Жүзім жапырақтары

Әлі есімде, Тараз қаласынан онша алыс емес, Сарыкемер деп аталатын ауылда қонақ болып отырмыз. Қаладағы қазақ-түрік лицейінде оқитын Азамат деген баланың анасы Гүлсім апай өз қолымен әзірлеген тәтті-дәмді тағамдарды дастарқанға қойып, бізді шын ықыласымен күтіп жатыр.
Шайды есік алдындағы жайқалып тұрған жүзімнің көлеңкесінде отырып іштік. Күн ыстық. Жүзім бұтақтарының жапырағы қалың. «Әй, сендер осында жайғасып алғансыңдар ма?» дегендей күн сәулесі қалың жапырақтардың артынан сығалап, жымың-жымың етіп күледі.
Шай үстінде келіншегім Халима жүзім жапырақтарына қызығып, қайта-қайта қарай берді. Бір кезде маған сыбырлап:
– Апайдан біраз жапырақ сұрасақ, берер ме екен, -деді.
Мен болсам, білмеймін дегендей иығымды қозғаймын. Бірақ іштей Гүлсім апай жүзім жапырақтары не үшін қажет болды деп сұраса, не айтамын деп ойланамын.
Әйтсе де Халиманың ойына алыстағы туған жерді, Түркияны еске түсіретіндей бір қызық нәрсе оралып отырғанын сеземін.
Осы кезде Гүлсім апайдың өзі де соны байқап:
– Келіншегіңіз бірдеңе сұрағысы келіп отыр ма? – деп қалды.
– Иә, — деп күлдім мен. – Халима: «Жүзім жапырақтарын алсақ бола ма?» — дейді.
– А-а, — Гүлсім апай таңданып қалды. – Мен қалайша білмегенмін. Сіздер де сиыр ұстайды екенсіңдер-ау…
– Жо-жоқ, апай. Сиыр қайдан болсын. Өзіміз пәтерде тұрамыз.
– Қайдан білейін, біз бұны кешке таман өрістен келген сиырдың алдына апарып саламыз ғой.
Ал, әйтпесе!
Бір-бірімізге қарап, жымиып күлеміз.
– Біздің жақта жүзім жапырақтарына орап «сарма» дейтін дәмді тамақ жасайды, — деп, мен Халиманың жапырақтарға не үшін қызығып отырғанын түсіндіріп жатырмын.
– Маған көп керек емес. Бір-екі уыс алсам жетеді, — дейді Халима қысылып.
– Ой, айналайын, бір қабын алып кетем десең де қой демейміз, — деп Гүлсім апай қолын сілтеп, күліп отыр.
– Енді мен де сізді қонаққа шақырамын, апа. Сол кезде сарма жасап беремін. Егер ұнаса, қалай жасалатынын көрсетемін, — дейді Халима.
– Рақмет, қарағым! Өркенің өссін!
Сол күні біз Гүлсім апайдың бақшасынан бір уыс жүзім жапырақтарын алып келдік.
Адам мен адамды дос, бауыр, туыс ететін де шіркін, осындай ақ пейіл, таза ниет емес пе!

Айналайын
апаларым-ай!

Екі мың екінші жылы тұңғыш ұлымыз Тарик дүниеге келді.
Халима перзентханадан шығып, кішкентай сәбиімізді көтеріп үйге оралдық. Бақыттан басымыз айналып жүр. Құндақтаулы сәбиімізді диванға жатқызып қойғанбыз. «Енді не істейміз? Бұл баланың бабын қалай табамыз?» деп бір-бірімізге қараймыз.
Бізге оны қайтіп бағып-қағуды үйрететін ата-әжеміз, әке-шешеміз жоқ қасымызда. Олар қазір алыста. Бес мың шақырым жерде. Бірақ мұнда да ел бар, жұрт бар емес пе?
Ертеңінде жұмыстан келсем, бір апамыз баланың жөргегін жуып, Халимаға көмектесіп жатыр.
Келесі күні келсем, тағы бір апайымыз оған ыстық тамақ жасап беріп, ақыл-кеңесін айтып жүр.
Үшінші күні келсем, бір-екі апамыз кішкентай нәрестені шомылдырып, ақ көрпеге орап, ұйықтатып жатыр.
«Ой, айналайын апаларым-ай! – деймін көңілім толқып. – Мың жасаңыздар!»
Қиын кезде қол ұшын беріп, жас отауға тірек болған, үлгі-өнеге көрсеткен Гүлсім, Нұрбала, Манат, Перизат, тағы да басқа апалар, біз сіздердің жасаған жақсылықтарыңызды, қамқорлықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз.
Міне, осындай жаны жайсаң, пейілі ақ, алтын аналарымыз Тариктің туған күні – 21 тамызда жыл сайын хабарласып, құттықтауды ұмытпайды. Біз қуанып, мәз болып қаламыз. Аман болыңыздар, ардақты аналар!

Серкан Хастүрк, бұрынғы «Қазақстан Zaman» ЖШС бас директоры
(Германия)

(Нұрғали ОРАЗДЫҢ «Алтын ұрпақ туралы аңыз» кітабынан алынды)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *