ТҮРКІ ТАРИХЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ГУМИЛЕВ

d0b3d183d0bcd0b8d0bbd0b5d0b22Лев Гумилев 1912 жылдың 1 қазанында Царский селода дүниеге келді. Ол әйгілі ақындар Николай Гумилев пен Анна Ахматованың ұлы еді. Балалық шағынан Тверь губерниясы Слепново Бежецкий имениесінде әжесінің қолында тәрбиеленеді.
Ол 1917 жылдан 1929 жылға дейін Бежецкте, 1930 жылдан Ленинградта (қазір Санкт Петербург) тұрады. 1934 жылдан Ленинград университетінің тарих факультетінде оқи бастайды. Әке-шешесінің ақсүйектер тегінен шығуы, олардың қуғын-сүргінге ұшырауы балалары Гумилевке де оңайға соқпаған. 1935 жылы оқудан шығарылып, қамауға алынады, бірақ көп өтпей босатылады. Екі жылдай өз бетінше оқып, ежелгі түркілердің тарихы мен шығыс тілдерін зерттейді. 1937 жылы ЛГУ- дағы оқуын қалпына келтіреді.
1938 жылдың наурызында ЛГУ-дің студенті болып жүрген кезінде тағы қамауға алынып, бес жылға сотталады. Мерзімін Нориль лагерінде өтеп, сондағы мыс-никель шахтасында техник-геолог болып қызмет істейді.
1944 жылдың күзінде өз еркімен Кеңес армиясына алынып, 1386-ыншы зенитті-артиллериялық полкта қатардағы жауынгер ретінде соғысады. Бірінші Белорус майданы құрамында жүріп, соғысты Берлинде аяқтайды.
1945 жылы әскерден босап, ЛГУ-дағы оқуын қалпына келтіріп, 1946 жылы аяқтайды да, Ленинградтағы Шығыстану иниститутының аспирантурасына түседі. Бірақ көп өтпей «таңдаған мамандығы бойынша филологиялық дайындығы сай келмейді» деген себеппен оқудан шығарылады. Ғылыми жұмысы тағы үзіледі. Кейін ол кітапханашы, Таулы-Алтай экспедициясында ғылыми қызметкер болып қызмет істейді. Әйтеуір 1948 жылы оған Түрік қағанатының тарихы бйынша кандидаттық диссертация қорғауға мүмкіндік туады. Оны тағы да қамауға алғанша, бір жылға жуық уақыт КСРО халықтары Этнография мұражайында аға ғылыми қызметкер болып істейді. Жеті жылдық жаңа мерзімді ол Қарағанды мен Омск түбіндегі лагерлерде өткізеді. Осы уақыт ішінде ол «Ғұндар» мен «Ежелгі түркілер» атты екі ғылыми монография жазып шығады. 1956 жылдың мамырында қылмысы анықталмағаннан кейін ақталып, түрмеден шығады.
1956 жылы Ленинградқа оралып, «Эрмитажға» жұмысқа тұрады. 1960 жылы «Ғұндар» атты кітабы шығады, лагерде жүргенде жазған «Ежелгі түркілер» докторлық диссертациясын 1961 жылы қорғап, 1963 жылы Ленинград университетіндегі География иниститутына аға ғылыми қызметкер болып орналасып, сонда өмірінің соңына дейін істейді. 1960 жылдан университетте халықтанудан лекциялар оқып, сол арқылы студенттердің үлкен сүйіспеншілігіне бөленеді. Оның ғылым жолындағы алға басуына «саяси сенімсіз» деген айыптау кедергі жасауын қойып, баспа жүзін көрген еңбектероінің саны бірден көбейеді. Дегенімен оның «Этногенез бен Жер биосферасы» екінші докторлық диссертациясын 1974 жылы қорғағанымен, ғылыми комиссия енді оның авторын емес, еңбегіндегі ой-пікірін «сенімсіз» деп, ұзақ уақыт бойы бекітпей қояды.
1980 жылдары Гумилев ең оқырманы көп оқымыстылардың біріне айналады, ал оның кітаптары көп тиражбен жарық көріп жатты. Жүйкесіне түскен күш, шектен тыс көп еңбектену ұзаққа апармайтын еді. 1990 жылы инсульт алғанымен, ғылыми еңбектенуін қойған жоқ. 1992 жылдың 15 маусымында Лев Гумилев қазаға ұшырады.
Тарихшылар Гумилевті Еуразияның көшпелі халықтарының тарихын зерттеуде үлкен үлес қосқан түрколог ретінде жоғары бағалайды. Ол көшпелі халықтар тарихта тек тонаумен және қиратумен ғана айналысты деген батыста кең тараған пікірді жоққа шығарды. Ежелгі Русь пен дала халықтарының (Алтын Орда соның ішінде) қарым-қатынасын екі жағы да ұтып шыққан күрделі құбылыс деп бағалады. Оның бұл көзқарасын отандастары отаншылдық дәстүрге қайшы келеді деп бағалаған еді.
Кейін кеңестік идеология күйрегеннен соң, Гумилевтің көптеген идеяларына Ресейдің ғылыми қоғамдастығы түсіністікпен қарай бастады.

2005 жылдың тамызында Қазан қаласының мың жылдық мерейтойына орай, Қазанда Лев Гумилевке ескерткіш орнатылды.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен 1996 жылы Астанадағы Еуразия Ұлттық университетіне Гумилевтің есімі берілді. 2002 жылы университет қабырғасында Л. Н. Гумилевтің кабинет мұражайы құрылды.
Лев Гумилевтің негізгі еңбектері: «Этногез және Жер биосферасы», «Көне түркілер», «Ғұндар», «Қиял патшалығын іздеу», «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» және тағы басқалар.

Дайындаған: Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ