Сахна серілері

Ән мен жырдың мекені болған қазақ даласында небір әншілер, жыршылар мен күйшілер елді өнерлерімен баурап, таңдай қаққызған. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы, Тәттімбет, Мұхит пен Диналардың өнері халыққа ұран болып, сонау заманнан бүгінге жетті. Өнері өрге жүзген осынау халықтың ұрпақтары, мына біздер бүгінгі күні кімдерді әншіге санаймыз, қандай әндерді тыңдап жүрміз?
«Ән – көңілдің ажары» демекші, ән тыңдап көңіл жадыратар қауым көп. Соған орай эстрадамыз күннен-күнге жаңа әншілермен, жаңа әндермен толығуда. Әрине, бұл қуантарлық жайт.

 

Бүгінгі жасөспірімдер смартфондарына хит әндердің күндегісін-күнде жүктеп алады. Бірнеше жыл бұрын қазақ сахнасына жаңа позиция алып келген «Ninety One» тобы ойыма оралуда. Қызық, бұл топтың әндерін, альбомдары мен бейнебаяндарын сарғая күтетін қатарластарым бар. Себебін сұрасам «күшті-і ғой» дегеннен басқа мардымды жауап естімеймін. Ал мен бұл топтың әндерін тыңдамаймын. Иә, әуендері жағымды. Бірақ ән мәтіндері түсініксіз. Сөздерінің мән-мағынасы аз. Аталған топтың тыңдармандары болса өздерің бағамдап отырған боларсыңдар. Атап өтсем,»Сенің миың болмағанда, енді кімдікін жеймін. Меніңше, өте тұрпайы естіледі. Топты тек қана сынға ала бермегенім де жөн шығар. Себебі, біраз шетел сахналарында еліміздің атынан ән шырқағандары рас.

Не десек те, қазағымның киелі сахнасында қара домбырамызбен сарнап, топ жарып жүргендерде аз емес. Бірі дәстүрлі әнші, енді біреулері дуэт немесе топ. Осы тұста неге «Алашұлы» тобын тілге тиек етпеске? Менің мектебімде кез келген іс-шара осы топтың әндерінсіз өтпейді. «Алашұлы» тобының әні орындалар сәтте оқушылар да, ұстаздар да үнсіз қалады. Себебі сол, домбырамен болсын, домбырасыз болсын рухымызды өрге көтеретін керемет әндер шырқайды. Қазақы нақыш пен заманауи стиль қатар үйлесім тапқан сахналық киімдеріне де риза боласың. Ал қимыл-қозғалыстары, билері түркі дәуірінің жауынгерлеріндей десем қате айтқаным емес.
Енді жеке орындаушыларға тоқталсам. Эстраданы талай әуезді әндерімен жаулаған әншілерден Қайрат Нұртастың орны ерекше. Әндері қандай тақырыпта болса да жан тербетерлік, лирикаға толы. Мен Қайрат ағамызды сонау Сырым Исабаевпен бірге шығып жүрген кездерінен бері тыңдап келемін. Естеріңізде болар, екеуінің ортақ әндерінде ерекше мағына, әлдебір мұң мен сыр астасып жатушы еді ғой, шіркін. Әсіресе,
Меккеге барсам сұрадым, АЛЛА,
Қағбада тұрсам жыладым, АЛЛА.
Тәуелсіз менің елімнің жаққан,
Сөндіре көрме шырағын, АЛЛА,-деген ән жолдары жылдар өтсе де тыңдарманның көңілінде әлі күнге дейін сақталған.

Қоңыр дауысты әншілердің бірі де бірегейі – Өмірқұл Айниязов. Бұл әнші маған несімен ерекше? Ең алғаш дәл осы әншінің «Ақжайнақ» әнімен сахнаға шыққаным есімнен әсте кетпес.
Ән мен әнші сөз болғанда, ғасырда бір туатын ерекше дауыс иесі Димаш Құдайбергенов туралы айпасқа бола ма? – Әрине, жоқ.»I am singer-2017″ жобасында жарқ еткен Димаш бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде қазағымның атын паш етіп жүргені баршамызға мәлім. Мен әншінің сахнадағы ерекше икеміне, кез келген дауыста әнді өз деңгейінен артық шырқайтын қабілетіне, көрермендеріне деген құрметіне және қайда болса да патриотизмнің үлгісін көрсетіп жүргендігіне бас иемін! Сонымен бірге қарапайымдылық – Димаштың бойына біткен асыл қасиеттердің бірі. Оны кезекті сұхбаттарының біріндегі: «Маған Алла Тағалам әлемдік бақ берді және оны кез келген сәтте өзі қайтарып алуы да мүмкін»,-деген мағыналы сөздерінен аңғардым. Әнші болса осындай-ақ болсын!
Достар, ән тыңдамайтындар кемде-кем шығар. Десе де:
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын
кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар», – деп Абай Құнанбайұлы жырлағандай, заман ағымына еріп кез келген әнді тыңдамаған жөн. Ал арамыздағы болашағын әнмен елестетіп жүрген жас әншілер, сендер де өз кезектеріңде даламызды әсем әнмен аймалаған бұлбұл әнші болыңдар!

Жазира БЕКБОЛАТОВА, Түркістан облысы, Шардара ауданы,

Қасым Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ