4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні

Атаулы күн еліміздің егемендігі мен бірегейлігін білдіретін ерекше мереке саналады.
1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет ресми түрде бекітілді. Содан бері бұл күн ұлттық мереке ретінде аталып өтіп келеді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің тәуелсіздігін, тарихын, рухын және болашағын бейнелейтін маңызды нышандар. Қазақстан Туы – бейбітшілік пен болашаққа деген сенімді білдірсе, Елтаңба – ел тарихы мен мәдениетін, ұлттық болмысын айшықтайды. Ал Әнұран – елдің бірлігін, намысын оятатын ұлы рухтың сарыны іспетті.
Рәміздер күні — әр азаматтың жүрегінде отансүйгіштік сезімін нығайтып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған. Сондықтан да бүгінгі күн – тек рәміздерді еске алу емес, елге, оның болашағына деген сенімді нығайтатын ерекше күн ретінде ұлықталады.
Биыл Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 33 жыл толып отыр. 1992 жылы 4 маусымда еліміздің туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде бекітілген болатын.
1992 жылы алдымен мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды. Арнайы шығармашылық комиссия да жасақталды. Осыдан кейін елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланған болатын.
Конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Әрбіреуі рәміздердің бірнеше үлгісін ұсынды. Мәселен, мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Соның ішінен суретші Шәкен Ниязбековтың нұсқасы бекітілді.
Бүгінде Қазақстанның ең үлкен туы Астана қаласында орнатылған. Оны қаланың кез келген жерінен көруге болады. Тудың ауданы – 450 шаршы метр. Биіктігі – 15 метр, ені 30 метр, ал салмағы – 70 келі. Оны мемлекеттік стандарт бойынша тігеді.
Тудың конкурсына 1200 эскиз түссе, елтаңба байқауына 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі жіберілген болатын. Комиссия сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегін үздік деп таныды. Ол кезде Жандарбек Мәлібеков 50 жаста еді. Өзбекстандағы Самарқандтың бас сәулетшісі болып жұмыс істеді.
«Отанымда осындай тарихи оқиғалар болып жатқан кезде шетте қала алмадым. Сол себепті конкурсқа қатыстым. Конкурсқа 300-ге жуық эскиз түскенін де білдім. Талқылау кезеңінде елтаңбаға күн, ай, жұлдызды қосуды ұсындым. Кей депутат айды ислам фундаментализмінің, ал жұлдызды – кеңестік кезеңнің символы деп санады», — деп еске алады Мәлібеков.
Былтыр президент Елтаңбаны өзгертуге болады деген сөзінен кейін сарапшылар тағы бес жұлдызды сынға алды. Депутаттар да өз ұсыныстарын жариялады.
2018 жылы елтаңбада «Қазақстан» жазуы латын графикасымен QAZAQSTAN деп жазылатын болды.
Рәміздер конкурсында әнұранның 750 нұсқасы қаралған болатын. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтауға шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды. Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжмеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді. Ал 2007 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА