Батырдың аты өлмейді

Қазақ елі – батырларға бай халық. Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреген хас батырларымыз қаншама?! Осы тұста, халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Біздің қазақ халқы – батыр халық»,- деген екен. Әр батырдың жасаған ерлігі мен атқарған міндеті халық жадында мәңгі сақталады. Себебі, олар – елі үшін мың өліп, мың тірілген қаһармандар.
«Кіші жүзге найза беріп жауға қой»,- деген екен кезінде Төле би бабамыз. Халқымыздың көне тарихына көз салсақ, кіші жүздің ұл-қыздары ақыл-парасатымен, жанқиярлық ерлігімен өз мекенін, ата-қонысын анталаған жау қоршауынан қорғай білген. Осы орайда, өз туған өлкем батыстан, Ақтөбе облысынан шыққан батырларымыздың ерен ерлігін сөз еткім келіп отыр.
Солардың бірі де, бірегейі – Қара Қыпшақ Қобланды. «Қобланды батыр» жырын естімеген қазақ баласы кемде-кем шығар. Шежіре деректеріне қарағанда, Қобланды – Жошы ханның тұқымы Әбілқайыр ханның тұсында XV ғасырда өмір сүрген, ханның белгілі қолбасшыларының бірі болған адам. Ол – қазақ халқының және тұтастай түркі халықтарының бес ғасырдан астам уақыт ерлік өнегесі болған, өз ғасырындағы Алтын орда, Ақ Орда,Ноғай Ордасындағы Қазақ хандығы құрылар тұсында ерлігіне халық таңдана да, қызғана қараған алпамсадай тарихи тұлға. Қобландының бір басында әрі басшы батырдың, әрі артынан ерген қолға қолбасшы болған да міндеті бар. Арыстан туған Қобланды сияқты батыры, айбыны болған заманда Қыпшақ елін аларлық жау болмаған деседі. Осыған қарап-ақ оның қандай тұлға болғандығын айқын байқауымызға болады. Қазіргі таңда, батырдың жерленген жерінде дулыға пішіндес үлкен кесене салынған. Ол Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында орналасқан. Батыр сүйегі жатқан жерге дұға оқып, батырдың басына рахмет айтып келетіндер қарасы да аз емес.
Ендігі көпке белгілі батыр – Қарабатырұлы Бөкенбай. Табын Бөкенбай батыр шамамен 1669 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк, Қобда аудандарының аумағында дүниеге келген. Ол – атақты батыр әрі би, мемлекет қайраткері, қазақтың үш жүзінің біріккен әскерін басқарған бас қолбасшы, Жетіру одағының басқарушы биі, қалмақ-жоңғар шапқыншылықтарында азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі. Шығыстағы жоңғарлар Қазақтың жерін таптаған кезде, бірқатар қазақ берілу керектігін мақұлдаған болуы керек, сонда салы суға кетіп, жүзі мұңға кетіп, басы төмен қарап тұрған халықтың ортасынан Табын Бөкенбай күркіреп тұрып: «Ұлдарымды құл қылып, қыздарымды тұл қылып, жерімді таптатып қойғанша бір қасық қаным қалғанша айқасамын, ағайын! Ер соңымнан!», — деген қанатты сөзі бүкіл қазақтың еңсесін көтерген екен. Осылайша, бұл шайқас жоңғарларды түп тамырымен қырып жіберген, Аңырақай атауымен тарихта алтын әріппен қалды. Біршама соғыстарда қол бастаған асыл ер 1742 жылы елінің бостандығы үшін түрікпендермен болған қырғында қаза тапты.
Қалмақ-жоңғар басқыншылығына қарсы күресте төбе көрсеткен апайтөс батырлар аз болмады. Сондай батырлардың ішінде әскери-жауынгерлік жорықтарымен, ерлігімен тарихта ізі қалған, әулиелігі де ел ішінде аңызға айналған Кіші жүздің Жетіру бөлімі Тама руынан шыққан жаужүрек Есет батыр XVII-XVIII ғасырлардағы ел басына күн туған қасіретті де, зұлмат заманда ерекше орын алады. Есет батыр 1667 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Қуағаш деген жерінде дүниеге келген. Ол – дәуір жүгін өле-өлгенше арқалап өткен, қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналған дара тұлғалардың бірі. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты өзені бойындағы шайқасқа қатысып, езілген елдің еңсесін көтерген ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай шайқасында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болды. Осылайша ерен ерлігімен көзге түскен батырдың кесенесі Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылының жанында биік төбенің ұшар басында орналасқан.
XVII ғасыр қазақ жұрты үшін қисапсыз қасірет әкелген ауыр кезең болды. Сол ауыртпалықты жеңу кезінде де батырларымыз аз болмады. Солардың беткеұстарларының бірі – Сәңкібай батыр. Оның есімі Сағыз, Жем, Ойыл бойында кеңінен таралған. Ақтабан шұбырынды жылдары қазақ жерінің батысын жаулап алуға тырысқан жоңғарларды Еділ мен Жайықтан қууда Сәңкібай батырдың атқарған ерлігі орасан зор. Сәңкібай есімін арада үш ғасырдай уақыт өтсе де ел ұмытпай, әлі күнге дейін қадірлеп, тіпті кей өнегелі істерін аңыз ретінде айтып келеді.
Қазақ жерінде ерлігімен көзге түскен қайсар да өжет қыздарымыз аз болмады. Соғыс жылдарының шежіресіне назар аударсақ, фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде, Отанды қорғауға ерлермен бірге, әскери қызметке міндетті болмаса да мыңдаған қазақтың қыз-келіншектері де өз еріктерімен майданға аттанып, жауынгер атанған. Солардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыста елі үшін қыршыннан қиылған нағыз батыр қызымыз Әлия Молдағұлова. Ол 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған мерген қыз. 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков жерінде ерлік көрсете отырып он тоғыз жасында қаза тапты.

«Шолпан жұлдыз – өзіңсің шоқтай жарық,
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
Туған жердің төсінде мәңгілікке,
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып», —

деп Роза Рымбаева апамыз әнге салғандай, батыр қыз елі үшін шоқтай жарық жұлдыз болып қала бермек!
«Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», деп бізге батырлық пен батылдықтың үлгісі бола білген Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Қазақ аштықты да, жоқтықты да, небір сұрапыл дүниені де көрді. Бірақ, өмірге деген құштарлық пен азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайта түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына көтеріп отырды. Біз сол «Алаш» атты еліміздің – рухы биік, көңілі көлдей, жаны жайсаң, алар белесі зор ұрпағымыз. Қазақтың кең байтақ жері, тілі, діні, ділі – біздің ең осал тұсымыз. Себебі, «Мен қазақпын» дейтін әр қара домалақ ұрпақтың бойында бұрын елін қызғыштай қорғап, тайсалмаған ержүрек батырларымыздың қаны толқындай тулап тасып жатыр. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені, ғылымда «ген» деген ұғым бар. Сол үшін де, ол кісілер өмірден өтсе де, көзі өлмек емес! Ақтөбе өңірінен жоғарыда атап өткендей батырларымыздың батыл ұл-қыздары алдағы уақытта да туатыны шындық. Сол ержүрек ата-бабаларымызды біз Темірқазық ретінде танып, солардың аманатын – ел тағдырын, жер тұтастығын, халық бірлігін , ұлт тәуелсіздігін сақтау жолында оқуымызды жақсы оқып, білімді, білікті, алғыр, өнерлі, өз ісіміздің нағыз шебері болғанымызда ақтай аламыз. Батыр бабаларымыздың Отанды сүйіп, сол жолда ұлтжандылықпен жанын аямай ерлік көрсетулері бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болары сөзсіз. Осындай батырлардың ұрпағы да тайсалмас ер, жігерлі, Рухты азамат болмай ма?! Қорыта айтқанда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Жұбан Молдағалиев ағамыздың үзіндісімен аяқтағым келеді:

«Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір туылдым мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!»

Нұрхат БАТЫРБАЙҰЛЫ, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Басқұдық орта мектебінің 9-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *