Тіл байлығы

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Әр адам ана тілін қорғауға, оны сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті.

 

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Әр адам ана тілін қорғауға, оны сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті.
1998 жылдың 20 қаңтарында еліміздің сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды. Кейін Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай, Тілдер апталығының 10 күндігі 5 қыркүйектен бастап аталып өтетін болды.
Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда 100-ден асатын ұлттардың кейбірінде ана тілін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді.
Бұл күні барлық облыстарда тілдер апталықтары өтеді. Әсіресе, мектепте «Тілдер апталығы» жаңа оқу жылының шымылдығын ашады. Үш ай демалыстан келген оқушылар үшін мерекелік шараларға қызығушылық танытады. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдарда өнер майталмандарының концерттері, тілді меңгеру бойынша конкурстар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар өтіп жатады. Мұның бәрі еліміздегі бірлік пен келісімнің арқасы деп білеміз.
Қазіргі таңда Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отыр. Бұл – жақсы үрдіс. Этносаралық қатынастар жүйесіндегі ел саясатының жемісі десе болады.
Этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы саналатыны сөзсіз. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие. Этностар арасында мемлекеттік тілді үйрету Ассамблея жұмысындағы басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта Ассамблея жыл сайын қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумын өткізіп келеді. Мемлекеттік тіл ұлт тұтастығының тұғырына айналуы үшін мұндай шара тек форумның аясында қалып қоймай, жаппай ұлттық сипат алғанға дейін жалғастыруы керек-ақ.
Бүгінде басқа ұлттар да біздің тілімізге, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге деген құрметінің белгісі ретінде, тілімізді үйреніп, салт-дәстүрімізді құрметтеп, жергілікті қазақ ұлтымен барынша біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатыр. Солардың бірі – білім саласының маманы Ләзиз Сүлейманов.
«Ұлтым өзбек болғанымен, рухым қазақ» дейді Ләзиз мырза. Киелі оңтүстіктің тумасы болған соң, қазақ тілін ана тілі секілді еркін меңгеруіне қиындық тумапты.
Жастайынан бірнеше тілді еркін меңгерген Ләзиз Сүлейманов мемлекеттік – тіл қазақ тілінің де қанатын одан әрі кең жайып, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлтқа ортақ тіл ретінде дамуына ешқандай кедергі жоқ деп санайды. Тілге деген көзқарас – шын¬дап келгенде, елге деген көз¬қарас екенін естен шығармағанын айтады. Сол үшін қазақ тілін жетік меңгергенін айтады. Кез келген халықтың тарихы мен тағдыры, мәдениеті мен әдебиеті тілінде екенін естен шығармаған жөн дейді Ләзиз Сүлейманов.
2019 жылдың 30 мамырында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақтың бас ақыны Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту жайлы Жарлыққа қол қойды. «Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз», – деді Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды бірнеше іс-шара ұйымдастыру жоспарланды. Дегенмен әлемді жайлаған қатерлі індет біраз шараның өтуіне кедергі келтірді.
Ләзиз Сүлейманов 2020 жылы Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтетініне қуанғанын айтады. Әкесі ҚР Құрметті құрлысшысы, «Құрмет» орденінің иегері Низамхан Сүлеймановтың бастамасымен жаңадан салынған мектепті «Абай мектебі» деп атауды ұйғарған. Ел Президентінің Жарлығынан кейін 2019 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектеп Шымкент қаласындағы Мирас мөлтек ауданыннан салынған. Бұл ауданда адам саны өте тығыз орналасқан. Ауыл ақсақалдарының ұсынысымен салынған жаңа мектеп – заманауи үлгідегі білім беру жүйесіне негізделген қазақ мектебі.
Сүлеймановтар отбасы Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған тартуымыз дейді.
«Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – дейді Президент өз мақаласында.
Сүлеймановтар отбасының тартуы да ұлт болып бірлесуімізге жасалған қадам.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *