Көзіңді емдейін деп…

7bet_f14Ертеде Қожық деген бай болыпты. Ол талайларға дүре соғып, қорлық көрсетіпті. Бір күні осы байдың ауылына Құрыш деген қу келеді. Байдың оң көзі соқыр екенін байқап қалған Құрыш қу, оң көзін қысып, өтірік соқыр бола қалады.
— Ассалаумағалейкум, байеке! – деп қос қолын ұсынады.
— Уалейкумассалам! Қай ауылдан келесің? Қайда барасың? – дейді бай.
— Ой, байеке! Қайдан келесің, қайда барасың деп неғыласыз. Одан да бері таман келіңіз. Сен де, мен де соқыр екенбіз. Көп сөзді қойып, көзімізді ашайық, — деп Құрыш дөңестеу беткейге отырмақшы болып бұрылады.
— Е, қалай ашасың? Ондайға ебің болса жылдамдата көр. Не болса да тайынбаймын, — деп бай Құрышқа мөлтең қағады. Құрыш солқылдақ бір шыбықты кесіп алады да, байға келіп:
— Ал, байеке, арқаңызды маған беріп қойып жатыңыз. Мен осы шыбықпен жон арқаңыздан екі-үш ұрғанда көзіңіз шайдай ашылып кетеді. Талай соқыр осыдан жазылыпты, — деп жігіт емнің жайын айтады. Қожық бай бұған сеніңкіремей:
— Алдымен сенің өзің жат, дүрені мен соғайын. Сенің көзің ашыла қалса, мені қалай соқсаң да, шыдап бағайын! – дейді.
— Мақұл! Жатсам жатайын, — деп Құрыш қу көйлегін түріп, жон арқасын беріп жата кетеді. Бай шыбықты алып бір-екі сермеп үлгермей-ақ Құрыш атып тұрып:
— Ой, қолыңнан айналайын, байеке, рахмет! Көзім шайдай ашылды ғой! Енді мені соқыр деп жүрген әлгі сұмырайларға барайын, — деп, байлаулы тұрған атына қарай тұра ұмтылады. Сол заматта бай:
— Өз көзің ашылған соң алды-артыңа қарамай қайда барасың, ұр мына мені?! Менің де көзім ашылсын, — деп Құрышқа жалбарынып, солқылдақ көк шыбықты қолына береді. Қожық бай көйлегін жоғары түріп жіберіп, жон арқасын төсеп жата қалады. Құрыш аспай-саспай малдасын құрып отырады да, солқылдақ көк шыбықпен жалаңаш арқаға шып-шып еткізіп, салмақпен соға бастайды. Соқырлықты намыс көрген бай қайтсем де шыдайын, көзім ашылар деген үмітпен тістеніп жата береді. Бірақ қанша шыбық соғылса да, соқыр көзі ашылмайды. Арқасы көкала болып, білеуленіп, қанталап шыға келеді. Істің алды-артын байымдамай аңқаулықпен таяқ жеп, әбден сілікпесі шығып, мең-зең болған бай:
— Қанша шыбық соқса да, көзімнің ашылмағаны қалай? – дейді Құрышқа әзер бұрылып. Сонда Құрыш:
— Дүниеге құныққан, зұлымдық жасаған адамның көзі өмір бақи су қараңғы болып өтпек қой, — депті де, атына мініп жүріп кетіпті.

Ел аузынан жинаған Толғанай АСЫЛХАНОВА.

ПІКІР ЖАЗУ