КІТАПҚҰМАР ЖАНЕРКЕ

Кітап оқыған баланың жан дүниесі терең, ойы ұшқыр, шығармашылық деңгейі мен есте сақтау қабілеті жоғары болатыны сөзсіз. Демек, білім, ізденіс, талант, мұның бәрі кітап оқығанның пайдасы дегенді білдірмей ме?.
Менің ойымша, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының әрбір оқырмандары нағыз кітапқұмар, ой-өрісі кең, рухани кемелденген, халқының қамын ойлайтын жеке тұлғалар.

Осындай оқырмандарымыздың бірі Үбайдуллина Жанеркені алғаш рет кітапханаға әжесі 4 жасында алып келген еді. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің 5-сыныбында оқиды. Бала кезінен әжесінің айтқан ертегілерін тыңдай келе, кітап оқуға деген құштарлығы артып, кітапхана қорындағы «Менің ғажайып ертегім», «Әжемнің ертегілері», «Толағай», «Ертегім неткен, мұратына жеткен» кітаптарынан бастап қазақ балалар ақын-жазушыларының әдеби шығармаларын оқып, рухани азық алып келеді. Кітапханада өткен әдеби-мәдени шараларға белсене араласып, облыстық, республикалық сайыстардың талай мәрте жеңімпазы атанып үлгерді.
2016 жылы кітапханада ұйымдастырылған облыстық үздік оқырман отбасылық байқауынына отбасымен қатысып 2-ші дәрежелі дипломмен, Ұлт жоспары-100 нақты қадам бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған «Кім болам?» балалар сурет сайысында 1-ші дәрежелі дипломмен, ақын, жыршы Ж.Жабаевтың туғанына 170 жыл толу мерекесіне орай өткен «Асқақ үнді, алып ақын» әдеби кешіне қатысып, мәнерлеп тақпақ оқудан ІІ дәрежелі дипломмен, «Мәңгілік ел» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған І республикалық ойлайн байқауының 1-ші дәрежелі дипломымен марапатталды.
2018 жылы «Мұзафар оқуларына» қатысқаны үшін арнайы диплом, 2019 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған «Тәжібаев оқуларына» қатысқаны үшін сертификат алды.
«Балалар әлемі», «Балапан бағы», «Айтшы, Әжетай» республикалық балалар журналдарының беттерінде ұстазына арнаған өлеңдері басылып шықты.
Н.Байғаниннің туғанына 160 жылдығына арналған «Байғанин оқулары» онлайн оқу марафонына қатысып, ақынның «Жамбылға» өлеңін, балалар жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жылдығына орай өткен «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» онлайн оқуларында ақынның «О, туған жер!» өлеңін, ақын, жазушы Оразақын Асқардың туғанына 85 жылдығына арналған «Балаларым бақытым» онлайн оқуларында «Зергерлік» өлеңін, мәнерлеп оқыған бейне ролигін кітапхананың әлеуметтік инстаграм парақшасына жүктеп, оқырмандар тарапынан көп дауыс жинап, жүлделі орынды иеленді.
Елбасының үш тұғырлы тіл саясатының маңызын түсіне білген Жанерке өз ана тілін терең меңгеріп қана қоймай, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, кітаптар оқып білімін жетілдіріп отырады.
Денсаулықты бірінші орынға қоятын Жанерке достарының арасында салауатты өмір салтын насихаттап «Жекпе-жек» сарайындағы түрлі спорттық каратэ, теннис үйірмелеріне қатысып чемпион атанды.
Жайдарлы, биязы, әдепті әрі көркем мінезді Жанерке үлкенді сыйлап, өзінен кіші інісі мен сіңлісіне қамқорлық танытып, оларды кітапханаға кітап оқуға қызықтырып жүреді.
Жанерке қазақы болмысты қастерлеп, ұлттық рухты бойына сіңірген өнегелі отбасында тәрбие алып, білімді, жан-жақты боп өсіп келеді.
Ұлы ақын Абайдың «Танымның бар тамашасы кітапта, оларға қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» -деген сөзін жадында ұстаған Жанерке үнемі достарына кітап оқу білімге баулитынын, білімді адамның ғана жолы ашылып, еліне, халқына пайдасын тигізетінін айтып жүреді.
Елдің ертеңі білімді жастардың қолында екені даусыз. Ендеше біз Жанеркенің қазақ халқының рухын биіктетіп, білім шыңына өрмелеп, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар абыройлы, жауапкершілігі мол ұрпақтарымыздың бірі болатынына сенеміз.

Мәндібаева Рима Убайдуллақызы,
Ақтөбе облысы,
Н.Байғанин атындағы облыстық
балалар кітапханасының
бөлім меңгерушісі

ПІКІР ЖАЗУ