26 алтынның иегері

Әділеттің қоржынында барлығы 42 медаль бар
Біздің сыныптың мақтан тұтар тұстары өте көп. Әр оқушының бойынан бір дарындылықты байқауға болады. Мысалы: Базарбаев Әділетті алар болсақ спортпен бес жасынан бастап айналысуда. Таэквондоның қыр-сырын жіті меңгеріп, табыстарға жетіп келеді. Өйткені қазіргі таңда 14-жасар Әділет 42 медальдің иегері. Оның ішінде 26-сы алтын, екеуі қола, қалғандары күміс медальдар. Он екі жасында «Спорт шеберлігіне үміткер» (КМС) атағын алған. Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі жарыстарға қатысып, жеңіспен оралды. Әділетті Қырғызстандағы қарсыластары да құрметпен қарсы алатынын бапкерлері Ибраимов Ғайни мен Алибекова Жаннұр қуана айтып отырады. Тіпті, сол елдің бапкерлері Әділетті «пушка» деп атайды екен. Екі рет Қытай Республикасына барып, екеуінде де алтын медаль олжалап, туған елге жарқырап оралды. Қытайға алғашқы жиналғанында Әділет өзіміздің Дарынды балаларға арналған гимназияны басқарып отырған директорымыз Нағима Сағатқызына барып, бата сұраған екен. Нағима Сағатқызы «ақ жол» тілей отырып, оған бір тілім нан ұсыныпты. Бұл туған жердің дәмі, сені қорғап-қолдасын, жеңіспен оралуыңды тілеймін деген.
«Шет елде жүргенімде туған жердің дәмінің иісі бұрқырап, мені сол дәм жеңіске жетеледі» — дейді Әділет. Міне, сыныбымызда осындай оқушылардың барын мақтан тұтып айта аламыз.
Ақерке МАЛДЫБЕК.
Алматы облысы, Алмалыбақ ауылы.

ПІКІР ЖАЗУ