Қолдан келмейтін «ерлік»

Бұл оқиға өткен жылы, мен 7-ші сыныпта оқып жүргенде болған еді. Орыс әдебиетінен М. Шолоховтың «Адам тағдыры» деген повесін оқып жатқанбыз. Бізге осы шығарманың мазмұнын біліп келуге тапсырма берілді. Келесі күні апай:
— Қане, кім оқып келді, қайсысың мазмұнын айтасыңдар? – деп сұрады.
Оқып келген балалар:
— Апай, мен айтайыншы, — деп жарыса қол көтерді. Арасында мен де бармын. Бірақ апайымыз үндемей отырған Дастанға жақындады.
— Ал, Дастан, сөйлей ғой, повестен қандай әсер алдың? – деді.
Дастанда үн жоқ. Мұғалім:
— Мүмкін, басты кейіпкер соғыс болып жатқанда, жер астындағы подвалға тығылып, төрт жылдай жасырынып, ал шыққан кезде соғыстың біткені туралы естіген шығар – деді әзіл-шынын араластыра сөйлеп. Оқушы үндемеді. Ұстаз Едігеге жақындады.
— Сен шығарманы оқыдың ба?- деді. Едіге бас шұлғыды. Демек, оқығаны.
— Олай болса саған басты кейіпкер ұнады ма, өзіңді сол кейіпкерге ұқсатқың келе ме? – деп сұрады. Едіге:
— Әрине, басты кейіпкерге ұқсағым келеді. Себебі, ол өте ер жүрек кісі. Өздерің ойлап көріңдерші, жер астындағы подвалда 4 жыл отырып шығу деген кім көрінгеннің қолынан келе бермесе керек, — дегені.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ». Едігенің жауабына бүкіл сынып ду күлді.

Ерқанат ҚАБДЫРАҚМАН.
Арқалық қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *