Қаламына құт қонған

5bet_f21Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан комсомол сыйлығының иегері, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің 75 жылдық мерейтойы жер-жерде кеңінен аталып өтіліп жатқаны өздеріңе белгілі. Еліміздегі ең еңбекқор да қарымды жазушының бірі ретінде танылған Қадыр аталарың күні кеше 20 томдық толық шығармалар жинағын, 11 томдық аудармалар кітабын жарыққа шығарып, қазақ әдебиетін сүбелі үлесімен байытып тастады. Бір қызығы, Қадыр аталарың әдебиет әлеміне алғаш табалдырық аттағанда, 1959 жылы «Көктем» атты балалар кітабымен тұсауын кесіпті. Одан кейін дүниеге келген «Күміс қоңырауы» балалар сүйіп оқитын, балалардың кітап сөресінің төрінде тұратын классикалық дүниеге айналғаны қашан. Сол кітаптардан алынған ең таңдаулы шығармалар өз алдына екі томдық жинақ болып, «Балалар әдебиеті» баспасынан жарық көрген екен. Қадыр аталарыңды мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілей отырып, кітаптағы бірнеше өлеңді өздеріңе тарту еткенді жөн көрдік.

Баспалдақ
Баспалдақ,
Баспалдақ,
Барады аспандап.
Өрлейді,
Өрлейді.
Әлсіздер терлейді.
Әжетай!
Сен түгіл,
Қалам мен ентігіп!
Атамның амалы –
Тұрады демалып.
Екеуін бір аттап
Шығамын…
Бірақ та
Арманға,
Мұратқа
Жетпейсің бір аттап!

Шеге қағу
Қайда қағу?
Неге қағу?
Үлкен өнер – шеге қағу.
Сотқарыңның бірі – балға,
Саусағыңды ұрып алма!
Ұрдың екен қатырып ұр:
Сіңіріп ұр!
Батырып ұр!
Қақтың екен өткізіп қақ!
Жетесіне жеткізіп қақ!
Ерегеспе!
Сайыс құрма!
Бір шегеңді майыстырма!
Қайда қағу?
Неге қағу?
Ең қиыны – шеге қағу!
Ал түзету тіптен қиын.
Түсінесің біткенде үйің!

Сұрау
Жақсылықты сүрлеме!
Ақ көңілді кір деме!
Сұрау деген
Біреуден
Алу емес бірдеңе!

Келісті сөз құрасаң,
Теріс сөзді бұра сал!
Айыбы жоқ
Данадан
Ақыл-кеңес сұрасаң.

Өмір өзі мың сабақ,
Өтеміз біз күн санап.
Аурулардың хал-күйін
Сұрап қайтсаң,
Ол – сауап!

Жатсырама жалғызды,
Жібіте біл тоң-мұзды.
Сұрай алсаң сүйінші,
Қуанқаның ол бізді.

Жығыл!
Құла!
Не сүрін!
Тимесін тек кесірің.
Айыбы жоқ
Басқадан
Сұрай білсең кешірім!

Беру
Жердің өзі бір кеме,
Жетісіп жұрт жүр деме.
Ағайынға ағайын
Беру керек бірдеңе.

Иттік қарап жата ма!
Оны бірақ атама!
Енші беріп,
Біздерді
Шағырады ата-ана.

Келесіден келесі,
Көп өмірдің белесі.
Беру керек үлкендер
Кішіге ақыл-кеңесін.

Аз ба жұртқа керегі!
Керегін ел көреді.
Біреу тойда сөз берсе,
Біреу бата береді.

Көрген кезде күлгенді
Көңіл бағы гүлдеді.
Үлкендерге жол берсең,
Оның өзі білгендік.

Толқу
Өмір бойы,
Ұдайы
Түк бітірмеу –
Бұл айып.
Ұл болған соң
Ұлы елге
Болу керек лайық!

Көңіл деген
Әрқилы
Шалқудайын шалқиды.
Елге лайық болсам деп,
Тудың өзі толқиды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *