БЕРЕКЕ

Біздің айдай Айшаның,
Қай кезде де қолы ашық.
Шаттандырып жан-жағын,
Жүреді ылғи қарасып.

Сөмкесіне салып ап,
Тәттілерді не түрлі.
Достарына тағы да,
Таратпақшы секілді.

Бірін берді Арайға,
Бірін берді Нұрайға,
Бірін берді Ерзатқа,
Бірін берді Бекзатқа.

Бірін берді Кәусарға,
Бірін берді Гауһарға,
Бірін берді Арланға,
Бірін берді Нұрланға.

Қалды өзінде біреуі,
Ырза болып күледі.
Бөліп беріп бәріне,
Нұрланып тұр жүрегі.

Әкесі оны шақырды:
«Қызым қандай ақылды!»
Берекелі болады,
Бөліп берсең затыңды.

 

БҰЙЫРМАҒАН ҚАЙМАҚ

Көтерем деп құлаттым,
Бөпешімді елеңдеп.
Әжем оны жұбатты,
Қаймақ жасап берем деп.

Білетіндей қаймақты,
Жымиды ол да аз ғана.
Жүрдім оны ойнатып,
Қаймақ жеуге қамдана.

Әжем сүтті мол қылып,
Құйып қойды ыдысқа.
Қаймақ дайын болды-ау деп,
Жүрміз әзер тыныстап.

Айтшы, осы дұрыс па,
Ызаландым мен тіпті?!
Сүт құйылған ыдысқа,
Тышқан түсіп кетіпті.

 

ӘЖЕМ

Әжем нұрлы күн еді,
Мені жақсы көреді.
Тойға барса үнемі,
Кәмпит әкеп береді.

Сабағымды кешқұрым,
Тексереді мен үшін.
«Әрбір алған бестігің –
Сенің үлкен жеңісің».

Дейді әжем көңілі ақ,
Дарқан дала – пейілі.
Жанарынан жадырап,
Төгіледі мейірі.

Жиі-жиі бірақ та,
Сырқаттанып қалады.
Сабағыма бұл апта,
Атам ғана қарады.

Әжем жатса ауырып,
Қиналады жүрегім.
Тәңірден тез сауығып,
Тік тұруын тіледім.

 

ҚИЯЛ

Көк теңізде жалықпай,
Жүзсем шіркін балықтай.
Қанат қақсам биікке,
Қыран құстай қалықтай.

Ұшсам сонау алысқа,
Шықсам шіркін ғарышқа.
Жүгіргенде шаңыма,
Жете алмаса барыс та.

Бөлмеме әрең сиямын,
Өзімді әрең тиямын.
Шынашақтай болсам да,
Шыңдай менің қиялым.

 

ӨМІРІҢДЕ БАРМЫН БА?

Береке жоқ ісімде,
Сырласам тек түсімде.
Күндіз-түні анашым,
Интернеттің ішінде.

Не боп жатыр далада,
Не боп жатыр балаға?
Бар қызығы анамның,
Қолындағы «қарада».

Соған уақыт арнайды,
Содан басын алмайды.
Ақыл айтып әлемге,
Дүниені шарлайды.

Шын жанашыр жан мұнда,
Отырмын ғой алдыңда.
Өміріңде жан анам,
Мен негізі бармын ба?

Бар әлемде бала үшін,
Сен қымбатсың, анашым!
Бүйте берсең бір күні,
Мені таппай қаласың…

 

РАХМЕТ САҒАН…

Сырқаттансақ емдейді,
Болады ылғи әбігер.
Дертіңді емдеп, терлейді,
Рахмет саған, дәрігер.

Бала оқыту – бар қамы,
Беріп білім бұлағын.
Бар баланың бағбаны,
Рахмет саған, мұғалім.

Қаржы демеу ол үшін,
Құдай берген нәсіп дер.
Елге созған қол ұшын,
Рахмет саған, кәсіпкер.

Жақсылықтың жолы үшін,
Қайда болса барам дер.
Сен – еліңнің ерісің,
Рахмет саған, волонтер!

Ел күзетіп тұрады,
Олар – нағыз қырандар.
Рахмет саған қырағы,
Шекарашы ұландар!

Серікбол ХАСАН

ПІКІР ЖАЗУ