезінде сол әскери сабағы,
Денемізді тастайтын-ды мұздатып.
 
2. Ұмытқам жоқ…
Ұмытқам жоқ қырық бірдің маусымы,
Жазғы жайлау.
Тұман басқан тау шыңы.
Он бір жасқа шыққан кезім болатын,
Төртіншінің сыныбы да таусылды.
Күн ұядан шығысымен шықты шу.
Азан-қазан,
Абыр-дабыр,
Ауыл-аймақ у да шу.
Бір қиямет басталғанын хабарлап
Жағы сенбес «қарақұлақ» радио қу.
— Бәсе-бәсе… білінгеннен лебі таң
Көз ілінбей жатқан едім мен аң-таң.
Деп қойды атам алды-дағы жөтеліп,
Кім еді аты әлгі діктір?
— Левитан!..
— Иә, соның өзі,
Солай немере.
Кеттім шошып
Көзді уқалап: не, не, не?
Кеңестерге оқыс соғыс ашыпты,
Кім еді әлгі?.. Китлер деген немене!
Алты жаста Анашымнан айрылып,
Жүдеп жүрген кезім еді қайғырып.
«Жетім» сөзі жармасқан-ды желкеме,
Жекжаттарға қарайтынмын қаймығып.
Аңдыздаған адам қырдан, ойдан да.
Кешікпей-ақ аттанды әкем майданға.
Қырық бірдің қаңтарында өлді әжем,
Көз жұмды атам шілдедегі жайлауда.
Он үшімде астық орып, қой бақтым,
Тіршіліктің тереңіне бойлаппын.
Сұрапылдан санам ерте оянып,
Қаршадайдан ауыл қамын ойлаппын.
Майысып бел, жігіт жүгін көтердім.
Жауға деген кегім қайнап от өрдім.
Қажет болса руліңе жармасар,
Құжаты жоқ, қайраты бар шофермін.
 
(Жалғасы бар).
Мыңбай РӘШ.

ПІКІР ЖАЗУ