1921-1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШТЫҚҚА – 100 жыл ЖЫЛДАРДАҒЫ АШТЫҚ: АҚМОЛА ӨҢІРІ

Саяси қуғын-сүргіндерін толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комссияның қызметін ақпараттық қолдау және түсіндіру тақырыбына

1921-1922 жылдары Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губернияларында және Адай уезінде ашаршылық кең етек алып, қазақ халқы миллиондап қырылғаны мәлім. 2 653 300 адам тұрғыны бар және Қазақстанның азық-түлік өндіру ісінде үлкен маңызы болған бұл бес губерния аштыққа неге ұшырады? Әрі еліміздің басқа өңірлері аштықтан аман қалды ма? Аштықтан өлген адам саны қанша болды? Міне, осындай сұрақтарға іргелі де кешенді зерттеу жүргізу арқылы анықтау ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың қарашасында құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның негізгі мақсаттарының бірі.

«Әскери коммунизм» жылдары, 1918-1921 жылдардың көктеміне дейін республика шаруашылығының күйреуі, яғни мал басының күрт кеміп кетуі, егін салатын жер алқаптарының қысқаруы, сондай-ақ, халықты күштеп еңбекке тарту, міне, осының бәрі 1921 жылға қарай қоғамның азып-тозуына, елдің жаппай аштыққа ұшырауына алып келді. Сонымен бірге, 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық шаруашылықты түпкілікті күйретіп, халықты үлкен дағдарысқа түсірді. Бұл жағдайда Орталық ашаршылыққа ұшыраған Қазақстанға жәрдем көрсетудің орнына, оны Ресей ашыққандарына көмек беруге міндеттейді. Бұл уақытта Ресейдің Астрахань, Царицын, Саратов, Самара, Сімбір, Уфа губернияларын да аштық жайлаған болатын. Сонымен қатар, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Қазақстанның бес губерниясы: Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей мен Адай уезінде аштық басталды деп ресми түрде жариялағанымен, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ашыққан жергілікті халықтың – қазақтардың жағдайын жақсарту үшін Қазақстан территориясындағы басқа ұлт өкілдерін, мәселен, украиндарды өз республикаларына қоныс аудару туралы қойған ұсыныстарын орындауға рұқсат етпеген. Тіптен, ол кезде Қазақстанға Ресейден 2 000 000 адам қоныстандыру белгіленеді. Осыдан кейін Орталық комитет Украинаға қоныс аударушыларға ресми түрде тыйым салады.

Үкімет тарапынан республика ашыққандарына көмек беру органы, яғни Ашыққандарға жәрдем көрсету жөніндегі Орталық Комиссия Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанынан 1921 жылы шілденің 15-інде құрылады. Бұл Комиссия ашыққандарға жәрдем көрсету ісінде барлық Халық Комиссариаттары мен кеңестік мекемелердің орталықта, сол сияқты жергілікті жерлерде қызмет етуіне басшылық жасау үшін, аштыққа ұшыраған аудандарда ауыл шаруашылығын сақтап қалу шараларын ұйымдастыру және табиғат алапаттарының алдын алу үшін ашылған.

Аштықпен күрес жұмыс шараларын ұйымдастыру үшін Орталық Комиссия басшылығымен Халық Комиссариаттары жанынан аштарға жәрдем көрсету Комиссиялары құрылады.

Орталық Комиссияға 3 түрлі: отырықшы, жартылай көшпелі және көшпелі республика тұрғындарының жалпы санынан мемлекет қамқорлығына мұқтаж ашыққан тұрғындардың санын анықтау қиынға соғады. Сондықтан, Орталық статистикалық басқарма тұрғындары экономикалық топтарға бөлу жолымен, олардың шаруашылық жағдайының деңгейіне қарай, сондай-ақ, тұрғындарда қалған заттық және азық-түлік ресурстарын есепке алу арқылы Казақстанда аштыққа ұшыраған адам саны 2 000 000 деп анықтаған.

Мұрағат құжаттарына жүгінетін болсақ, аштық кең белең алған бес губерния мен Адай уезінде ашыққан тұрғындар саны 1922 жылғы қаңтардағы мәліметтер бойынша төмендегідей болды: Орынборда – 437 776, Қостанайда – 252 816, Ақтөбеде – 359 326, Оралда – 277 835, Бөкейде – 100 000 және Адайда 75 000. Бірақ, бұл нақты деректер емес. Өйткені, сол уақытта республиканың жағдайы жақсы саналған губернияларында да аштыққа ұшыраған тұрғындар болғаны мәлім. Мәселен, Ақмолада ашыққандар саны – 100 670-ды құрады. (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (алда-ҚР ОММ).- 320-қ.-1-т.-45-іс.-108-п.)

1922 жылдың қаңтар, ақпан айларында Челябі, Қостанай, Самар губернияларының ашыққандары, барлығы 470 000 адам Ақмола губерниясына ағылған (ҚР ОММ.- 320-қ.-1-т.-45-іс.-123, 124-пп.). Мұндай жағдай губернияның экономикалық жайын қалыптан шығарып, азық-түлік тепе-теңдігін бұзды. Ал бұл губерния әкімшілігін қиын жағдайға қалдырады. Өйткені Ақмола губерниясы республиканың аштыққа ұшырамаған аудандарының қатарында саналып, Қостанай ашыққандарына жәрдем беруге міндеттелген болатын.

Жоғарыдағы жайға байланысты Ақмола губерниясы Орталықтан Петропавл, Көкшетау, Атбасар уездерін аштыққа ұшыраған аудандар деп санап, жиналған жылуды губерния ішінде пайдалануға рұқсат сұрайды. Орталық Комиссия Ақмоланың жағдайын ескеріп, Қостанай ашыққандарына жәрдем көрсету міндетін Семей губерниясына жүктейді. Сондай-ақ, Ақмола губерниясында азық-түлік даярлау ісі 1921 жылдан 1922 жылдың ортасына дейін Мәскеудегі орталықтар арқылы жүргізілген.

1921-1922 жылдары Ақмола өңірінде де аштықтан адам етін жеу оқиғалары орын алған (Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік қалалық мұрағаты (алда-МҚМ.).-244-қ.-1-т.-106-іс.-57 п.). Сондай-ақ, 1924 жылы да Ақмола уезін аштық жайлағаны белгілі. Уез бойынша ашыққандар саны 25000 адам болса, соның 7000-ын қала тұрғындары құраған. Бұл кезде ашыққандарға азық-түлікке арнайы карточкалар таратылған. Осы арада ерекше бір мән беретін жәйт, ол Ақмола қаласында ашыққандарға көмек көрсету үшін мұсылмандар комиссиясы құрылып, жәрдем берген (МҚМ.-244-қ.-1-т.-106-іс.-25 п.). Алайда, қазіргі уақытта Ақмола өңірінде 1921-1922 жылдары және 1924 жылы аштықтың қандай деңгейде өткені туралы нақты деректер келтірілетін тиісті зерттеулер өте аз. Сондықтан қазақ халқы үшін орны толмас қасірет әкелген 1921-1922 жылдардағы аштық мәселесін еліміздің өңірлері бойынша зерттеп-зерделеу аса қажет.

Теңгеш Қаленова, т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының доценті, Ақмола өңірі бойынша қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын толық анықтау және зерттеу жұмыстары бойынша құрылған Өңірлік комиссияның 8-жұмысшы тобының мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ