Біз бәріміз бауырмыз

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» Ұлы Абайдың осынау ғибратты тәмсілі тіл  ұшына оралған сайын осыдан екі жыл бұрын Қап тауының баурайындағы Қабарды-Балқар Республикасына жасаған сапар ойыма түседі. 2019 жылдың қазан айында ҚБР халық ақыны,  ҚБР және РКСФР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Әлім Пшемахұлы Кешоковтың туғанына 105 жыл  толуына арналған халықаралық поэзия фестиваліне қатысып едік…

 

Ресей құрамындағы бауырлас балқар ұлтының ұлы ақыны Қайсын Құлиевпен есімі қатар аталатын Әлім Кешоков кешегі  кеңестік кеңістіктегі елдер үшін аса танымал тұлға болғандығы белгілі. Соғыстан кейін 10 жылдан аса уақыт ҚБР Жазушылар одағын  басқарған. 1970-1980 жылдары КСРО Әдеби қорының төрағасы болған. Осы қызметте жүргенде одақтас республикалардың қаламгерлеріне  барынша қамқорлығын аямаған. Міне, осындай көрнекті ақынның 105 жылдық мерейтойына алыс-жақын шетелдерден 60-тан аса ақын-жазушылар, әдебиет зерттеушілері, қоғам қайраткерлері жиылды.  Мәскеуден Арасан (Минеральные воды) қаласына дейін ресейлік делегация мүшелерімен бірге ұштық. Серіктестерім – Ресей Жазушылар одағы Ұлттар әдебиеті кеңесінің төрағасы Валерий Анатольевич Латынин мен «Литературная Россия» газетінің бас редакторы Вячеслав Вячеславович Огрызко болды.

Арасанға, одан кейін Нальчикке дейінгі жол бас-аяғы төрт-бес сағаттай уақытқа созылды. Обалы не керек, жазушы В.А.Латыниннің
терең тарихты қозғаған тағылымды әңгімелері жол қысқартуға едәуір септігін тигізді. Әскери жазушы 1979 жылы Алматы жоғары жалпыәскери басқару учлищесін бітірген екен. Қазақстанды, Алматыны айрықша ілтипатпен, сағынышпен еске алып отырды.

Әңгімені тереңдете келе өзінің казактық түп-тамырын алан-сарматтар тарихына апарып бір-ақ тіреді. «Шынтуайтына келгенде, сіздердің Елбасыларыңыз Н.Ә.Назарбаев айтқан Ұлы даланың тарихы ғұндар мен сақтарды, көк түріктерді, оның ішінде менің ата-бабаларымның түптегі бастау алатын алан-сарматтар тізбегін де толық қамтитыны ақиқат. Сондықтан да біз – осынау Еуразия
сияқты алып континентті мекендейтін ірілі-ұсақты ұлыстардың баршасы бауырлармыз», деп әңгімесін түйіндеді Валерий Анатольевич.

 

Бауырластық, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық қарым-қатынас туралы соны пікірлер мен құнды ұсыныстар бұдан кейін де поэзия фестивалі барысындағы пікірталастар үстінде еш толастаған жоқ. Фестивальдің екінші күні халық ақынының мерейтойлық шаралары мектептердегі кездесулермен басталды. Қонақтар екіден, үштен бөлініп, жас өрендермен жолығуға бет алды. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын, аудармашы Рафис Құрбанов екеуміз Нальчиктің қыр желкесіндегі Хасания атты балқар ауылының Р.М.Фриев атындағы № 16 орта мектебіне бөлініппіз. Қасымдағы әріптесім кәдімгі қазақ ақындарын татар еліне кеңінен танытып жүрген, Татарстан Жазушылар одағының экс-төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайдың төс  қағыстырған жан досы Рафис ағамыз. Ұлттық киім киген, салтанатты сап түзген оқушылар алыстан ат арытып келген құрметті қонақтарын баба дәстүрлері бойынша ақ ұсынып қарсы алды.
Айран, айран, ақ айран,
Басымызға бақ айран.
Ерлер шөлін қандырған,
Ерен сусын нақ айран! – деп балқар тілінде өлең оқып, дәм ұсынған балдырғанның маңдайынан сүйіп, төрге оздық. Рафис ағамызбен ақылдасып, экспромт түрде Кешоков өлеңдерін үш тілде оқу тыңдаушыларды ғажап әсерге бөледі. Яғни Ә.Кешоковтың жан досы, егіздің сыңарындай тел өскен қаламдас әріптесі Қайсын Құлиевке арнаған өлеңін Рафис Құрбанов татар тілінде, мен қазақ тілінде, ұстаз Юля Хуламханова орыс тілінде оқыды. Зейін қойып тыңдаған оқушылар да, ұстаздар да әр тілде оқылған жыр жолдарын қапысыз түсініп, бек ырзашылықтарын білдірді.

 

…Өлең оқу үрдісі бұдан кейін де, яғни ҚБР Оқу-ағарту және жастар істері жөніндегі министрліктің дөңгелек үстелінде, сондай-ақ  республика Музыкалық драма театрында өткен «Арғымақ мінген Абырой» атты халықаралық поэзия фестивалінің қорытынды кешінде де жалғасын тапты. Теріскей Кавказ жерінің аспанында осылайша үш күн бойы поэзия рухы мен құдіретті өлең абыройы асқақтады!

Театрдағы кештен кейін «Қазақ балам қайда?» — деп, Ресей Федерациясы мен Қабарды-Балқар Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ҚБР халық ақыны Тәнзилә Мұстафақызы Зұмақұлова арнайы бұрылып іздеп келіп, маңдайымнан иіскеді. –
Біздің де, сіздердің де өлең оқу мәнерлеріміз қандай ұқсас, – деді халық ақыны соншалық бір сүйіспеншілікпен. – Мен тұрғылас, Ол- жас бастаған ақындарыңызға сәлем айта барыңыз. Баяғы кеңес кезіндегідей емес, қазір барыс-келісіміз, бас қосуымыз да қиындап  кетті емес пе…

Реті келгенде айта кеткен жөн шығар, сапар барысында Тәнзилә апайымыз секілді Қазақстаннан келген өкілді көріп, тілдесуге асық  жандар аз болмады. Қасіреті қалың сталиндік депортация жылдары қазақ пен қырғызды паналап, кейін Отанына оралғандардың біздің
елге деген ықылас-пейілдерінің ерекше екенін көріп, жүрегіміз аунап түскендей әлдебір әсерге бөленгеніміз де рас. Кешкі қонақасы
кезінде дастарқан басында балқар Қаншауби Мизиев досымыз әзіл-шыны аралас, тіпті, өзін «Қазақпын!» деп жариялады. Мұның себебін өзінің Түркістанда туғандығымен, қазір Түркістанның тек облыс орталығы ғана емес, қалың түркінің бас қосар орталығына айналуға қам жасап жатқандығымен түсіндірген азаматқа біз де шынайы ризашылығымызды білдірдік.
ҚБР Мәдениет министрі Мухадин Кумахов басқарған дастарқан үстінде сөз алғандардың көпшілігі қазақ елі, Қазақстан туралы ізгі, ыстық ықыласты лебіздерін айтты. Республиканың халық ақыны Ахмад Сұлтанұлы Созаев алдағы күндері туғанына 160 жыл толғалы отырған балқардың ұлы перзенті Кязим Мечиевтің Қазақстан жерінде, Талдықорған өңірінде жамбасы жерге тигенін, кейін сүйегін өзінің өсиеті бойынша туған жеріне әкеп, қайта жерлегендері туралы аса қызықты естелігімен бөлісті. Әңгіме осылайша қазақ  тақырыбына ойысқан сәттің бірінде ингуш елінің ақыны Аслан Куазо: «Сізге айтатын аса бір сырлы әңгімем бар еді. Қазір емес, ертең оңашада жолығып, сөйлесейікші?..» — деп өтінді. Ертесі Ә.Кешоков ескерткішіне гүл қою рәсімі кезінде екеуміз уақыт тауып,  едәуір әңгімелесуге мұрсат алдық. Аслан әңгімесінің ұзын-ырғасы төмендегідей. «Осыдан он шақты жыл бұрын М.Әуезовтің «Абай жолы»
эпопеясының орысша аудармасы қолыма тиді. Бірінші кітабын оқып бітірген соң, «сізге өтірік, маған шын», әлдебір түсініксіз жағдайға тап болдым. Кәдімгідей бойымды бір нәрсе бунап, өзімді қоярға жер таппай, аласұрып жүре берем, жүре берем… Осы жағдай ақыры
мені жазуға отырғызды. Мына, сізге сыйлағалы отырған «Кавказ әуені» атты үш томдық жинағымның алғашқы кітабы осылайша дүниеге келді. Үш ай бойы үздіксіз өлең жазумен болдым. Өзіңіз де ақынсыз ғой, сізге мұндай ғажайып, сиқырлы процестің әр сәтін бұтарлап, жіліктеп түсіндірмей-ақ қояйын. Аспан мен жердің арасында қалықтап ұшып жүргендей күй кештім. Айналамдағылар
мынаны әлдененің шалығы ұрған ба деп таңғалысқан да шығар…

Мен осының бәрі ұлы Абайдың шынайы құдыреті деп ұғындым. Үш айдан кейін бәрі кілт тоқтады. Мен де қайтадан бағзы қалпыма түстім. Енді қайтадан жаза алсамшы. Кітапханаларға барып, Абай аудармаларын ақтарыстырдым. Шынымды айтсам, орысша аудармаларына көңілім тұшынбады. Қайыра «Абай жолын» қолыма алдым. Тағы да ғажайып әлемнің есігін аштым. Осылайша
мен Абайды ұлы Әуезов арқылы таныдым. Өзіңіз де білесіз, проза поэзия емес қой. Абай әлемі санама тағы да сілкініс берді. Мен қайтадан жазуға отырдым. Үш кітаптан тұратын менің «Кавказ әуені» атты циклдық дүнием осылай дүниеге келді!» деп Аслан әңгімесіне нүкте қойды.

Ұлы Әуезов арқылы Абай төккен шуақтың алтын сәулесі ингуш ақынының шығармашылығын осылай нұрландырыпты, Қапысыз сендім, әсерлене түйсіндім. Аслан өзінің Қазақ елімен мәңгілік кіндіктес, рухтас, бауырлас екенін өстіп тебірене баян етті. Иә, жұмыр жердің бетіндегі Адам деп аталатын тіршілік иесінің бәрі де бір АТАДАН тараған. Бауырлас. Туыс. Дос. Қазақ жерінде, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, ынтымағын айрандай ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының да алдына қойған кредосы – баршаның бауырластығы. Туыстығы. Достығы! Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!

Кәдірбек Құныпияұлы,
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы

ПІКІР ЖАЗУ