Өнерімен өлімді жеңген баба

6bet_f15Қорқыт – оғыз-қыпшақ тайпаларының VIIІ-IX – ғасырларда ғұмыр кешкен ұлы ойшылы, батагөй ақыны, дәулескер күйшісі, келер күнді  болжайтын көріпкел бақсы. Оның өмірде болғаны, VIIІ-IX – ғасырларда Сыр бойында  өмір сүргені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қамы (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, ана жағынан қалың Қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қарақожа деген кісі болса керек.
Тарихи деректерге сүйенсек, ол кісінің туып өскен жері Сыр суының аяғына орналасқан Жанкент қаласы сияқты да, жерленген жері Қармақшы ауданының орталығынан 18 шақырым жердегі қазіргі Қорқыт бекеті тұрған тұс. Қорқытты анасы құрсағында үш жыл бойы көтеріп босанған кезде, жер үстіне үш күн, үш түн қараңғылық түсіп, нөсер жаңбыр жауып, сұрапыл дауыл соғып, ел-жұртты қатты қорқытыпты. Содан болар, баланың аты Қорқыт атанып кетіпті. Аңыз бойынша нағашылары сыйлаған ақ тайлақ өсе келе желмаяға айналып, талай оқиғаларды  басынан кешірген бабамыздың серігі болады. Тұлпар мінбей желмаяны таңдауының да сыры әріде жатқан секілді. Екеуі де ғарыштан түскен тіршілік иелері секілді, түсініксіз сиқыры көп жандар.
Қорқыт туралы ең алғашқы хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы» болса, мұның өзі XV-ғасырда жазылған. Бірі 12 тараудан тұратын Дрезден (Германия) нұсқасы, екіншісі 6 тараудан тұратын Ватикан (Италия) нұсқасы. Кітап «Қорқыт ата кітабы» деп аталғанымен, бұл Қорқыт ата жазған еңбек емес. Қорқытты пір тұта отырып, негізінен сол заман туралы белгісіз автордың жазған еңбегі.  
Бұл орайда Қорқыт туралы аңыз-әңгіме түрінде, заттық айғақ (мола) түрінде жеткен, күй түрінде, ең мол дерек көзі оғыздардың ата жұртында сақталған. В. Бартольд пен В. Жирмунский сияқты білікті ғалымдардың «Қорқытты қадірлеудің Сырдария өңірінде мың жылдық өнегесі бар» деуі сондықтан. Мұның жарқын мысалын Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін терең білген Әлішер Науаи (1441-1501) еңбегінен табуға болады: «Бетінде нұр жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ. Оның даңқы ешкімге жаткізбейтін еді» — дейді ол. Қорқыттың аса ірі тарихи тұлға екеніне жан-жақты зерттеу жұмыстарынан кейін көз жеткізген адам, белгілі фольклоршы Ә. Диваев. Ол Қорқыт бейітін Қазалы уезі бастығының көмекшісі, полковник И. Арзамасовқа  арнайы суретке түсіріп, бұл бейіттің тозып, Сырдарияға шайылып кету қаупі төніп тұрғанын шырылдап бірнеше рет хат жазады, В. Бартольдқа да арызданады. Шүкір, қазір Қорқыт бейіті қалпына келтірілді. Оның бейітінің үстінде өз ұрпағы, дарынды сәулетші Бек Ыбыраев жобалаған ескерткіш кешен орнатылған.
Иә, Қорқыт қазақ үшін ең алдымен  күй атасы. Өзі ойлап тапқан қобызда күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы. Қобызын серік етіп, ел қамы мен халық тағдырын болжайтын көріпкел бақсысы. Оның өміріне қатысты аңыз-әңгіменің басым көпшілігінің күймен көмкеріліп, күймен сабақтасып жатуының сыры осында. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт толғауы», «Қорқыт сарыны», «Кілем жайған», «Арыстан баб», «Тәңірі күйі», «Көк  бұқа», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, көне сарындар күні бүгінге дейін тартылады. Бұл күйлердің аңыз-әңгімесінен де бұрын әуен-сазындағы қарапайым көнелік, бақсы сарындарымен үндестік, әсіресе өмір құбылыстарына тікелей еліктеушілік ең алдымен Қорқыттың тарихи тұлға екеніне күмәнсіз айғақ болғандай. Иә, ол өзінің өнері арқасында шын мәнінде өлімді жеңген адам.
«Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші  және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды», — дейді В.В. Бартольд. Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті деген мынандай мақал сөздер орнықтыра түседі:
Тәкаппарлықты тәңірі сүймес
•Қара есектің басына жүген таққанмен – тұлпар болмас.
•Өлгендер қайтып келмейді, шыққан жан қайтып енбейді.
•Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман.
•Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.
•Өтірік сөз өрге баспайды.
•Сайдың шөбін жекен білер, түздің шөбін бөкен білер.
•Құстың қонар жерін – су білер, малдың барар жерін – ну білер.
•Бас аман болса – бөрік табылады.
•Топырақ тау болмайды.
•Тәкаппарлықты тәңірі сүймес.
•Дәулетті ұл – ошақтың қоры, дәулетсіз ұл – атаның соры.
•Қанша байлық жисаң да – бұйырғаннан артық жей алмайсың.
Дайындаған Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *