Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп…

6bet_f31Бауыржан ағамыз жайлы толық дерек алу үшін, анаммен бірге Тараз қаласына келдік. Ағаның әпкесі – Ботагөз Тараз техникалық институтында оқытушы екен. Ботагөз әпке бауыры туралы тебірене айтып берді. Осы кішкентай балаға мұның бәрі неге керек демей, уақытын бөліп, естелік айтып бергеніне өзімді ерекше сезіндім. Барлық үлкен адамдардың балаға деген көңілі бала өтінішін орындауға деген ниеті Ботагөз апайдай болса, қалай қуанбайсың! Ол кісі ұстаз ғой. Сондықтан болар, балаға деген ықыласы ерекше. 
Б. Үсенов, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Қошқар ата ауылында 1961 жылы 18 тамызда дүниеге келген. 1977 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген. Асау тайдай тулаған, жалын атқан жүрегі лүпілдеп, езуіне күлкі үйіріліп тұратын жігіт жастайынан өнерлі болған. Кейде сал, сері жайлы айтылғанда, ағаны Ақан серіге ұқсатамын (әрине суретіне қарап). Жанұясында ұлдың үлкені болғандықтан, үздік оқуына, өнерде танылуына әкесі Мұқан, анасы Күлән мен әпкесі Ботагөз көп көмектесіпті.
Бауыржан ағаға өнер анасынан дарыған екен. Аға 4-5 жас шамасында, Ш. Қалдаяқовтың «Қайықта», «Ақсұңқарым», «Бәрінен де сен сұлу» әндерін анасынан қалыспай орындаған екен. Әпкесінің әңгімесін тыңдаған сайын, Бауыржан аға нағыз серілерше өмір сүрген екен ғой дедім. Ауылдың таза ауасымен тыныстап өскен аға жылқы малын, итті, көбелек қуғанды жақсы көрген. Есейе келе, ауыл арасындағы той-томалақта қолынан домбырасы түспеген. Содан, «көрікті сері жігіт» атаныпты.
Жасы 10-11-лерде ауызша шығарып, құрастырып, айтып жүрген. Кейінірек, 8-сыныпта көрші ауылдың қызына ғашық болып, өлең шығара бастайды. Содан бастап, өлеңдерін дәптерге тізе бастайды. Алғашқы өлеңі аудандық газетте жарық көреді. 1982 жылы «Ақ желкен» журналында жарияланады. Бір топ өлеңдері сол кезде «Қарлығаш» жас ақындар жинағында жарық көрген. Одан кейін «Жалын» журналында жарияланады. Бауыржанның өлеңдеріне жазушы атамыз Мұхаметжан Қаратаев батасын беріп, алғысөз жазған екен.
Өнері мен білімі, көркі мен қайсарлығы өзіне сай Баукең ағамыз, жасұландар үшін қайталанбас тұлға. Ізбасарлары оның өлеңдерін оқиды. Бауыржан Үсенов жас шағында жалындаған ақын ғана емес, әуесқой композитор болған. Әндерін жастар айтып жүреді дегенді естиміз.
Осының өзі інімнің тірі бейнесін көз алдымызға әкеледі, — дейді Ботагөз әпке.
Бауыржан ағаның отбасындағы, ұлдары Талғат пен Мұхаметхалық әке өмірінің жалғасы. Ал, жеңгеміз Гауһар – Баукеңнің асқақ арманынының орындаушысы.
— Бауыржан ағаларың шығармашылығы нағыз шарықтаған шақта, 31 жасында дәм-тұзы таусылды. Амал қанша… Тек Алла алдынан жарылқасын, — дейді әпкесі Ботагөз тебірене.
Иә, мен де анаммен бірге: «Жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болсын» дедік.

Ринат РАҚЫМЖАН.
Жамбыл облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *