Үйренгенің артық болмас

Әлемнің бірінші чемпиондары танылған тұста шахмат – ересектердің ойыны деп саналған-ды. Михаил Чигорин шахмат ойнауды 16 жасында ғана үйренген. Осыған қарамастан ол аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп, әлем біріншілігінде Стейницпен жауапты екі матч ойнайды. Шахматтың үшінші тәжін киген кубалық Хосе-Рауль Капабланка 4 жасында әкесі мен ағасының арасындағы ойынды тамашалауды ұнатқан екен. Содан бірте-бірте үнсіз бақылап қана қоймай, өз пікірін ортаға салатындай дәрежеге жетеді. Бірде мынандай қызық оқиға орын алыпты. Әкесі ақ атының бірін мүлдем басқа шаршыға жылжытады. Көріп отырған баласы күліп жіберіп, әкесінің қате жүргендігін ескертеді. Міне, осы кезден бастап үй ішіндегілер Хосе-Раульдің пікіріне мән бере бастайды. Ол бірнеше жыл бойы үй ішінде анда-санда шахмат ойнауды әдетке айналдырады. Сегіз жасында ғана оған демалыс күндері шахмат клубына қатысуына рұқсат беріледі.  Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары шахмат жасара бастады. Оқушылар сарайындағы үйірмеде тәлім алған Ботвинник пен Спасский 16 жасында шебер атанады. Ал Чигорин бұл жасында шахмат әлеміне жаңадан қадам басқандығы жөнінде жоғарыда ескерттік. Дүниежүзінде дарынды жастардың көбейіп келе жатқандығына байланысты Халықаралық шахмат ұйымының федерациясы болып саналатын ФИДЕ жастардың жеке біріншілігін өткізуді жөн санады. Тіпті қыздар және ұлдар арасындағы 10-12 жастағы балалар чемпионатының байрағы тұрақты түрде көтерілетін дәрежеге жетті. Алайда әлемнің төрт бұрышынан қаулап өсіп келе жатқан шахматқа әуестену-шілердің көптігіне орай, ФИДЕ ендігі кезде 8 жастағы балалар біріншілігін ұйымдастыруды құптады. Бұған қатысу үшін бала кем дегенде бес жасынан бастап шахмат әліпбиімен танысуы керек болады. Тәжірибеде анықталғанындай, бүлдіршіндер шахмат ойынын игеруді тез қабылдайды. Комбинациялық әдісті тіптен жылдам игеретін көрінеді.  Нұрлан ҚҰМАР. Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ