Ең бастысы — өз ісіңді сүю

Денсаулық сақтау үшін арнайы жаттығулар жасап, жақсы ұйықтап, белсенді қимылмен айналасу қажет. Солардың бірі – би. Би баланың энергиясын дамытып қана қоймай, дене икемділігін жақсартады, физикалық күшті дамытады, би қимылдарының арқасында бұлшық ет тонусы нығайып, тепе-теңдік үйлесімі дамиды, жүрек қантамыры жұмысы реттеледі. Би дене сымбатын әдемірек етуге көмектеседі. Сондай-ақ көңіл-күйді көтеретін тамаша әрі пайдалы іс.
Бүгінгі сұхбатымыз Орал қаласындағы «GEFEST» би мектебінің негізін қалаушы, директор Хангереева Мадина Өнербекқызымен болмақшы.

— Алдымен «GEFEST» би мектебімен танысайық. Жалпы «GEFEST» студиясы қашан жарыққа шықты және не себептен «GEFEST» атауын алды?
— «GEFEST» атты би студиямыз 2014 жылдың желтоқсан айында ашылды. «GEFEST» сөзі латын тілінен аударғанда «оттың құдайы» деген мағынаны білдіреді. «GEFEST» – күш пен шығармашылықтың белгісі. Жалпы шығармашылықтың символы болсын деген мақсатта осындай атау берілген болатын.
— Қандай би түрлерін сіздің студияда үйренуге болады?
— Біздің би мектебіміз заманауи, спорт билері, бал билері, эстрадалық билер, үнді билерін үйрететі.
— Студияңыздың жетістіктерімен бөлісесіз бе?
— Мектебіміздің басты жетістігі – менің бүлдіршіндерім, шәкірттерім, оқушыларым. Бишілеріміз Орал қаласынан бастап облыстық және республикалық, сондай-ақ Азия елдерінің, Ресейдің көптеген байқауларының, фестиваль, турнирлерінің женімпаздары мен жүлдегерлері болып табылады.
— Керемет! Ендігі кезекті сұрақты балалық шаққа арнап қойғым келіп отыр. Мақсатқа жетелеген қандай арман болды, неге би мектебі, неге әншілік, не болмаса басқа өнер түрі емес? Осының бәрі балалық шақтан қалыптасады емес пе?
— Мен кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым, саз мектебінде фортопияно сыныбында оқыдым. Музыканың сүйемелдеуімен ән айттым, вокалға бардым, бірақ расында да биге баруға деген құлшынысым бәрінен басым болды. Біздің ауылымыз Деркөлде би үйірмесінің жоқ болу себебінен мен теледидардан үнді фильмдерін көріп, олардың билерін қайталап өздігімнен жаттыға бастадым. Солай анам арманға қиянат жасамайын деген ойменен мені он жасымда Орал қаласындағы би үйірмесіне береді, қалаға аптасына төрт рет апарып-әкеліп жүрген. Анамның басқа жұмыстары көп болған еді, оңайға соққан жоқ, бірақ анам мені ешқашан сабақтан қалдырған емес. Мен сол кезден бастап, яғни он жасымнан бастап кәсіби бал билерімен айналысып жүріп, өзіме, анама оңайға тимеген сәттерді ойлап, болашақта би мектебін ашуды мақсат еттім. Сол кездегі арман, мақсатым орындалғанына шүкіршілік етемін. Әрине, анама да басымды иіп тұрып шексіз алғысымды білдіремін.
— Бұл бір әсерлі сұхбат болды. Балалық шақтағы арманды мақсатқа айналдыра білгеніңізге тәнтімін. Келесі сұрағым соңғы болсын. Биші болу үшін талантты болу керек пе?
— Биші болу үшін тек талантқа ие болу жеткіліксіз. Біріншіден, биге деген үлкен ынта қажет. Екіншіден, үлкен жауапкершілік керек. Жауапкершілік дегенді мен былай түсіненмін, ол сенің әр би сабағына немқұрайлы қарамай, яғни әр сабақты жібермей жаттығуың, байқауларға мүмкіндігіңше қатысуға ұмтылуың, өз ісіңнің маманы болу үшін бұл өте маңызды. Жалпы атап өткендердің барлығы баланың би дағдыларын одан әрі арттырып, қызығушылығын жоғарылата түседі. Баланың биге бейімі жоғары болса да алға талпынбайтыны болады, осы кезде ата-аналардың тарапынан да әрқашан балаларға қолдау көрсету өте маңызды. Балалардың мүмкіншіліктері мен ізденістеріне, сонымен қатар таланттарын ескере отырып, кездескен қиыншылықтарына қарамастан ата-ана қолдайтын болса, олар міндетті түрде жетістікке жететін болады.
Сондықтан барша бишілер қауымына, хореографтарға үлкен шыдамдылық, табыс, жеңістер тілеймін, ал ең бастысы өз ісіңді сүю керек екендігін естен шығармағандарың жөн, өйткені тек сонда ғана өз ісіңнің маманы боласың.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – жас тілші, Азиза МАНАШЕВА, Орал қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *