Бата сұраудың психологиялық мәні

Бата сұраудың психологиялық мәні

Адам түрлі бастамалар мен адам өміріндегі әрқилы жағдайларда демеу, қолдауға зәру болады. Бұндай кезде «жақсы сөз – жарым ырыс». Батаның психологиялық мәні сенім мен бойдағы күшті еселеуге бағытталған.
Жалпы позитивті психологияда қазіргі таңда позитивті ойлау, позитивті ниет, тілектердің адам өміріндегі қиын-қыстау шақтарда ғана емес, барлық шақта істің оңғарылуына өз әсерін тигізбей қоймайтындығы алға тартылады.
Позитивті психологиядағы позитивті ойлаудан қазақтың батасының ерекшелігі бар. Бата өмірін мәнді өткізген, ниеті түзулігі арқылы сыйлы адамдардан, немесе жолаушы қонақтардан, жалпы болып-толған немесе ниеті таза кісілерден сұралған. Бұдан батаны ниеті түзуден сұралғанын көреміз.
Сонымен бірге, бата көп жасаған қариялардан, ата мен әкеден сұраған. Бұдан баланың тіршілік етуі мен өмір сүруі барысында өз тамырына сүйенгенін, тамырсыз діңгектің қатаймайтынына халқымыздың нық сенімін көреміз.

Нұргүл МОЛДАБАЙҚЫЗЫ, психолог

Бата сұрау

Қазақ халқы «батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп, игі бастама көтергенде, жорыққа аттанғанда, түрлі той-томалақтарда, әртүрлі мереке-мейрамдар мен ұлы қуаныш сәттерінде ақсақалдар мен билерден, оқымысты, білікті кісілерден, ел басыларынан: «Кәне, батаңызды беріңіз, әумин!» деп бата сұрайды. Сондай-ақ, сыйлы адамдар мен қонақтардан және құда-жегжаттардан да бір малын көлденең тартып, «әумин!» деп бата сұрайды. Тіпті бесіктегі сәбиден тартып, сексенге келген қариялардан да бата сұралады.
«Баталы ұл – арымас, батасыз ұл – жарымас» деп, әр отбасы, әрбір азамат адамдық өмірде қариялар мен беделді, білімді, өнерлі кісілердің ықылас-батасы және ризалықтарын алып отыруды өздерінің адамдық және азаматтық міндеті деп қарайды.

Ержан ЖАУБАЙ, этнограф

«Қазақтың жазылмаған психологияы» кітабынан алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *