Бақыт дегеніміз не?

«Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы Әбу-Насыр Әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс
тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек»,- дейді немістің шығысты зерттеушісі А.Мюллер.
Аристотель әлемдегі бірінші ұстаз болса, Әл-Фарабиді барша әлем екінші ұстаз ретінде таныған. Әл-Фараби Аристотель философиясын оқып, саралай отырып, оны дамытып, жетілдірген. Сондықтан философия жөнінен алғанда Фарабиді Аристотельдің шәкірті деп білеміз. Фараби Аристотельді аса жоғары бағалаған. Әсіресе оның логикасын жақсы көріп: «Бұл кітапты жүз мәрте оқыдым, тағы оқысам деген ойым бар»,- деп жазады ол.
Қорқыт өмір бойы ажалды жеңетін күшті іздесе, Әл-Фараби бақыттың кілтін іздеді. Бақытты қалада тұруды армандады. Соның нәтежиесінде ол бақытқа жету жайлы ой қозғайтын «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Қайырлы қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбектерін жазып қалдырды. Оның осы еңбектерін оқып, талдау барысында байқайтынымыз ойшыл ғалым қарапайым ұғымдар арқылы адамның бойындағы кез келген мінез-құлықтардың, әдеттер мен түрлі қасиеттердің тумысынан емес, жүре келе, бірте-бірте барып қалыптасатынын логикалық жүйелілікпен баяндап, дәлелдеп берді.
Әл-Фараби «Бақыт жолын сілтеу» деген еңбегінде: «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны түсіндіріп жату (артық) сөзді керек етпейді, өйткені бұл мейлінше белгілі (нәрсе)»,- дейді. Сондықтан адам әрдайым ізденіс үстінде болуы керек, өзін әрқашан дамытып отыруы тиіс.
Бақыт – көп мағыналы ұғым. Оның басты түсініктері:
1. Бақ-дәулет 2. Қуаныш, рахат 3. Жақсылыққа жету, даналық 4. Өмірден өз орнын табу. «Бақытты өмір сүру – қуанышты болу, дәулетке кенелу, рахатқа бөлену. Адамға қуаныш әкелетін оқиғалар – табысқа қол жеткізу, іс-әрекеттің марапатталуы, алға қойған мақсаттың орындалуы, бала-шағаның қызығы. Қуаныш сезімі адамға күш беріп, кісінің жігеріне жігер қосады. Алайда қуаныш пен бақыттың арасында айырмашылық та бар. Қуаныштар жасанды бақыт сияқты, олар әр түрлі себептерден туындайды. Қуаныш өткінші, жеке бір сәтке байланысты болса, бақыт – адамның бүкіл өмірінің арқауы. Өмірде адамгершілікке жат, әдептілікке сыймайтын жалған қуаныштардың да кездесуі мүмкін»,- деп есептейді.
«Ең алдымен біліп алатын нәрсе: адам тамаша әрекеттерді кездейсоқ жасауы және өзінің ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жасалған ондай тамаша әрекеттер бақытқа жеткізбейді. Егер осы әрекеттер оның өзінің ықтиярына және таңдауына негізделген болса, ол бақытқа жетеді. Адам өзінің барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса, және өмір бойында осылай ететін болса, сонда ғана ол бақытқа жетеді»,- деп тұжырымдайды. Ғұламаның осы айтқан сөзіне күнделікті қоғам өмірінен мысал келтірер болсақ: адам ең әуелі мамандық таңдағанда өзінің жан қалауын дұрыс аңғара алса, ол сол таңдаған мамандығын жақсы игереді және де сол іспен айналысқан оған бақыт сыйлайды. Өкінішке орай, қазір қоғамда, адамдарға жан қалауынан күштірек қаржылық мұқтаждығын өтейтін, қоғамда сұранысқа ие мамандықты таңдау тиімдірек. Оның себебі айтпасақ та түсінікті деп ойлаймын.
Қазіргі қоғамдағы тағы бір басты мәселе бақталастық және атақ құмарлық болып тұр. Әл-Фараби сөзіне сүйене отырып, осы келтірілген бірінші мысалды адамның өз ырқынан тыс болғандықтан, бақытқа кенелтпегенін аңғарсақ, екінші мәселе ретінде қарағаным «Өмірде адамгершілікке жат, әдептілікке сыймайтын жалған қуаныштардың да кездесуі мүмкін» деген сөзіне саятын сияқты. Данышпанның айтқанындай, адамдар — өзіне ұнайтын, керекті нәрселерді мысалы: ақша, атақ т.б өзінің өмірінің мақсаты мен негізі деп ойлайды. Адам бақытты ешбір жағдайда басқа күш арқылы емес, тек теориялық ақыл-парасат күші арқылы ғана пайымдауы керек. Ғұлама: «Адам ақыл-ойының арқасында ғана адам болды, бақытты дұрыс түсінетін адамдар – данышпан адамдар»,-дейді.
Биыл туғанына 1150 жыл толып жатқан Әл-Фарабидің ойынша бақыт ұғымы мінез құлық пен ақыл-парасаттың, мақсаттың нәтижелі жемісі. Баянды бақыт осы аталғандардың үйлесімінен туатынын ұстаздың: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа
байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады»,- деген сөзінен аңғарсақ. Данышпан өзінің тағы бір сөзінде: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде… адамның өз мінез-құлқын , іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруындa» деп бақыттың мәнінің де осы құндылықтар негізінде екенін баса айтады. Ол ең соңында: «Бақытқа қолы жеткен адам үшін ең жарастысы – қанағатшылдық жасау», — деп бақытты қанағатпен ғана ұстап тұру мүмкін деп түйіндейді.
Айқын мақсатымызбен, толысқан ақыл-парасатымыздың, қалыптастырған жақсы мінез бен, қанағатшылдығымыздың арқасында баянды бақытқа жетейік.

Анар Мұрат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *