Президент жолдауы – халық назарында

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылы
1 қыркүйекте жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауы халық қолдауына ие болды.
Президент Қ.К.Тоқаев Жолдауда: «Біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз.
Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Біздің күш -қуатымыз – берекелі бірлікте» деп атап көрсетті.
Президент бұл Жолдауда жеті тармақты басты басымдыққа баса назар аударып отыр:
І. Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму
ІІ. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру
ІІІ. Сапалы білім беру
ІV. Өңірлік саясатты жетілдіру
V. Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру
VІ. Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау
VІІ. Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы
Осы жеті басты басымдық бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар ұстаздар қауымының да көңілінен шығып отыр. «Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар беріледі. Бір реттік ақшалай сыйақы төленеді. Балалардың ұстаздарын ынталандырған жөн», — деп өте орынды айтылған. Мұндай игі істер жастардың білімге, ғылымға қызығушылығын арттырып, оқушылардың келешекке деген жарқын көзқарасын қалыптастырады. Мемлекет қамқорлығын сезініп өскен бала, жоғары білім алып, білікті маман болғанда ел игілігі үшін жанын салып адал қызмет ететіні сөзсіз.
Жолдауда бес түрлі басты бастама көтерілген. Бірінші бастамада «Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарастыру. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру» делінсе, екінші бастамада «Бизнесте өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шаралар әзірлеу. Қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беріледі» деп көрсетілген. Жалақыны көтеру халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екені даусыз.
Үшінші бастамада «Бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу. Бизнестің жұмысында іркілістер мен шығындар болмауы үшін тиісті төлем жүйесін даярлау қажет. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуі тиіс» делінген. Бизнес саласына оң өзгерістер енгізу, қолдау көрсету арқылы бизнесті дамыту экономикамыздың дамуына да өз ықпалын тигізері анық.
Төртінші бастамада 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқа да осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетіні айтылған. Айлық жалақысы мардымсыз мемлекеттік қызметшілердің айлығын көтеру туралы бастаманы да ел болып қуана қабылдап отыр.

Бесінші бастамада бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу туралы айтылған. «Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру».
Жолдаудағы қарастырылған барлық мәселелер қоғамда ең өзекті болғандықтан өте орынды көтерілген. Бүгінгі таңда үйсіз жүрген отбасыларға да жан-жақты жеңілдіктер қарастырылып, көптеген бағдарламалар қабылданды, зейнетақы қорындағы ақшаның белгілі бөлігін үй алу мақсатында қолдануға рұқсат берілді. Үй алуға өтініш берушілер өз мүмкіндіктеріне қарай қажетті бағдарламаны таңдап, бүгінгі таңда қаншама отбасы баспанаға қол жеткізіп, мемлекеттің қамқорлығын сезініп отыр. Олай болса, ел игілігі үшін аянбай бірлесе жұмыс атқарайық.
Сөзімді Президент Қ.К.Тоқаевтың сөзімен аяқтағым келіп отыр. «Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік! Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!»

Жанар Серікқызы Мукашева
№44 жалпы орта білім беретін мектептің
тарих пәнінің мұғалімі,
Меркі ауданы

ПІКІР ЖАЗУ