«Мөлдір бұлақ» тапқан таланттар

Естеріңізде болса, «Мөлдір бұлақ» журналы 2020 жыл бойы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты республикалық шығармашылық байқауын ұйымдастырған болатын. Енді міне, Алматы шаһарында орналасқан «Alatau Creative Hub» атты орталықта байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Байқауға 132 жас оқырман қатысыпты. Қазылар алқасы солардың ішінен 24 жүлдегерді анықтаған екен. Алыстағы жүлдегерлер қазіргі індетке байланысты шақырылмай, олардың сыйлықтары мен дипломдары, жетекші ұстаздарының Құрмет грамоталары мекен-жайларына жолданды. Оларға және оқырмандарымызға «Мөлдір бұлақтың» инстаграмдағы парақшасы арқылы марапаттауды тікелей эфирде онлайн көру мүмкіндігі жасалды. Ал Алматы облысы мен қаласындағы жүлдегерлер марапаттау рәсіміне келіп қатысты.


Жүлдегерлерді марапаттап, сыйлық үйлестіруге «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директорының орынбасары Жанбақыт Мерекұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы және ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы атсалысып, жас буынға қолдау көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді. Осынау марапаттау рәсіміне атсалысқан барша жандарға алғысымыз шексіз. Жастардың жанашыры, кіші буынға үлкен мүмкіндік сыйлап, құлшыныстарын арттыруға қолдан келгенше тырысып жүрген «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер ағамызға көп рақмет!
Жүлдегер оқушылар мен ұстаздары, ата-аналар ақын ағаларымен танысып, өсиет сөздерін ойға түйіп, поэзия бұлағына қанып қайтты. Бір сөзбен айтқанда, ерекше күйге бөленіп, рухани байлықтарын толықтырды.


Марапаттау рәсімінің соңында осы уақытқа дейін шығармашылықтары журнал бетіне бірнеше рет шыққан талантты оқушылар «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшілері атанып, куәліктерін алды. Олардың қатарында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы мектептің 10-сынып оқушылары Әйгерім Сембинова мен Бақытгүл Тұрсынбаева, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Б.Амалбеков мектебінің 10-сынып оқушысы Мәди Пазыл, Алматы қаласы, №147 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Бекзада Байдалы және осы жолдарды жазушы бар.


Шынымды айтсам, бұл іс-шарадан ерекше сезімге бөлендім. Айналамдағы жастардың отансүйгіштігіне, еңбекқорлығына, қазақ болғанына мақтанатындығына қарап кеудемді қуаныш биледі. Осындай жастардың қолында Қазақ еліңнің болашағы тұрар болса, бұл елдің беделі ешқашан түспейді. Еліміздің тұғыры биік, бейбітшіліктің, тыныштықтың мәңгі боларына кәміл сенемін. «Мөлдір бұлақ» журналы осылайша таланттарды тауып, қолдап келеді. Соған дән ризамыз.

1-орын
Мақсатұлы Нұрхадам, Алматы облысы, Іле ауданы, Ы.Ноғайбаев атындағы №18 мектептің 7-сынып оқушысы
Салимжан Бекнар, Нұр-Сұлтан қаласы, №86 мектептің 3-сынып оқушысы
Жұматай Тоғжан, Алматы қаласы, Түркісіб ауданы, №198 мектептің 6-сынып оқушысы
Есенгалиев Әлихан, Балқаш қаласы, Абай атындағы №2 мектептің 10-сынып оқушысы
Тұрсынбай Жаннұр, Шымкент қаласы, №69 мектептің 8-сынып оқушысы
Байбосын Диас, Алматы облысы, Талғар ауданы, Еламан ауылы, №41 мектептің 8-сынып оқушысы
Пазыл Мәди, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Б.Амалбеков мектебінің 10-сынып оқушысы
Дүйсенбек Әсем, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе мектебінің 10-сынып оқушысы
2-орын
Усинов Даулен, Павлодар қаласы, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 7-сынып оқушысы
Қапар Айсұлу, Алматы облысы, Талғар ауданы, «Дана» мектебінің 5-сынып оқушысы
Абдижамил Айару, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Б.Момышұлы атындағы мектептің 2-сынып оқушысы
Бекмұқаш Алуа, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Аралтөбе мектебінің 6-сынып оқушысы
Ибраев Жандос, Жәйрем кенті, №30 мектептің 6-сынып оқушысы
Құрал Жанерке, Алматы облысы, Іле ауданы, №7 мектептің 11-сынып оқушысы
Мекенбай Мүслима, Шымкент қаласы, №80 мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы
Серікбай Қазына, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, С.Көпбаев атындағы №186 мектептің 8-сынып оқушысы
3-орын
Қайдар Аяжан, Қарағанды қаласы, №34 мектептің 4-сынып оқушысы
Бекбау Кәусар, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Абай атындағы гимназияның 2-сынып оқушысы
Мақтабай Ұлдана, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Т.Рысқұлов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы
Қайратқызы Аружан, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Бурабай мектебінің 7-сынып оқушысы
Махамбетов Нұрасыл, Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Зеленое мектебінің 11-сынып оқушысы
Жұмагелдіқызы Айерке, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш мектебінің 3-сынып оқушысы
Мұхтар Жұлдызай, Қарағанды қаласы, №34 мектептің 2-сынып оқушысы
Серғазы Жанерке, Алматы қаласы, Алатау ауданы, №182 мектептің 4-сынып оқушысы

 

ПІКІР ЖАЗУ