Менің есімім – Әлия!

Қазақ халқы – ырымшыл халық. Сәбиі дүниеге келгенде ата-ана есім таңдауға қатты көңіл бөледі. Баланың болашағы жарқын, мәнді болсын, жақсы адами қасиеттерге ие болсын деген ырыммен есім таңдаған. Осылайша, менің есімімді әкем – Нұрболат, батыр апамыздың есімімен аттас қылып «Әлия» қойыпты. Есейген шағымда әкем осы есімді Ұлы Отан соғысы батыры Әлия апамыздың рухына бағыштап қойғандығын айтты. Әлия ападай батыл, өжет, қайсар болып өссін деген ниетпен отбасымда ата-анам мені ұлттық салт-дәстүрді қадірлей білетін тұлға етіп тәрбиелеуде.
Не себепті «Әлия» атанғанымды білгеннен кейін қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова туралы өз бетіммен ізденіп оқып, танысқан болатынмын. Апамыздың Ұлы Отан соғысы батыры атанғанға дейінгі өмір жолы өте аянышты, қиындыққа толы болған екен. Жастайынан ата-анасынан айрылып, туғандарының тәрбиесінде болған. Ағайындары Ленинград қаласына қоныс аударуларына байланысты Әлия туған жері Бұлақтан жырақ өсуіне тура келіпті. Туған ауылында қалған бауырына сағынышын хат жолдап басатын болған. Осылайша басқа елде жүріп мектепке барып, білім алып, мергендер даярлайтын училищені оқып жүргенде соғыс басталып, майданға аттанып кетеді. Майдан шебінде өзінің қайсар, батыл мінезінің арқасында талай рет жауға қарсы тойтарыс беруде алдына жан салмаған. Сондай қанды күндердің бірінде Әлия апамыз қаза табады. Өкінішті, сол кезде ол 19 жаста еді. Сұм ажал оны аямады. Апамызға қаза болғаннан кейін Отан үшін көрсеткен батырлығы үшін Ұлы Отан Соғысының Батыры атағы берілді. Қазіргі таңда апамыздың есімімен көше атаулары бар. Ақтөбе қаласында мұражай, ескерткіш те орын тепті. Ал Әлия ауылында Ә.Молдағұлова атындағы мемориалдық комплекс жұмыс жасауда. Апамыздың туған жері Бұлақ ауылында «кішкентай қыз Әлия» жайлы сыр шертетін мұражай бар. Батыр апамыздың есімі мәңгі өшпейді, себебі қыз балалардың есімдерін «Әлия» деп қоюда. Қазір Қазақстанда осы есіммен қаншама қыздар аталуда.
Мен қазір 7-сыныпта оқимын. Әлі кішкентай болсам да осы есімге лайықты болуға тырысам. Әрдайым Әлия екенімді есімнен шығармаймын. Әрине, батыр апамыздай батырлық көрсететін кез емес. Себебі мен Әлия апамыз сыйлап кеткен бейбіт өмірде күн кешудемін, әр күнді күлімдеп қарсы алам, ата-атама қолғанатпын, бауырларыма қамқормын, туған елім – Қазақстанды сүйем. Соның өзі бойыма біткен жақсы қасиет деп ойлаймын.

Әлия СУЛТАНОВА, 7 -сынып оқушысы
Жетекшісі – Култаева Фарида Кенжегазиевна

ПІКІР ЖАЗУ