Біртуар тұлға

Үстіміздегі жыл Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміздің 75 жылдығы. Осыдан 75 жыл бұрын бүкіл әлемге қауіп төндірген фашистерді жеңу бақыты бұйырған болатын.
Биыл қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман батыр, майдангер-жазушы әрі жерлесіміз Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Көлбастау деген ауылда дүниеге келген. Бауыржан анасы Рәзия дүниеден өткен соң 3 жасынан бастап әжесі Қызтумастың қолында өскен. Бауыржан Момышұлы мектеп бітірген соң ұстаздық етіп қана қоймай, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, содан соң милицияда жұмыс жасаған. Барлығымызға белгілі, Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыста, Мәскеу үшін шайқаста жанын аямай көптеген ерліктер жасаған.
Соғыс жылдарында асқан ерлігімен, тапқырлығымен көзге түскен Бауыржан полк командирі және батальон, дивизия командирі де болып тағайындалған. Сонымен қатар командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді. Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді. Б.Момышұлы майданда жүрсе де қолынан қаламын тастамаған, майдангер-жазушы атанған. Соғыс уақытында «Серігім», «Жазушыға», «Қалыбек аға», «Біреулерге», «Омарбекке», «Жардың мұңы», «Ғ-ға», «Ана тілін ардақта», «Досыма», «Толғау» атты өлеңдер жазған.
Даңқты батыр1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. 2010 жылы батырдың 100 жылдығына орай деректі фильм, Б.Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Сондай-ақ Бауыржан атамыздың есімімен аталған нысандар, көшелер, елді-мекендер де аз емес. Б. Момышұлы көзі тірі кезінде қаншама медаль, ордендерге ие болған, ал «Кеңес Одағының Батыры» атағын тек дүниеден озғаннан кейін ғана иеленді. Және де Бауыржан атамыз келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие болсын деп «Тәртіпке бас иген құл болмайды!», «Ептілік пен ерлік – Ерге тән қасиет», «Опасызда отан жоқ – Отанда опасызға орын жоқ!»-,деген қанатты сөздерін мұра етіп қалдырып кеткен.Баукеңнің даңқы, рухы өзіне керек емес, ол бізге, ұлтымызға, келер ұрпағымызға керек. Бауыржан атамыздың даңқымен, рухымен, дана өсиет сөздерімен тәрбиеленген ұрпақтың осал ұрпақ болмайтыны айдан анық.
Маңдайдағы наркескеннің өзісің,
Ерлігіңмен, өрлігіңмен ірісің.
Халқыңменен біргесің сен, жан ата,
Ұмытылмайды өнегелі, ұлы ісің.
Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлындай алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік! Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, Баукеңнің атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық! Себебі, Бауыржан Момышұлы – қайталанбас, біртуар тұлға!

Аружан БЕРІКБАЙ, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылы, №29 орта мектебінің 9«А» сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *