Қыз бен шал

7bet_f15Ертеде жасы он сегізге толған бір ақын қыз ауыл-аймақтың ішіндегі бозбала, жігіт-желеңге өлеңмен ұпай салып, айламен ығыр қылыпты.
Содан ел жігіттері алыс жердегі атақты ақын шалды ат-шапанын беріп, қызбен айтыстыру үшін алып келеді. Қыз бұдан хабардар болады.
Екеуіне арнайы қызойнақ ұйымдастырады. Көпшілік жиналған соң, шал қызға «айтысалық» деп өлең айтады. Қыз өзінің талабын жасырмайды. Суретті салған О.Грачева.
— Сізді шал демейін, айтысайын. Бірақ алдымен бір жұмбағым бар, соны жасыруға рұқсат беріңіз, — дейді. Шал рұқсат береді. Қыз жұмбағын айтады:
— Бес – күшік, он –ит, жиырма – бөрі, отыз – арыстан, қырық – қабылан, елу — өгіз, алпыс – арқан, жетпіс – тұсау, сексен – шідер, тоқсан – торғай, жүз – жұмыртқа. Осының сырын ашыңыз.
— Адамның жасы мен күш-қайратын жұмбақтап отырсың, — дейді де, шешуін тауып, жауап қайырады. – Бес жаста адам баласы күшік мінезді. Онда  — иттей, жиырмада  — бөрідей, отызда – арыстандай, қырықта – қабыландай, елуде – күші көп момын өгіздей, алпыста – арқандалған аттай, жетпісте – тұсауланады, сексенде – арқандалады, тұсалады, тоқсанда – тұралып, торғайдай халде болады, жүзде – шертіп қалсаң жарылатын жұмыртқадай ғана қауқары қалады.
Қыз шалдан:
— Өзіңіз нешедесіз? – деп сұрайды.
— Жасым алпыс бесте, — дейді шал, — арқандалғаныма біраз болып еді, осы күнде жұлқына беремін. Тұсау салып қойыңдаршы дегенді естіп жүрмін.
— Ата, — деді қыз, — бұрын қыран болсаңыз да балақбау байланып, тұғырға отырған екенсіз. Тұлпар болсаңыз да арқандалған екенсіз. Арқанның ең ұзыны – жолаушының арқаны, қырық құлаш. Мен қызыл алтайы түлкімін. Сіз алатын қырық құлаш жерді баспаймын.
— Менің ендігәрі қатар емес жасқа қағылмағаным болсын, — деп, шал қызға батасын береді. Қыз саусағынан алтын сақинасын суырып, қалтасынан жібек орамалын алып, шалдың алдына қояды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *