Кедей

Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Ол дөңгелентіп, дүние-мал жиған адамдарға қызыға қарапты. Осы ой жиі мазалай берген соң, бір күні ауыл абызына барыпты.
Абыз:
— Қарағым, тірлік етсең, сенің де осындай мал жиып алуыңа болады. Алайда мұның бәрі тек еңбекпен келеді,- депті.
Мұны құп көрген кедей бір байға жалданыпты. Киімі көк, тамағы тоқ күй кешіп жүріп жатады. Бірде мал бағып жүріп, далада ұйықтап қалады. Түсінде
« Ей, кедей, осыдан бес айлық жерде үлкен орман бар. Орманның ортасында үлкен көл бар, сен сонда бар,- деп аян береді. Кедей неше күн не істерін білмей сандалып жүріп, ақыры Абызға барады. Абыз:
— Бұл да болса, саған жасаған тәңірдің сыйы шығар. Бар да жолға әзірлен,- дейді.
Неге болса да белін бекем буған кедей ақыры жолға шығып, әлгі орман мен көлді іздеп табады. Жайқалған шөп, шулаған құсты көрген кедей қуанғанынан есі шығады. Ол балық аулап, құс атып күн көреді. Бірде тағы түс көреді. Түсінде «Ей, кедей, қашанға дейін құс атып, балық аулап жүре бересің. Сен өз керектіңді іздеп тап» дегенді айтады. Кедей тағы да неде болса тәуекел деп, суға түседі. Су сондай жылы, әрі мөлдір екен. Тіпті су түбіндегі тіршілікке көз тояр емес. Осылай қызықтап жүрген оның көзі су түбіндегі тосын бір затқа түседі. Сүңгіп барып, әзер дегенде оны жағаға алып шығады. Шағын сандық екен. Ашса, іші толы алтын. Есі шыға қуанған кедей тезінен еліне қайтады. Тағы 5 ай, 5 күн жол жүріп, еліне қосылып, тағдыр берген тартудың арқасында мал жиып, дүниені дөңгелентіп әкетеді.

Саявуш АСЫЛХАНОВ.
ШҚО. Ұржар ауданы,
Қабанбай ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *