Ел үшін ардақты ақтаңгерлер

Ұлан-байтақ Қазақ Елінің барлық өңірлері сияқты Ақтөбе өңірінің де тарихы өз бастауын көне замандардан алады. Ұлы даланың орасан зор аймағын қамтитын Ақтөбе жерінің тау-тасы мен өзен-өткелі, көлі мен шөлі, киелі топырағы небір тарихтың, осы құрлықты мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың талайына бұйырып, маңдайына жазылған талай тағдырлардың, небір қанкешулер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты дәурендердің куәсі болғанына дау жоқ. Ақтөбе қазақ елінің тақиясына тар келмейтін талантты ұл-қыздарды сыйлады. Олар қазақ елінің шаңырағына бір-бір уық болып қадалып, оның көкжиегін кеңейтіп, топырағына нәр берді. Сіздерге Ақтөбе өңірінен шыққан танымал тұлғалар туралы мәлімет беретін боламыз. Бұл тұлғалар жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге екені сөзсіз. Алдағы уақытта Ақтөбе облысынан шыққан басқа да көптеген айтулы тұлғаларға тоқталатын боламыз.

 

Ахмет Жұбанов

Қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы, Темір ауданында Қосуатқам шатқалында дүниеге келген. А.Жұбанов қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп, тануда, түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрінген тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. 1968 жылы Алматы қаласында қайтыс болған.

Нұрпейіс Байғанин

Халықтың біртуар ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Ақын эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған “Ақкенже”, “Нарқыз” сияқты өз туындаларын шығарды. “Ақкенже” дастанында қазақ әйелдерінің тағдыры сол кезеңдегі нақты өмір мәнімен үндес, жан-жақты суреттеледі. “Нарқыз” — қазақ әйелдерін бостандыққа шақырған, идеясы анық, көркемдігі жоғары шығармаларының бірі. Байғанин Нұрпейістің дастан, эпостық жырларынан басқа да сатиралық өткір, қысқа өлеңдері және “Кектің дауысы”, “Қазақбаймен айтыс” сияқты көлемді шығармалары бар.

Ғазиза Жұбанова

Белгілі композитор, Кеңес Одағының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова 1927 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Жаңатұрмыс селосында дүниеге келген. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы. Өзін ұлағатты ұстаз ретінде танытқан тұлға. Оның ықпалымен музыкалық мектептер құрылып, фольклор және композиторлық шығармашылық мәселелері бойынша диссертациялар қорғалған. Өзінің талантын барлық жанрда танытқан шығармашылық диапазоны кең композитор. Оның музыкасы республикадан тыс жерлерде де жақсы танымал. Үнемі ізденіс үстіндегі суреткер болды. Ғ.Жұбанованың музыкасы арқылы қазақ музыка мәдениеті басқа халықтарға белгілі болды. Ол “Батырлық поэмасы” симфониялық поэмасын, “Жігер” симфониясын, “Еңлік – Кебек”, “Жиырма сегіз” операсын, “Ақ құс туралы аңыз” балетін, кантаталар, романстар, эстрадалық музыка, театр мен киноға арналған музыкалар жазды.

Шығанақ Берсиев

Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозының звено жетекшісі, тары өсірудің әйгілі шебері Шығанақ Берсиев 1881 жылы Ойыл өңірінде дүниеге келген. Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозының звено жетекшісі, тары өсірудің әйгілі шебері. Ол әуелі «Құрман» колхозында мұрап, 1938 жылдан звено жетекшісі болып істеді. Шөлейтті аймақтың ауа райына қарамастан, ұзақ жыл бойы Берсиев тарыдан мол өнім алды. Оның звеносы әр гектардан: 1939 ж. 25,5; 1940 ж. 155,8; 1941 ж. 165; 1942 ж. 175; 1943 ж. 201 ц өнім жинады.

Тахауи Ахтанов

Қазақтың танымал жазушысы, драматург Тахауи Ахтанов 1923 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шетырғыз ауылында туған. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды. 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін, әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдеби-сын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары — проза мен драматургия.

Сәбит Баймолдин

Ақын, жазушы Сәбит Баймолдин 1942 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, өз ауылында мектепте мұғалім, директор болған. «Қазақстан мұғалімі» газетінде Батыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілші, «Стальная магистраль» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасына жауапты хатшы, Қазақ КСР ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Қазақ КСР Баспа және полиграфия жөніндегі комитетте бөлім бастығы, баспалар жанындағы Литоның Бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі болып жемісті қызмет істеген. Оннан астам жыр жинағы, таңдамалылары жарық көрді.
Ақтөбе – мақтан тұтуға тұрарлық өңір, осындағы жаны сергек, жүзі жылы, күш-жігері мол жұртшылықтың атамекені. Осынау киелі топырақта қазақ үшін еңбек еткен ұлы тұлғалар дүниеге келген. Болашақта да ел үшін аянбай қызмет ететін ұл-қыздардың туылатынына сенеміз.
Ұлы тұлғалар дүниеге келген жер, қасиетті мекен – Ақтөбе облысын толық білгіңіз келсе – келіңіз! Біз сіздерді құшақ жая қарсы аламыз.

Есбол Мухамметханұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *