Бейбітшілік пен тұрақтылық

Егемендіктің 30 жылында еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен, келешекке деген батыл мақсаты бекіген қуатты, құнды мемлекетке айналды. Қазақстандағы қоғамның рухани дамуы мен жан-жақты өсу факторларының негізі – зайырлылық екені даусыз.

 

Еліміздің Тәуелсіздік алған кезеңдегі маңызды жетістіктерінің бірі саяси тұрақтылық, конфессияаралық келісім және дінаралық толеранттылық. Республикада құқықтық теңдік, ұлты мен қай діннің өкілі болғанына қарамастан, барлық азаматтардың экономикалық және қоғамдық бостандығы үшін барлық жағдай жасалған. Әлемнің барлық елдерінде, сондай-ақ біздің мемлекетіміздің де әлеуметтік өмірінде дін маңызды рөл атқарады. Жыл өткен сайын бұл рөл күшейіп келе жатыр.

Мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың жеке модельдерін іздей отырып, көптеген елдер зайырлы мемлекеттілік қағидатына таңдау жасады. Зайырлы мемлекет – толерантты, еркін, демократиялық. Бір жағынан, мұндай үлгі ұлтты біріктіруге, мәдениетаралық қарым-қатынасты қамтамасыз етуге, ортақ іс пен өркендеу үшін диалог орнатуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, ол біртұтас халықты құрайтын этникалық топтардың, мәдени, діни қауымдастықтардың өзіндік ерекшелігін сақтайды.

Ата заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен өзара келісім ішінде жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп келеді. Республикамыз көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады.

Зайырлы мемлекеттің маңызды аспектісі – дін ережелері конституциялық жүйеге қайшы келмеуі, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі, әлеуметтік, ұлттық және діни алауыздықты тудырмауы керек. Яғни діни сенім бостандығы құқығын қоса алғанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың нақты тетігін жасайды.

Түрлі ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл бұрынғыдан да өзекті. Осы орайда Елбасымыздың тағы бір сөзі ойға оралып тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық бейбітшілік пен толеранттылықты нығайтуға бағытталған. Ар-ождан бостандығына Конституция кепілдік береді» деп нақтылаған болатын.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біздің еліміз халықтың рухани дәстүрлерін жаңғырту мен сақтаудың қаншалықты маңызды екенін нақты мысалдармен көрсетті. Мемлекетіміз тек әділетті әлемдік тәртіп адамзат қоғамының өркендеуінің негізі бола алатындығын дәлелдеді.

Абдурахман Зайнутдинов,
«Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі жетекшісі

ПІКІР ЖАЗУ