Азаматтық форум – келелі кеңес алаңы

2003 жылдан бері дәстүрлі түрде екі жылда бір ұйымдастырылып келе жатқан Азаматтық форум бүгінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алмасатын ашық алаңына айналды. Сондай-ақ форумға шетелдік және халықаралық ұйымдар да назар аударып, қызығушылық танытып отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде азаматтық қоғамның орнығуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз еңбек сіңірсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы игілікті жолды жалғастырып, ҮЕҰ-дың белсенді қызмет атқаруына жол ашты.
«СOVID-19» пандемиясына байланысты қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында онлайн форматта өткен форум биыл «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» — 30 жылдық серіктестік пен даму» тақырыбын арқау етті. Пленарлық сессияның ашылуында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесе беретінін атап өтті. «Біз Қазақстан азаматтары емін-еркін қауымдастықтарға біріге алуына жан-жақты қолдау көрсете беретін боламыз және мұны негіз қалаушы конституциялық құқығы ретінде қарастырамыз. Ол Қазақстанның саяси жаңғыруының және ілгері қарыштайтын қоғамдық прогресінің маңызды шарты саналады. Сондықтан, біз, бүгіннен-ақ заңнамамызды өзгертіп, қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғамдық бақылаудың, еріктілердің қызметін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобаларын әзірлейміз»,- деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
Сонымен қатар, отырыс барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, өңірлік азаматтық сектор өкілдері, саясаттанушы Айдос Сарым, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің хатшысы Алтынай Көбеева, «Атырау. Кішкентай ел» балаларды оңалту орталығының жетекшісі Ерлан Күмісқалиев, «Береке» ҚБ төрайымы Роза Абдуллаева, Nege.kz қазақ тілді порталының директоры Александр Данилов сөз сөйледі.
Биыл 5 күнге созылған IX Азаматтық форумға қатысқандар мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесуге мүмкіндік алып, ашық тілдесті. Осындай 12 кездесу өтті. Жалпы шара қорытындысы бойынша 650-ден астам ұсыныс қаралды. «Дәстүрлі шараға қоғамның ынтасы жыл санап артып келеді. Мәселен, интернет кеңістігіндегі 40-қа жуық диалог алаңы кең аудиторияны қамтыды. Әркім ой қосты, пікір алмасты. Азаматтық қоғамның ынтымағын көздеген ел ғана жетістікке жетеді»,- деді Қырымбек Көшербаев.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін интернет платформалары жұмыс істеді. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары кеңінен қатысып қана қоймай, нағыз әріптестікке дайын екендіктерін шынайы көрсете білді. Кезекті форум жемісті болды»,- деді. Елдің жарқын болашағы мен қарқынды дамуы үшін ортақ мүдде төңірегіне топтасқан форумға қатысушылар азаматтық секторды дамыту және оны өркендетудің алғышарттарын талқылады. Министр Аида Балаеваның айтуынша, форум кері байланыстың алуан түрлі тетіктері қолданылған шынайы диалогқа айналды. Форумның онлайн алаңдарына 20 000-нан астам адам қатысса, талқылауға 1500-ден астам ҮЕҰ-дың белсенді өкілдері атсалысты. ҮЕҰ өкілдері «еркін микрофон» форматында өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап алды.
IX Азаматтық форумның жабылу салтанатында Аида Балаева еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін ҮЕҰ сыйлықтары байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҮЕҰ үшін сыйлықақы 2017 жылдан бастап ҮЕҰ-ны ынталандыру тетігі ретінде енгізілген. Бұл ҮЕҰ әлеуетін, материалдық және кадрлық ресурстарды дамыту мен нығайтудың, қоғамдық пайдалы жобаларды іске асыру үшін уәждемені арттырудың нақты мүмкіндігі. Осы жылдар ішінде 223 ҮЕҰ сыйлық иегері анықталды, биыл 38 ҮЕҰ сыйлық алды. Сыйлық жеңімпаздарының қатарында: «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ, «Қамқорлық» дағдарыс орталығы, «Алматы облысы Қазақ соқырлар қоғамы» «Алтын арқау» ҚБ, «Атырау Рауан» ҚҚ, «Бастамаларды қолдау» ҚБ бар. ҮЕҰ үшін сыйлықақы – 15 маңызды бағыт бойынша әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес секторды мемлекеттік қолдау тетігі болып табылады.
Комиссияның қарауына биыл еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық ұйымдардан 109 өтінім түскен. Ең көп өтінім халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағыттары бойынша келіп түсті – 24, білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу – 14, азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу – 11, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу бағыттары бойынша – 10 өтінім қабылданған.

Саят Қамшыгер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *