Шашбау омыртқаны қисайтпайды

Шымкентте Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әсел Мұсаева шашбауды омыртқа қисаюының алдын алу мақсатында қолдану құрылымын зерттеп, бұл табысты жұмысы үшін авторлық құқық алды. Жоба авторы зерттеу жұмысында қазақ сұлуларының әдемі мүсініне ықпал еткен, мезгілсіз әжімдердің пайда болуына жол бермейтін және қан айналымын жақсартатын шашбау және шолпы секілді ұлттық әшекейлерімізді негізге алған.
«Шашбауды пайдаланғанда қауіпсіздікті, қолжетімділікті және қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында автор артық бөлшектерді алып тастап, қазіргі жиырма бірінші ғасырға сай етіп өнімді қайта жаңартты. Нәтижесінде бұл шашбау омыртқаның мойын-жақ бөлігіндегі бұзылудың алдын алуға көмектеседі. Онымен қоса, вегето-тамыр ауруларының санын азайтуға септігін тигізеді»,- деді ғылыми жоба жетекшісі – ұстаз Жанна Дүйсенбиева. Оның айтуынша, шашбаудың басты функциясы – шашқа сән беру немесе оның сылдыры арқылы назар аударту емес, оны қыз баланың тік тұлғасының қалыптасуына жауапты аксессуар ретінде қарастырған жөн. Шашбау – бастың өз осінен ауытқымауына қажет құрал. Шашбау салмағының қыз баланың жас ерекшелігіне қарай ауырлап отыруының да себебі – омыртқа қисаюының алдын алуға негізделген.
Жалпы қазақ халқы «Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» деп, әйел адамның әдемілігіне қатты мән берген. Әжелеріміз ежелден әшекей бұйымдарды ұрпақтан ұрпаққа мұра етуді де ұмытпаған. Қазақ әйелінің өзіне тән әшекей бұйымдарының ішінде шашқа тағатын шолпы мен шашбаудың маңызын бабаларымыз жақсы білген. Қазір қазақтың ұлттық бұйымдарының қасиетін ғылым да мойындап жатыр. 12-сынып оқушысы Әсел да бабалардан жеткен шашбаудың ғылыми негізін ашып отыр.
Осы орайда, біз, шолпы мен шашбаудың өзіндік ерекшеліетерін де назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Шолпы құрылымы жағынан шағын болып келеді. Ол өзара біріктірілетін қозғалмалы бөлшектер: құлпырма маржан тізбектерінен, жартылай қуыс не жалпақ, селдір медальондардан, күміске орнатылған түрлі тастан құралады.
Ал шашбау болса, шолпыдан ұзындығымен ерекшеленеді. Ол күміс шынжырлардан немесе жіптен, жібек баудан жасалып, маржан моншақтармен, сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген таспабаулардан тұрады.
Шолпы шаштың ұшына тағылатын болса, шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. Кейде шашбау қара баудан жасалып, шашты ұзын әрі қалың етіп көрсету үшін қолданылады.
Дана қазақ қыздарына қоңыраулы шолпы тағу арқылы қызды қатты күлуден сақтандырған, яғни қатты күлгенде шолпы сыңғырлап, оқыс қимылдарға тосқауыл болған. Шолпы арқаны түзу ұстап, сәнді жүруді үйрететін модель мектебінің рөлін атқарған. Шолпының ауыр салмағы басты ауыртпайтын, емдік қасиетке ие. Шолпы салмағының әсерінен шаш ұзын болып өседі. Ұзын шаш қазақ түсінігінде айрықша киелі саналады. Шолпы да, шашбау да бұрым тарқатылмай жинақы болып тұру үшін қажет.

ПІКІР ЖАЗУ