«Mама» фотокөрмесі ашылды

Елордадағы Достық үйінде отбасы институтын насихаттау, көп балалы және көп буынды отбасын құрметтеуге тәрбиелеу, фотообъектінің призмасы арқылы қазақстандық қоғамның көпқырлылығын көрсету мақсатында «Мама» атты фотокөрме өтті. Шараға көпбалалы аналар – этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қалалық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Экспозицияда көп балалы аналардың фотосуреттері, сонымен қатар отбасы құндылықтарын бейнелейтін суреттер қойылған. Шара барысында аналар кеңесінің ең белсенді мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған медальмен марапатталды.
Аяулы аналарды құттықтап сөз сөйлеген әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Мөлдір Бөлебаева: «Сіздерге отбасы институты мен қоғамдағы бірлікті нығайтуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымыз зор. Сіздерге тағзым, құрметті әйелдер, аналар! Зор денсаулық пен сәттілік тілеймін»,- деді. Ал қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова: «Отбасы күніне орай қоғамда белсенді жұмыс атқарып, еңбекте табысты болған, іскер әйелдердің фотокөрмесін ұйымдастырып отырмыз. Барлығы 24 әйел мен олардың отбасыларының фотолары бар. Ассамблея жанында бірнеше қоғамдық құрам қызмет атқарады. Солардың бірі әрі бірегейі елордалық ҚХА-ның Аналар кеңесі. Кеңес мүшелерінің фотосуреттері де осы көрмеге қойылған»,- деді.
Фотокөрмеге қатысушылар мұндай шаралардың ұрпақ тәрбиесінде маңыздылығына тоқталып, бүгінгі отбасы қандай болуы керек деген тақырып жөнінде пікір алмасты. «Аналар кеңесі алға қойған барлық міндеттерді іске асырып келеді. Елімізде орын алған төтенше жағдайларға қарамастан, қоғам белсенділері саналатын нәзік жандылар қайырымдылық іс-шараларымен қатар, психологиялық қолдау көрсету функциясын атқарды. Бүгінгі фотокөрме, бүгінгі әйелдер – аналардың өз жанұясын қорғаушы екенінің дәлелі»,- деді қалалық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова. «Мама» фотокөрмесінің салтанатты ашылуынан соң келушілер көрме кейіпкерлерімен танысып, суретке түсті.

Тілекгүл Есдәулет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *