Тың төсінде еңбек Туын желбіреткен

5bet_f13Кезінде ауыл шаруашылығы майданын қыздырып, Социалистік Еңбек Ері ең жоғары наградасын кеудесіне тағып, аты әйгілі болған Кәмшат Дөненбаева бүгінде жасы алпыстан асып, әже деген жасқа жетті. Соған қарамастан, «Қалың орман» серіктестігін басқарады. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да араласып, көптеген мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Қазір Қостанай қаласында тұрады.

— Кәмшат апай, бүгінде балаларымызға Сізді кезінде «К-700» — деген алып трактор айдап, құлағында ойнаған десек, ертегі-аңыз айтып отырғандай көрінеді.
— Әлбетте, өйткені бүгінгі заманның балалары бірен-сараны болмаса, ауыл шаруашылығы техникаларын түгел біледі деп айта алмаймын. Ал, енді мына заманда қыздардың, әйел-аналардың көпшілігі автокөлік жүргізеді. Бұл таңсық емес. Заман ілгерілеген сайын әйел-Ананың мүмкіншілігі көп, тек соны тиімді пайдалана білген жөн.
— ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары өрімдей қызбалаға трактор жүргізу ойы қайдан келді?.
— Техникаға деген құштарлығым бала кезімнен басталды. Елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру басталғанда, тұлымшағым желбіреген 11 жаста едім. Сол кезде облыстың бұрынғы Ленин, қазіргі Ұзынкөл ауданында тұратынбыз. Тың игеруге Украина, Белоруссия, Молдавия, Ресейден жастар біздің өңірге ағылып келе бастады. Дала төсінде дүбірлі еңбек басталды да кетті. Осылайша, тың арна тартты. Ауыл көркейіп, мәдени-мекемелер бой көтерді. Егіс даласында қаздай тізіліп, тың жерлерді игере бастаған техникалар дүбірі менің бала жүрегіме ерекше әсер қалдырды. Сөйтіп, 1963 жылы «Меңдіқара ауданының «Каменск-Уральск» кеңшарында МВ-5 маркалы, кабинасы ашық тракторды жүргізе бастадым.
— Кәмшат апай, ерлермен қатар даланы трактор әуеніне бөлеген қыз туралы жігіттердің көзқарасы қандай болды екен?
— Ой, қызым-ай, трактор айдаған қызға өмірлік ұсыныс айтуға жігіттер жүрексінді ме дегенің ғой (ақ жарыла күлді). Қалжыңның астарын түсіндім. Әрине, әрине, біздің менталитетіміздің ұғымында, қыз бала – отанасы. Ол – тек үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысу қажет. Солай бола тұра ерте кетіп, кеш келетін, науқан кезінде қос басында түнеп, апталап үй көрмей кететін бойжеткеннің жүрегін Дөненбаев Темірбек есімді азамат жаулап алды. Мамандығы – агроном. 1967 жылы отау құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірдік.
— Уақытында Жадыра Тастанбекова, Ұлбала Алтайбаевадай жер-жерде трактор руліне отырған, еңбек майданын қыздырған қыз-келіншіктер көбейді. Олардың есімін естіп, арнайы танысқан құрбылырыңыз болды ма?Жалпы мамандықтың қыз бала үшін айырмашылығы бар ма?
— Біздің кезімізде дәл қазіргідей әртүрлі басқосулар көп өткізілетін. Сонда кездесіп қалатынбыз. Иә, мәселе қандай кәсіппен айналысқаныңда емес. Таңдаған мамандығыңның қыр-сырына қанығып, ерінбей еңбек етуде. Сол кездегі қыз-келіншіктер ауыртпалықтан қашпай, тер төкті. Оның жемісін көрді, 2004 жылы тың және тыңғайған жерлерді игерудің 50 жылдығы елімізде ерекше аталып өтті. Айтулы мерекеге орай Астана қаласында өткен арнайы мәжілісте Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан медаль алдым. Сонда тың игерген облыстардағы әріптестерімді көрдім.
— Адал еңбегі әділ бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Кәмшат апамыз зейнеткермін деп отырмайтынын байқап қалдық.
— Мен 1993 жылы зейнет демалысына шықтым. Құрметті демалысқа шыққан соң, Қостанай қаласына көшіп келгенмін. Жеке үйіміз бар. Есік алдына картоп, жеміс-жидек өсіреміз. Кезінде қайнаған жұмысқа үйреніп қалғандықтан, бір мезгіл жұмыс істемей отыра алмаймын. Өзім еңбек еткен Боровской, қазіргі Меңдіқара ауданындағы «Харьков» кеңшарының жерінен шаруа қожалығын ашқанмын. Қазір сол «Қарқын» ЖШС өзім басшылық жасаймын. Әйел – ана, әже үшін бала сүйіп, тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосу мен немере, жиендерді бағу қуанышына бөлену – бақыт. Мен өзімді сондай бақытты әйел – ананың бірімін деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!

Сұқбаттасқан: Ж. КУЧУКОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *