Балаларға базарлық

Шамшабану Хамзақызы 1940-жылы дүниеге келген. Ақын, ұстаз. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Шыңжаң Таңжарықтану қоғамының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Әр жылдары «Жауқазын», «Ғасыр толғаныстары», «Балаларға базарлық», «Ақжігіт-Айдай», «Арманның суыртпағы», «Шәмшабану Хамзақызының екі томдық шығармалар жинағы», «Сөз кесте», тб кітаптары жарық көрген. 1993 жылы Орта мектеп оқушыларына арналған «Қолданылмалы әдебиет» кітабы ШҰАР бойынша «3-дәрежелі ғылыми нәтиже» сыйлығын алған. «Қазақ балалар әдебиетінің бастау бұлағы», «Бесік жырлары» атты ғылыми мақалалары 2002 жылы Гангокта өткен байқауда «Дүние жүзілік таңдаулы шығарма» сыйлығына ие болған. Балалар тақырыбына жазған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Екі лақтың таласы

Жайылып жүр қоралы қой,
Отыр маған оралып ой.
Қой барады қырдан асып,
Ой келеді жырға басып.

Шықты екі лақ іріктеліп,
«Осы қойға бірікпелік».
Десіп олар бөлектеніп,
Жүрмек болды қоректеніп.

Күнделікті асын қуып,
Соны шөптің басын қуып.
Екі лақ жүгіріп жүр,
Таңдап тәтті гүл үзіп жүр.

Өрісті олар шықты сүзіп,
Құр шиырдан күдер үзіп.
Шүйгін іздеп тасқа шықты,
Шыға салып қастасыпты.

Қиындағы шөпті көріп,
Екеуі де кетті төніп.
Татулығы тозды олардың,
Қызғанышы қозды олардың.

Ежірейе қалысты олар,
Шөп қасына барысты олар.
Бір-біріне қия алмады,
Бір орынға сия алмады.

Бара-бара ерегесті,
Онан кейін шекелесті.
Барған сайын қоза берді,
шайқасты ұзақ соза берді.

Айғайласты бақылдасты,
Мүйіздері шақылдасты.
Бір-бірімен тіресті олар,
Ырық бермей егесті олар.

Қалш-қалш етіп бұрқырасты,
Итерісті, жұлқыласты.
Тұрған жері қабақ еді,
Көздегені тамақ еді.

Қарамады көңіл бөліп,
Тұрсадағы қатер төніп.
Жүрген кезде жағаласып,
Кетті екеуі жаза басып.

Аяқтары кетті тайып,
Тастан құлап болды ғайып.
Сүйектері шатырласты,
Сөйтіп соғыс ақырласты.

Талассаң жол тар болады.
Алды-арты құз жар болады.
Татулықта дүние мол,
Ұлы бірлік – жүретін жол.

Асқақтауды тастау керек,
Шамадан тыс аспау керек.
Көп ақылы – көл болады,
Көпсіз өмір – шөл болады.

Бөлектенбе көптен азып,
Көпсіз тапқан болмас азық.
Қызғаныштың зияны көп,
Кетпе екі лақтай боп.

Балалар ойыны

Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу.
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,

Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,

Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Ойын қара – жұмбақ,
Жұмбақ, жұмбақ жұтылдым,
Жолға түсіп құтылдым.

Балаға балдай сөз керек…

Ей, балалар
Бірің шекер, бірің бал.
Жас кезіңде ерінбей,
Оқып өнер үйреніп,
Еңбектеніп білім ал.

 

Заман нәрі

Заманадан нәр алып,
Өтіп жатыр балалық.
Саясында Отанның,
Құлын-тайдай шабалық.

Заманадан нәр алып,
Оқып білім алалық.
Қырандайын қомданып,
Көкке қанат қағалық.

Заманадан нәр алып,
Жақсы өнеге табалық.
Азамат боп жетіліп,
Өмірге жол салалық.

 

Отан – ана

Отан – алтын бесігім,
Даңықты ұлы есімің.
Әлпешіңде өзіңнің,
Аштым өмір есігін.

Уа, Отаным шалқыған,
Аспанда ән қалқыған.
Дәуірім менің гүл бақша,
Иісі жұпар аңқыған.

Өзің еккен гүл едім,
Құшағыңнан түледім.
Ұлы Отаным сондықтан,
Сен деп соғады жүрегім.

ПІКІР ЖАЗУ