Әріптер әлемі

Ертеде бір Әліппе деген елді мекенде қырық екі әріп өмір сүріпті. Ол әріптерді Ахмет Байтұрсынұлы деген ғалым ата ойлап шығарған екен. Әліппенің басында А, одан кейін Ә, сосын Б әрпі орналасыпты. Олар өте тату-тәтті өмір сүрді. Әр әріптің өзі туралы тақпақтары болыпты. Мысалы:
Алфавиттің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба, «Б» тұрады үшінші,
Осылардың сыры неде? Түсінші.
«А» деген ол – аналар ғой салмақты,
«Ә» деген ол – әкелер ғой ардақты.
«Б» деген ол – балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Осылай жылдар жылжып, барлық әріптер тату-тәтті өмір сүріп жатқанда, бір күні әліпбидің ішіндегі «Я» деген әріп шу шығарады.
– Ей, мен осы түсінбедім, мен қашанғы осы әліпбидің соңында тұра беремін, жетер енді, қанекей, бүгіннен бастап, мен бірінші болып тұрамын! Бұлай болмайды, қане, былай тұрыңдар, – деп әріптердің барлығын итеріп, құлатып, ортадағы әріптерді жылатып, баса көктеп әліпбидің басына барып тұра қалады. Осы сәтте қалған әріптер де шу шығарып, әріптердің ішінде азан-қазан, айқай-шу, төбелес басталып кетеді. «М» әрпі «Л» әрпінің мұрнынан бір ұрып, төбелес шығарады.
– Өй, сен «Л» әрпі, былай тұр, мен тұрамын мына жерге, – дейді.
«О» деген әріп:
– ОООО, – деп еңіреп жылап жіберді, – мына жақта не болып кетті, қой дейтін ешкім жоқ па, «А», сен үйдің үлкен басшысы едің ғой, қайтадан сапқа тұрғызсаң болмай ма? Басым-ай, басым, не болып кетті мыналарға?! – депті.
Содан кейін бәрі төбелесіп кетеді. Сонда «А» әрпі даусын көтеріп, сабырға шақырғысы келгенмен оны ешкім тыңдамай қояды. Әріптер әбден түнімен төбелесіп, бір-бірінің құлағынан сүйреп, «сенің алдыңа мен тұрамын», «жоқ, сенің алдыңа мен тұрамын», – деп бір-бірімен әбден қырылысыпты. Содан бір кезде олар әбден шаршап, барлығы бір жерде құлап ұйықтап қалыпты.
Бір қызығы, олар бәрі бірдей түс көріп шығады. Түстерінде үлкен бір жарық сыныптың ішінде тақтаның алдында Ахмет Байтұрсынұлы әріптерге ренжіп, бөлек тұр екен.
– Иее, қарақтарым,балаларым, мен сендерді қазақ балаларына оқуға, жазуға түсінікті болсын деп орналастырып шығып едім, сендер бір үйдің балаларысыңдар ғой, неге сонша орынға таласып, шулап жатырсыңдар, не болды? Егер осы әліпбиде біреуің болмасаңдар, сауатты сөйлеу, жазу мүмкін емес еді. «Ң» деген әріп, сен өкпелесең, сен болмасаң «аң» дегенді қалай айтады балалар?!
– Ай-ай-ай, «Я» әрпі, сенің төбелес шығаруың ұят қой, мен сендерге қайтемін, бәрің бір жерде төбелесіп, сыйыспайтын болсаңдар, онда жан-жаққа тарап кетіңдер. Балалар сосын жазуды да, оқуды да ұмытсын!
Бір кезде таң атып, барлық әріптер ояна бастайды, бәрі бір-бірінің қасындағы әріптерге қарап, түнде көрген түстерін айтуға біртүрлі ұялып тұрады. Сосын ортаға инабатты, ибалы «И» деген әріп шығады.
– Иии, достар, бауырлар, мен бір түс көрдім.Түсімде Ахмет атамыз бізге ренжіп жатыр екен. Осы біз айқай-төбелесті қойып, барлығымыз орын-орнымызға тұрсақ болмай ма? Әйтпесе, атамыз айтпақшы, барлығымыз жан-жаққа кетейік. Ешкім сонда кітап та оқымайды, жазу да жазбайды, кетейік онда!
Осы кезде «Л» әрпінің танауын бұзған «М» әрпі өзі барып кешірім сұрап:
– Кешір досым, мен орныма тұрайын, – дейді. «Я» әрпі өзінің орнына барып тұрады. Әркім өзінің үйреншікті орнына барып жайғасыпты.

Таңшолпан АБЫЛАЙҚЫЗЫ, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қостоған ауылы,
№14 М.Жылысбаев атындағы мектептің
6-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ