Нанның дастарханға келуі

Құрметті жас оқырмандар! Нұрай ҚАБЫЛ – өздеріңдей жастарға қазақтың дүниетанымына сай жаңа заман ұл-қыздарына қысқа әңгімелер жазып жүрген жас қаламгер.
«Шабыт» жас қаламгерлер клубының мүшесі, «Алтын сақа» балалар баспасының қызметкері. Назарларыңа автордың бірнеше әңгімесін ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯ

 

Самат ағай оқушыларға ертең «Айналамен қоршаған орта» сабағында қырман басына баратындарын айтты. Балалар ол сәтті асыға күтті. Қырмандағы көріністі сөзбен айтып жеткізу
мүмкін емес. Суретте көріп жүрген жайқалған бидайды, оны орып жүрген комбайнды өз көздерімен көрген балалардың қуанышында шек жоқ. Самат ағай бригадирды шақыртып, балаларға нанның қалай, қандай жолдармен келетінін түсіндіріп беруін өтінді.
Бригадир ағай жылы жүзді, жақсы адам екен. Қуана келісіп: «Қырманға қош келдіңдер!- деп жылы шырай танытты. Ол егістіктің шетінен бір уыс бидайды масағымен жұлып алып, мұртшаларының арасынан кішкентай-кішкентай бидайларды қолымен үгітіп, бір уыс бидайды алақанына салды.
-Балалар, көрдіңдер ме? Бұл – бидай.
— Қане-қане, — деп балалар жармаса кетті.
— Бұл бидайды ерте көктемде жерді жыртып, еккен болатынбыз…
— Содааан-, деп балалар қызығушылықтарын танытты.
— Одан кейін оны жаз бойы суарып тұрғандықтан жайқалып өседі.
-Содан пісті ме бидай?
-Жоқ. Бидай күзде піседі.
— Сосын не болады? Нан қалай пайда болады?- деп балалар жан-жақтан сұрақтар қоя бастады.
— Бидайдың барлығын комбайнмен орып, жүк машинасына тиейді. Жүк машиналары оны қамбаға апарады. Қамбадан диірменге апарады.
— Онда не істейді?
— Бидайдың барлығын ұнтақтап ұн шығарады. Сол ұнды наубайханаға апарады.
— Енді нан пайда болады ма?
-Жоқ әлі. Наубайханада дүкенде тұрған дәмді нандарды пісіреді. Бір тілім нанның қанша адамның еңбегімен келетінін көрдіңдер ме, балалар? «Ас атасы – нан» деген мақал бекер
айтылмаған.
Балаларға өте қызықты да пайдалы күн болды. Ерболат үйіне қайтар жолда, атасының әр уақытта дастархан басында «нанды бір қолмен үзуге болмайды, нанға құрмет көрсету керек» деп айтып отыратыны сол себептен екен ғой деп ойланып келе жатты.

ПІКІР ЖАЗУ