Отансүйгіштік – асыл қасиет

Отансүйгіштік – әр адамның бойындағы құдіретті, тылсым күш, алға жетелейтін жігер, ұлы сезім. Қазірге дейін еліміз жеткен азды-көпті жетістіктер – ұлтына, Отанына деген ұлтжандылықтың арқасында тырысып, тек алға ұмтылған жандардың аяусыз еңбегінің жемісі. Менің түсінігімде, ұлтжандылық яғни, патриотизм – ұлттық сананы мейлінше қалыптастыру, елі үшін кез келген батыл қадамға бару, ұлттың алтын қазынасы ана тілді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, мемлекеттік рәміздерді өзіндік мүддеден жоғары қою.

Елдің елдігін айғақтар, тәуелсіздіктің тірегі, егемендігімнің символы – Туым, Елтаңбам, Әнұраным. Бұл рәміздердің тарихы сонау қазақ елінің түп тамырымен етене ұштасып жатыр. Ертеден-ақ қазақтың әр ру-тайпасында өз байрағы, өз мөрі, өз ұраны болған. Оны Ақтамберді жыраудың:
«Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек қан қайнап» немесе Сүйінбай Аронұлының:
«Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көрінсе,
Қозып кетер қайдағым»- деген жолдарынан байқаймыз.
Сол секілді, біздің Туымыз – еліміздің киесі. Біз – Мемлекеттік Туға қасиет деп қараған халықпыз. Көк байрағымыз желбірегенде бойымызда қан ойнап, ұлттық намысымыз қозып, кеудемізде мақтаныш сезімі оянары сөзсіз. Туымыз бізге рух сыйлап қана қоймай, бойымыздағы ерекше бір патриоттық сезімді оятады. Жалпы айтқанда, Мемлекеттік рәміздеріміз – біздің ұлттық құндылықтарымыз, оларды насихаттау, құрмет көрсету – баршамыздың міндетіміз.
Осы тұста, қазақ халқын төрткүл дүниеге танытқан отандасымыз, бір ғасырда бір туатын дара тұлғамыз Димаш Құдайбергенді үлгі еткім келіп отыр. Ол қашан да, қай елде де өзінің Димаш атынан бұрын «Қазақ» атын ататып, туын ғарыштық биіктен желбіретіп, қазақи нақыштағы киімін тастамай, ұлттық аспабымыз қос ішекті қара домбыраны серік етіп, әр концертін қазақ тіліндегі әнімен бастап, алты октавалық зор дауысымен барша әлемнің таңдайын қақтырып келеді. Міне, нағыз ұлтжандылық деп осыны айт! Димашты тыңдап отырып, Ұлы даламыздың кереметтей әуендері мен құдіретті сарындарына қанат біткенін аңғарасың. Ондаған ғасырлар қойнауынан ұлы бабаларымыздың рухы өре тұрып, космостың шуағы мен нұрына шомылып жатқандай күй кешесің. «Халық айтса қалт айтпайды» деген бұрынғыдан жеткен тәмсіл бар.
Бір ғана қазақ емес, бүгінде Димаш Құдайбергенді нағыз өнерді бағалай білер әлемнің төрт бұрышы тегіс танып, мойындап отыр. Шыны керек, шетелдіктер Қазақстанды Димаш арқылы таниды. Осы асыл азаматымыздың арқасында қазақ тіліне, қазақтың ұлттық киіміне, әдет-ғұрпына деген шетелдіктердің тарапынан қызығушылар қарасы көбеюде. Тіпті, «Димаштың елін, туған жерін өз көзімізбен көргіміз келеді» деген жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанның көзтартарлық туристтік жерлеріне ағыла келіп жатыр. Бұл – игілікті бетбұрыс.
Алтындай әншімізді бізден бөлек, Қытай халқы ерекше жақсы көреді. Қытайлық жас жұбайлардың үйлену тойларын Димаштың құрметіне арнағанын естіген шығарсыз? Бұл дегеніміз қазақтың қарапайым баласының шартарапты бағындыруы емес пе? Сонымен қатар, әлем мойындаған, қытайдың атағы жер жарған актёры Джеки Чанның «Авангард» атты туындысы Димаш Құдайбергеннің орындауындағы саундтрекпен барша көрермен назарына жол тартпақ. Тағы бір айрықша жағдай: Қытай елінің үлкен сахнасында Димаш Абай сөздерінен үзінді келтіріп сөйлегеннен кейін қытайлық жанкүйерлер: «Абай деген кім? Ол қандай ғұлама?» — деп сұрап, қызығушылық танытқан. Абайдың шығармаларымен танысып, баспадан миллиондаған данамен кітап етіп шығарған. Оны сол елдің жұрты таласып-тармасып сатып алған. Міне, данаңды дәріптеп, ұлтыңды насихаттаудың үлгісі! Менің сөз еткенім бір Димаш қана. Қазақ елінде мұндай отансүйгіш азаматтар жетерлік. «Тәубе!» дейміз, әрине.
Иә, намыс, қайрат, жігер әр қазақтың бойында жалындап тұр. Отансүйгіштік – бізге бабадан дарыған бағалы қасиет. Мұхиттың ар жағынан қазақтың намысын таптағысы келгендер бар екенін де білдік. Өздеріңізге белгілі 2006 жылы әлемді шулатқан, қасиетті елімізді, Қазақстанды дұрыс емес жағынан көрсеткен «Борат» атты кинотуынды жарық көрді. Тап сол кезде мемлекетіміз ыңғайсыз жағдайға тап болған еді. Себебі, кинода көрсетілген дүниелер шындыққа мүлдем сәйкес келмейтін. Ал енді тағы да осы сорлап қалған және жалған ақпараттарға толы киноның екінші маусымы шыққалы жатыр. Осыған дейінгі қылықтарына есерсоқ қой деп мән бермей, шет ысырып қойған едік. Соңғы жағдай қай қазақтың да намысына тиді, туымызды шүберекке теңеп оңды-солды арсыз жүргендер бейжай қалдырмауы керек. Бұл – ешбір мемлекет кешірмейтін әрекет.
Тәуесіздік жолында талай тұлғаларымыз басын бәйгеге тікті, қаны төгілді, кейбірі жазықсыз атылды, осы жолда жанын құрбан етті. Сол бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің басты символы – мемлекеттік рәміздеріміз. Оның ішінде ту, ол – елдің айбары, абыройы, жүрегі. Мұндай жағдайда кеудесінде намысы бар қазақ езу тартып, үнсіз қарап, қол қусырып отырмайды. Олай үнсіз қалуға хақымыз жоқ! Менің ойымша, әр ел тек өзінің ғана емес, өзге елдің де рәміздеріне құрметпен қарауы тиіс! Олай болмаған жағдайда, заң бойынша жазасын алуы қажет деп ойлаймын.
Кешегі жағдайда биліктен еш қарекет болмағандықтан, қазақстандықтар «Мен Туымды мақтан етемін» атты акциясын бастағаны жұртшылыққа мәлім. Бұл бастаманы қос қолдап құптаймын. Себебі, қам-қарекетсіз отырғаннан тиімдірек. Қалың ел бастаған екен, биліктен де қолдау болады деп сенеміз! «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз!» деп қазақтың Абылай ханы айтқандай, Алаш елінің титығына тимей, істі осы жерден доғарғаны жөн болар дейміз. Бұл оқиғадан кейін біздің бір тал абырой деңгейіміз кеміп қалған жоқ, керісінше, ұлтжандылық тұрғысынан шыңдала түскендейміз.
Мендегі бар тілек: Мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін көк туымыз ешқашан аяқ астында тапталмай, әрқашан заңғар биікте желбіресін! Қазақтың жалынды жас ұлтжанды азаматшасы ретінде сөзімнің соңын мына өлең шумағымен аяқтағым келеді:
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес, маған керегі –
Көк тудың желбірегені!

Жаным ЕРІК, жас тілші, Ақтөбе облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *